Артқа

Құрылтай сайлауы: Саяси партиялар үгіт-насихат науқанын қалай жүргізуі керек

Фото: ОСК

Фото: ОСК

23 шілде күні Астанада 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау науқаны аясында ҚР Орталық сайлау комиссиясының оныншы отырысы өтті. 

Отырыс жұмысына халықаралық байқаушылар, саяси партиялардың, Сыртқы істер, қаржы, ішкі істер, әділет, мәдениет және ақпарат министрліктерінің, БАҚ өкілдері қатысты. Бейнеконференциялық байланыс режимінде облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астананың аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері, облыс әкімінің орынбасарлары қатысты.

Күн тәртібінде бірнеше мәселе қаралды. Соның бірі – Құрылтай депутаттарын сайлауда үгіт материалдарын орналастыру үшін орындарды белгілеу және сайлау алдындағы үгітті жүргізу.

Үгіт материалдарын орналастыру орындары дайын

Отырыс барысында өңірлерде үгіт материалдарын орналастыру орындарын дайындау мәселесі бойынша облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдерінің орынбасарлары есеп берді. Әкімдіктердің мәліметі бойынша, бүгінгі таңда республика бойынша үгіт материалдарын орналастыруға арналған 8 мыңнан астам орын, сондай-ақ сайлаушылармен кездесу өткізуге арналған шамамен 4,5 мың орын дайындалған.

Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров мегаполистер мен халық тығыз қоныстанған өңірлердегі сайлаушылар санын, сондай-ақ қазіргі сайлау науқанының ерекшеліктерін ескере отырып, үгіт материалдарын орналастыруға арналған резервтік орындарды дайындаудың маңыздылығын атап өтті.

«Сайлау туралы Конституциялық заңның нормаларына сәйкес жергiлiктi атқарушы органдар тиiстi аумақтық сайлау комиссияларымен бірлесіп, барлық партиялар үшін үгіт материалдарын орналастыру орындарын белгілейді және оларды жарақтандырады. Үгіт материалдары барлық партия үшін тең құқықтарын қамтамасыз етілетіндей жағдайда орналастырылуға тиіс. Осы сайлау науқанының шеңберінде саяси партияларды ұсыну және тіркеу кезеңдерінде партиялар тарапынан жоғары бәсекелестік пен белсенділік көрсетілгенін ескере отырып, үгіт материалдарын орналастыруға арналған орындар мен үй-жайлардың осы санымен шектеліп қана қоймай қосымша резерв қамтамасыз ету қажет», – деді Нұрлан Әбдіров.

Ол Орталық сайлау комиссиясының мүшелері жиырма өңірді аралап, өз көзімен көретінін атап өтті.

«Шымкент – елімізде ең көп халық шоғырланғн жердің бірі және бұл қалаға келіп жатқан адамдар көп. Алты учаске жабылғанымен, қаншама жаңа учаске ашылып жатыр. Ашылып жатқан учаскелер төңірегінде жаңа микроаудандар ашылып жатыр. Сол жерде көбірек орын қарастырыңыздар. Жеті саяси партияның тізімдері тіркеуден өтті. Осы жеті партияның әрбіріне теңдікті сақтай отыра сайлаушылар таныса алатындай олардың үгіт материалдарын ілетін орын болуы керек», – деді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы.

Үгіт науқанындағы жаңашылдықтар

Комиссия мүшесі Ләззат Сүйіндік қазіргі сайлау науқаны кезіндегі сайлау алдындағы үгітке қатысты заңнамадағы жаңа нормалар туралы баяндады.

Ағымдағы сайлау науқаны шеңберінде сайлау алдындағы үгіттің алдыңғы сайлау науқандарынан айырмашылығы – сайлау заңнамасына енгізілген бірқатар жаңашылдықтардың болуы.

Біріншіден, дауыс беру күні толтырылған сайлау бюллетенін фото немесе бейнетүсірілім жасауға және оны таратуға тыйым салынады. Екіншіден, үгіт материалдарын шарттық негізде орналастыру туралы талап өз интернет-ресурстары мен онлайн-платформалардағы аккаунттарын пайдаланатын саяси партияларға қолданылмайтыны белгіленді.

Үшіншіден, ағымдағы сайлау науқаны үшін арнайы дайындалмаған үгіт материалдарын пайдалануға да тыйым салынады.

«Белгіленген мерзімде, яғни 18 шілдеге дейін 900-ге жуық БАҚ пен онлайн-платформа пайдаланушылары эфир уақытын және баспа бетін ұсыну ақысының мөлшері, шарттары мен тәртібі туралы мәліметтерді ұсынды. Саяси партиялар сайлау алдындағы үгіт материалдарын орналастыру үшін дәл осы БАҚ пен және онлайн-платформаларды пайдаланушылармен шарттар жасаса алады. Жиналыстар, митингілер және демонстрациялар сияқты жария іс-шараларды өткізу тәртібі арнайы заңмен реттеледі. Мұндай іс-шараларды өткізу үшін жергілікті атқарушы органға жүгіну қажет. Сайлаушылармен кездесулер өткізу үшін жергілікті атқарушы органдар саяси партияларға шарттық негізде үй-жайлар ұсынды. Үй-жайларды ұсыну шарттары барлық саяси партиялар үшін бірдей әрі тең», – деді Ләззат Сүйіндік.

Сайлау комиссиялары әкімдіктермен бірлесіп, бөлінген үй-жайларда партиялық тізімге енгізілген кандидаттардың сайлаушылармен кездесу кестесін әзірлейді және оны БАҚ-та жариялайды.

Үгіт-насихат науқаны: не істеуге болады және неге тыйым салынады

Сайлау алдындағы жария іс-шараларды өткізу кезінде сайлау науқаны үшін арнайы дайындалған баспа, оның ішінде иллюстрациялық материалдарды, сондай-ақ омырауға тағатын белгілерді, жалаулар мен жалаушыларды тегін таратуға жол беріледі. Алайда тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді және басқаларды тегін таратуға тыйым салынады. Өйткені бұл жұмыс сайлау алдындағы үгіт болып саналады және оны жүргізуге тыйым салынады.

«Саяси партияларға, сондай-ақ олардың атынан немесе оларды қолдау мақсатында кез келген жеке және заңды тұлғалардың, ойын-сауық және спорттық іс-шараларды ұйымдастыруды қоспағанда, қайырымдылық іс-шараларын өткізуге тыйым салынатынан назар аудару керек. Сайлау алдындағы үгіт жүргізу мерзімдерін, тәртібі мен шарттарын бұзғаны үшін заңды құқықтық жауаптылық көзделген. Тіпті саяси партиялардың тіркеуінің күшін жоюға дейінгі шаралар қолданылуы мүмкін. Сайлау алдындағы үгіт баспа, аудио-визуалды және өзге де үгіт материалдарын шығару және тарату арқылы да жүргізілуі мүмкін», – деді ОСК мүшесі.

Барлық үгіт материалдарында үгіт материалдарын шығарған ұйым туралы, олардың басылып шығарылған орны туралы, таралымы туралы, үгіт материалдарын шығаруға тапсырыс берген тұлғалар туралы, оларды дайындауға төленген қаражат көздері туралы мәліметтер міндетті түрде көрсетілуге тиіс.

Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде үгіттік баспа материалдарын дайындауға, жасырын үгіт материалдарын таратуға, сондай-ақ ағымдағы сайлау науқаны үшін дайындалмаған үгіт материалдарын пайдалануға тыйым салынады. Үгіттік баспа материалдарын орналастыру үшін жергілікті атқарушы органдар арнайы орындарды белгілейді. Сонымен қатар, саяси партиялар жеке меншік иесінің жазбаша келісімімен үгіт материалдарын өзге де орындарда орналастыруға құқылы.

«Саяси партиялардың барлық үгіт материалы сайлау қоры қаражаты есебінен төленеді. Конституциялық заңда осы мақсаттарға өзге қаржы көздерінен қаражат тартуға тыйым салынған. Сондай-ақ сайлау қорының қаражаты есебінен ақысы төленбеген кез келген тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді қабылдауға тыйым салынады. Бұдан басқа халықаралық ұйымдардың, шет мемлекеттердің, шетелдік жеке және заңды тұлғалардың, азаматтығы жоқ адамдардың сайлауды қаржыландыруына, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасындағы сайлауға байланысты іс-шараларды қаржыландыруға және өзге де қамтамасыз етуге тікелей немесе жанама түрде кез келген қатысуына тыйым салынады. Жеке және заңды тұлғалар жүргізуге байланысты қызметтер көрсеткен жағдайда саяси партиялардың мұндай қызметтерді қабылдауға берген жазбаша келісімі болуға тиіс екеніне назар аударамыз», – деді Ләззат Сүйіндік.

Сондай-ақ, Конституциялық заңда сайлау алдындағы үгітті жүргізуге және үгіт материалдарын таратуға тыйым салынатын субъектілердің бірнеше санаты айқындалған. Олар: шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, оның ішінде БАҚ пен халықаралық ұйымдар, мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары және олардың лауазымды адамдары қызметтік міндеттерін атқару кезінде, әскери қызметшілер, ұлттық қауіпсіздік органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және судьялар, сайлау комиссияларының мүшелері, діни бірлестіктер.

«Дауыс беру күні толтырылған сайлау бюллетенінің фото немесе бейнетүсірілімін жүзеге асыруға, сондай-ақ оны таратуға тыйым салынады. Бұл норма саяси партияларды жария түрде қолдауды көрсетуге жол бермеуге бағытталған және еркін әрі жасырын дауыс беруді, сайлау процесіне қатысушылардың барлығы үшін тең жағдайларды, сондай-ақ сайлаушылардың еркін ерік білдіруін қамтамасыз етуге арналған. Сонымен қатар, шарттық негізде үгіт материалдарын орналастыру туралы талап өздерінің интернет-ресурстары мен онлайн-платформалардағы аккаунттарын пайдаланатын саяси партиялар мен кандидаттарға қолданылмайды. Бұдан бөлек, үгіт материалдарына қойылатын қосымша талаптар енгізілді. Атап айтқанда, бұрыннан қолданыста болған Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде үгіт материалдарын дайындауға және жасырын үгіт материалдарын таратуға тыйым салумен қатар, енді ағымдағы сайлау науқаны үшін дайындалмаған үгіт материалдарын пайдалануға да тыйым салынды», – деп атап өтті ОСК мүшесі Ләззат Сүйіндік.

БАҚ нені ескеруі қажет

ОСК отырысында Ләззат Сүйіндік сайлау науқанын объективті түрде ақпараттандырудың маңыздылығына тоқталды. Ол кандидаттың немесе саяси партияның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін үгіт материалдарын жариялаудан бас тартуға, бірдей көлемде теріске шығару хабарлары мен материалдарын тегін жариялау мүмкіндігін ұсынуға шақырды.

«Сайлау науқанына дайындық аясында Орталық сайлау комиссиясы сайлау процесіне қатысушылардың барлығы үшін түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Атап айтқанда, 3 шілдеде саяси партиялардың өкілдеріне, 22 шілдеде Құрылтай депутаттарын сайлауды дайындау және өткізу мәселелері бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған семинарлар ұйымдастырылды. Сайлау күні және дауыс беру күнінің алдындағы күні кез келген сайлау алдындағы үгітке тыйым салынады. Дауыс беру күнінің алдындағы бес күн ішінде және дауыс беру күні бұқаралық ақпарат құралдарында және онлайн-платформаларда қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін, сайлау қорытындыларына қатысты болжамдарды, сайлауға байланысты өзге де зерттеулерді, сондай-ақ кандидаттарды немесе саяси партияларды қолдауға арналған дауыс берулерді жариялауға жол берілмейді», – деп еске салды ОСК мүшесі.

Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов үгіт кезеңінде саяси партиялардың қызметін тең дәрежеде жариялаудың маңыздылығына, сондай-ақ азаматтардың сайлау құқықтарын кең аудиторияға түсіндіруге бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізудің өзектілігіне тоқталды.

«Сайлауға қатысты министрлік алдында бірқатар негізгі міндеттер тұр. Бірінші міндет – сайлау кезіндегі бұқаралық ақпарат құралдарының сайлау заңнамасы талаптарын сақтауын қамтамасыз ету қажеттілігі. Үгіт кезінде министрлік ақпарат кеңістігіне тұрақты мониторинг жүргізеді. Мониторинг кезінде республикалық және өңірлік, дәстүрлі БАҚ, ақпараттық интернет ресурс және әлеуметтік медиа қамтылады. Сондықтан сайлауға қатысушалрдың сайлау заңнамасын сақтауы өте маңызды. БАҚ назарын партиялардың қызметін жариялау кезінде келесі маңызды сәттерге аударғым келеді. Жаңалықтар мен аналитикалық бағдарламаларда тікелей үгіт-насихатқа тыйым салынады. Баннерлерде және материалдарды түсіндіру кезінде «дауыс беріңіздер», я  болмаса «таңдаңыздар» деген сөздер, сөз тіркестер, сондай-ақ партияларды қолдауға шақыратын ұрандар болмауы керек. Мақұлдау белгілерін білдіретін кез келген графика элементтері, партия атауының жанындағы шаршыдағы белгілер, партия атауының қарама-қарсы белгісі бар бюллетендер еліктеу үгіт ретінде қарастырылады және оған тыйым салынады», – деді Қанат Ысқақов.

Бірінші вице-министр үгіт кезінде партияның ресми атауын және тіркелген символизм, яғни логотипін көрсетуге, үгіт белгілерінсіз партияның қызметі туралы, бұқараға белгілі фактілер жариялауға рұқсат етілетінін атап өтті. Қандай да бұзушылық анықталған жағдайда фактілер тіркеліп, Бас прокуратураға жіберіледі. Сондай-ақ бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы хабардар етіледі. Бұзушылық анықталса әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

«Сайлауалды үгіт кезінде екінші міндет – партиялардың қызметін біркелкі жариялауды қамтамасыз ету. Кейбір жағдайда бір басылым не телеарна тек бір партияның ғана қызметі туралы ақпарат таратып, қалған партияларды назардан тыс қалдырады. Біздің басты міндетіміз – осындай келеңсіздікке жол бермеу», – деді Қанат Ысқақов.

Отырыс соңында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров 23 шілде күні сағат 18.01-ден бастап Құрылтай депутаттығына кандидаттар сайлау алдындағы үгіт жұмыстарын бастауға құқылы екенін атап өтті.

«Бұл – электораттық науқанның қызықты және маңызды кезеңдерінің бірі. Кандидаттардың сайлау алдындағы үгіт жүргізуі үшін бұқаралық ақпарат құралдарына қол жеткізуінің тең жағдайына кепілдік беріледі. Сайлау органдары сайлау науқанының барлық кезеңдерін заңнамаға қатаң сәйкес түрде, ашық әрі әділетті бәсекелестікті қамтамасыз ете отырып өткізу үшін барлық жағдайды жасауға тиіс. Құрылтай депутаттығына кандидаттарды, сондай-ақ олардың сенім білдірген адамдарын, кандидаттардың және саяси партиялардың сайлау алдындағы штабтарын, сонымен бірге бұқаралық ақпарат құралдарын үгіттік іс-шараларды сайлау заңнамасы шеңберінде жүргізуіне назар аударғым келеді. Сайлау алдындағы үгіт жүргізу тәртібін және ережелерін бұзған жағдайда сайлау комиссиясы кандидатты тіркеу туралы шешімінің күшін жоя алатынын тағы да ескертемін», – деп сөзін түйіндеді Нұрлан Әбдіров.

Кандидаттар 23 шілдеден бастап бір ай бойы өңірлерді аралап, халыққа сайлауалды бағдарламасын таныстырады. Үгіт-насихат науқаны 22 тамыз түнгі сағат 12.00-ге дейін жалғасады. Заңға сәйкес, мына төрт тәсіл арқылы үгіт жүргізуге рұқсат етіледі. Олар: БАҚ пен онлайн платформалар арқылы, жария іс-шаралар өткізу және үгіт материалдарын тарату жолымен жүзеге асырылады.