Артқа

Құрылтай сайлауына он күн қалды: Тоқаев Орталық сайлау комиссиясының төрағасын қабылдады

Фото: Ақорда

Фото: Ақорда

Бүгін, 13 тамыз күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровті қабылдап, Құрылтай сайлауының дайындығын пысықтаған. 

Ақорда хабарлап отырғандай, Әбдіров президентке тура он күннен кейін, яғни, 23 тамыз күні өтетін Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына дайындық барысы туралы мәлімет берген.

Президент бұл сайлау науқанының тарихи сипаты мен қоғамдық-саяси маңызы айрықша екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауды «Заң мен тәртіп» қағидаты негізінде ашық әрі барлық қатысушыға тең жағдай жасау арқылы өткізу қажеттігіне баса назар аударды.

Орталық сайлау комиссиясының мүшелері аймақтарда

Бүгін сондай-ақ ОСК төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман Қызылорда облысына сапарлап, сайлау учаскелерінің дайындығын тексерді. Ерман облыс басшылығының, құқық қорғау органдарының, Қызылорда қаласы мен барлық аудандардың аумақтық сайлау комиссиялары өкілдерінің қатысуымен жұмыс кеңесін өткізді. Кеңесте Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы, прокуратура және полиция департаментінің өкілдері, сондай-ақ өңірдің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Кеңеске қатысушылар сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық жарақтандырылуын және онлайн-сервистердің жұмысын да талқылады.

«Учаскелік сайлау комиссияларының жұмысын сапалы ұйымдастыруға, азаматтарға дауыс беру құқығына арналған есептен шығару куәліктерін беруге ерекше назар аудару қажет. Әрбір сайлаушыға сайлауға шақыруды уақытылы табыстау және дауыс беруге қолайлы жағдай жасау маңызды. Сонымен қатар сайлау учаскелерінің интернет желісіне сапалы қосылуын қамтамасыз ету қажет. Әсіресе азаматтарды уақытша тіркеу бойынша онлайн-сервистер іске қосылатын учаскелерге ерекше мән берген жөн», - деп атап өтті Мұхтар Ерман.

 Президент Батыс Қазақстан облысының әкімін қабылдады

Бүгін сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевті қабылдап, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есепбін тыңдаған.

Нариман Төреғалиевтің айтуынша, өңірлік жалпы өнім көлемі үш жылда 13,6 пайызға ұлғайып, 2026 жылдың 1 қаңтарында 5 триллион теңгеге жеткен. Жуырда Қарашығанақ кен орнында қуаттылығы жылына 5 миллиард текше метр газ өңдеуге жететін зауыт құрылысы басталады. Инвестициялық жоба құны – 1,7 триллион теңге.

Президент облыс әкіміне өңірді одан әрі дамыту, коммуналдық инфрақұрылымды жедел жаңғырту және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру жұмысын жалғастыруды тапсырды.