Артқа

Құрылтай жанынан 50 адамнан тұратын Қоғамдық палата құрылады: ол немен айналысады?

Фото ИИ. Курылтай

Фото ИИ. Курылтай

Құрылтай жанынан 50 адамнан тұратын Қоғамдық палата құру ұсынылды. Бұл бастаманы Құрылтай отырысында депутат Айдос Сарым көтерді. Оның айтуынша, жаңа палата депутаттардың сарапшылармен, ғалымдармен, азаматтық қоғам өкілдерімен, кәсіби ұйымдармен және өңірлердегі мамандармен тұрақты түрде пікір алмасуына мүмкіндік береді.

 

Сарымның пікірінше, мұндай байланыс заң қабылдау кезінде маңызды. Себебі заң жобасын әзірлегенде тек депутаттардың емес, белгілі бір салада жұмыс істейтін мамандардың да пікірін ескеру қажет.

 

Бұған дейін мұндай жұмыс қалай жүргізілді?

 

Айдос Сарым мұндай тәжірибе парламентте бұрыннан болғанын айтты. Бұған дейін Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата мен Сенат жанындағы Сарапшылар клубы жұмыс істеген.

 

Оның айтуынша, бұл алаңдар арқылы заң жобаларын талқылауға ғалымдар, сарапшылар, қоғам белсенділері және ҮЕҰ өкілдері тартылған.

 

«Аталған алаңдар жемісті диалогқа, құжаттарды мұқият пысықтауға жол ашып, өзінің қажеттілігін көрсетті», – деді депутат.

Сарымның сөзінше, енді осы тәжірибені Құрылтайда жалғастыру ұсынылып отыр.

 

Заң жобалары алдын ала талқыланады 

 

Қоғамдық палатаның басты жұмыстарының бірі – заң жобаларын ерте кезеңде талқылау. Сарым мұны «нөлдік оқылым» кезеңінде жүргізуді ұсынды. Яғни, заң жобасы толық дайын болып, қабылдауға жақындаған кезде емес, оны әзірлеудің бастапқы кезінде сарапшылар мен қоғам өкілдері пікір айта алады.

 

Депутаттың айтуынша, осы кезде құжатқа қажет өзгерістерді енгізу оңайырақ.

«Бұл ең маңызды заңнамалық бастамалар бойынша балама ұстанымдарды, кәсіби бағалауларды, ықтимал ескертулер мен ұсыныстарды алдын ала ескеруге мүмкіндік береді», – деді ол.

 

Сарымның пікірінше, қоғам дайын заңға ғана пікір білдірмеуі керек. Азаматтардың ұсынысы заң жобасы жасалып жатқан кезде де ескерілуі қажет.

«Заңнамалық тәсілдер қалыптасып жатқан кезеңнің өзінде қоғамның оларды талқылауға нақты қатысуына мүмкіндік жасау қажет», – деді Айдос Сарым.

 

Яғни, депутат ұсынып отырған модельде қоғамның пікірі заң дайын болғаннан кейін емес, оны жазу барысында ескерілуі керектігін айтты.

 

Палата тек заңдарды талқыламайды

 

Қоғамдық палата тек заң жобаларын талқылайтын орган болмайды. Баяндамада оның алаңында елдегі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелерді де талқылау ұсынылған. Мысалы, қоғамда пікірталас туғызған немесе сарапшылардың бағасын қажет ететін мәселелерді осында көтеруге болады.

Сарымның айтуынша, палатаның негізгі міндеттерінің бірі – Құрылтай мен қоғам арасында тұрақты байланыс орнату.

 

«Қоғамдық палатаның консультативтік-кеңесші орган ретіндегі негізгі міндеті – қоғамдық сараптаманы, кәсіби диалогты және Құрылтай мен қоғам арасындағы тұрақты кері байланысты қамтамасыз ететін нақты жұмыс тетігіне айналу», – деді ол.

Қарапайым тілмен айтқанда, палата қоғамда көтерілген мәселелерді Құрылтайға жеткізіп, депутаттарға сарапшылар мен азаматтардың пікірін ескеретін мүмкіндік беретін алаң болуы тиіс.

 

Қоғамдық палата құрамына кімдер кіреді? 

 

Ұсыныс бойынша Қоғамдық палата 50 адамнан тұрады. Оның құрамына Құрылтайдағы барлық партия фракцияларының депутаттары, сарапшылар, азаматтық қоғам өкілдері, ҮЕҰ, кәсіби ұйымдар, өңірлердің өкілдері және түрлі саланың мамандары кіруі мүмкін.

 

Қажет болса, белгілі бір мәселені талқылау үшін басқа ғалымдар мен мамандарды да шақыру ұсынылған. Яғни, палатада тұрақты мүшелер болады, ал нақты тақырыпқа байланысты сырттан қосымша сарапшылар тартылады.

 

Сарапшылар депутаттармен бірге жұмыс істейді

 

Сарым Қоғамдық палатаның Құрылтайдың тұрақты комитеттерімен бірге жұмыс істеуін ұсынды.

Оның айтуынша, сарапшылар заң жобаларын талқылауға қатысып қана қоймай, депутаттармен бірге жұмыс істеп, нақты ұсыныстар енгізуі керек.

 

«Сарапшылар заң жобаларын талқылау процесіне тікелей қатысып, депутаттармен бірлесіп жұмыс істеуге, нақты ұсыныстар енгізуге мүмкіндік алуға тиіс», – деді депутат.

Осылайша, сарапшылардың ұсынысы жай ғана пікір ретінде қалмай, заң жобасын талқылау кезінде қаралуы мүмкін.

 

Негізгі мақсат – заңның сапасын арттыру

 

Сарымның пікірінше, Қоғамдық палатаны құрудың басты мақсаты – заңдардың сапасын көтеру.

 

Ол үшін заң жобаларын алдын ала талқылап, әртүрлі пікірді тыңдап, қоғамның ұсыныстарын ескеру ұсынылып отыр.

 

«Мұндай алаң заң шығару жұмысын неғұрлым ашық әрі мазмұнды етуге, түрлі ұстанымдарды ескеруге және ең бастысы, азаматтардың нақты сұраныстарына жауап беретін заңдардың сапасын арттыруға мүмкіндік береді деп сенемін», – деді ол.

 

Айбар Олжаев: Заң жобаларын қабылдамас бұрын «нөлдік сараптама» қажет

 

Қаржы сарапшысы Айбар Олжаевтың пікірінше, заң жобасының сапасы тек мемлекеттік институттардың жұмысына ғана емес, қоғам өмірінің барлық саласына әсер етеді. Оның айтуынша, экономика, қаржы, қорғаныс, білім беру сияқты маңызды бағыттарда қабылданатын заңдар өзге нормативтік актілермен үйлесімді болуы керек.

 

«Заң жобасының барынша сапалы болуы біз үшін тек институционалдық емес, жалпы өміріміздің барлық саласына, оның ішінде экономика, қаржы, қорғаныс, білім беру сияқты маңызды салалардың бәріне тікелей қатысты. Өйткені, сапасыз заң қабылданып кетсе, кейін оның сапасыз екенін анықтап, қайта өзгерту үшін басқа заңдардың жұмысын бұзады. Бұл бюрократияны күшейтеді, ырғақты бұзады. Мемлекеттің күнделікті тынысын бұзуы мүмкін», – дейді Айбар Олжаев.

Сарапшы заң жобасын қабылдамас бұрын оның қолданыстағы заңдарға және нормативтік актілерге қайшы келмейтінін тексеру қажет деп санайды.

«Заңның барынша сапалы болуы, оның басқа заңдарға, басқа нормативтік актілерге қарама-қайшы келмеуі, барлық сараптамадан өтуі өте маңызды. Сондықтан, мұндай кеңестің заңдарды қабылдамай тұрып, нөлдік деңгейде тексеріп алуы біз үшін өте керекті нәрсе», – деді ол.

Оның айтуынша, бұған дейін Мемлекет басшысы да заңнаманы талдау кезінде жасанды интеллект мүмкіндігін пайдалануды ұсынған. Мыңдаған заңның арасынан өзара қайшылықтарды немесе қажетсіз нормаларды технология арқылы жылдам анықтап, соңғы шешімді адам қабылдайтын жүйе құруға болады.

 

Сарапшы Қоғамдық палатаның «нөлдік сараптама» жүргізуіне де осы тәсіл үйлесетінін айтады. Оның пікірінше, заң жобасы алғашқы талқылауға шығарылып, жұмыс топтарына берілмей тұрып, қоғам өкілдері мен сарапшылардың қарауынан өтуі оның сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

«Көп заңды құзырлы органдардың өздері әзірлейді. Сол заңмен кейін жұмыс істейтін адамдардың өздері дайындайды. Әрине, олар өздеріне ыңғайлы тетіктерді енгізуі мүмкін. Бірақ, ол басқа заңдардағы талаптарға қайшы келуі ықтимал. Осы жерде Қоғамдық палата оны анықтау функциясын атқара алады. Сондықтан, Қоғамдық палата құру – өте жақсы идея», – дейді ол.