Артқа

Құрылтай жанынан Қоғамдық палата құрылады – оның мақсаты қандай 

Фото: Құрылтай

Фото: Құрылтай

Бүгін Құрылтайдың кезекті жалпы отырысы өтті. Депутаттар бірнеше сұрақты қарады. Және әртүрлі органдарға он беске жуық депутаттық сауал жолдады. Бұдан өзге Құрылтай қабырғасында журналистерге арналған бір емес, екі брифинг өтіп, БАҚ өкілдері сұрақтарын қойды. 

Құрылтайдың күн тәртібі 

Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында мынандай үш мәселе қаралды:

  • «1994 жылғы 15 сәуірдегі Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісіміне Қазақстан Республикасының қосылуы туралы хаттамаға қосымша болып табылатын Көрсетілетін қызметтер бойынша Қазақстан Республикасының ерекше міндеттемелерінің тізбесіне өзгерістерді ратификациялау туралы» заң жобасы, І оқылым
  • «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкіметі арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы, І оқылым
  • I шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының жанынан Қоғамдық палата құру туралы

Құрылтай жанынан Қоғамдық палата құрылады

I шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының жанынан Қоғамдық палата құру туралы Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Айдос Сарым баяндама жасап, қоғамдық палатаның мақсат-міндетіне тоқталды. 

Оның айтуынша, Қоғамдық палата депутаттардың сарапшылармен, ғалымдармен, азаматтық қоғам, кәсіби бірлестіктер және өңірлер өкілдерімен тікелей өзара іс-қимыл жасайтын тұрақты жұмыс алаңына айналуға тиіс. Оның құрамына 50 адам енгізу көзделіп отыр.

Палатаның негізгі міндеттерінің бірі – заң жобаларын «нөлдік оқылым» сатысында қоғамдық және сараптамалық зерделеу. Бұл заң жобаларын әзірлеу кезеңінде кәсіби ұсынымдарды, балама ұстанымдар мен ұсыныстарды ескеруге мүмкіндік береді.

Қоғамдық палата алаңында еліміздің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері де талқыланады.

Алдағы уақытта Құрылтай Бюросы Қоғамдық палата туралы ережені бекітіп, оның құрамын айқындауға және басшылық лауазымдарға тағайындау жүргізуге тиіс.

Журналистерге арналған екі брифинг өтті 

Бүгін сондай-ақ Құрылтайдың жалпы отырысының арасында журналистерге арналған екі брифинг өтті. Яғни, алғашқы сұрақтан кейін Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, депутат Динара Райханова (жұмыс тобының жетекшісі) мен Алмат Әбдікешов журналистердің осы тақырыпқа қатысты сұрағын тыңдады. Айта кетейік, Шаққалиев бүгін Құрылтай депутаттарының алдында  «1994 жылғы 15 сәуірдегі Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісіміне Қазақстан Республикасының қосылуы туралы хаттамаға бойынша баяндама жасаған еді. 

Екінші брифинг Құрылтай жанынан құрылатын Қоғамдық палатаға қатысты болды. Бұл брифинг кезінде журналистердің сұрақтарына депутат Айдос Сарым, Тілектес Адамбеков, Лаура Қарабасовалар жауап берді.

Айдос Сарым журналистердің сұрағына жауап бере келе, Қоғамдық палатаға кіретін сарапшылар мен депутаттардың мүддесі бір. Яғни, олар бір-бірімен емес, керісінше, палата мүшесі Үкіметпен «айтысуға» келеді. 

Бұл Қоғамдық палатаның жұмысына қосымша қаржы бөліне ме деген сұраққа жауап бере келе, Айдос Сарым былай деді: 

«Құрылтайдың өзінің жұмысына бөлінетін қаржысы бар. Соның аясында жұмысы жүріп отырады», - деді Сарым.