Артқа

Құрылтай жанынан қоғамдық қабылдау құрылды: қос палаталы Парламенттен артықшылығы қандай?

қоғамдық қабылдау

қоғамдық қабылдау

І шақырылымдағы Құрылтай жанынан азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын қабылдайтын ресми қоғамдық қабылдау бөлмесі өз жұмысына кірісті. Бұл шешім Құрылтай спикері Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен Бюро отырысында қабылданды.

 

Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында құрылған бұл орталық тұрғындар мен депутаттар арасындағы тікелей байланысты нығайтуға бағытталған. Жаңадан ашылған қабылдау бөлмесі бұрынғы Парламент жанындағы азаматтарды қабылдау форматтарынан ерекшеленіп, цифрлық технологияларды кеңінен қолдануға және заң жобаларын сараптаумен айналысатын 50 адамнан тұратын Қоғамдық палатамен тығыз жұмыс істеуге негізделген.

 

Өтініш беру жолдары мен тәртібі

 

Азаматтар депутаттардың жеке қабылдауына өтінішті бірнеше ыңғайлы тәсіл арқылы жолдай алады:

 

 

·                  Электронды түрде: Құрылтайдың ресми сайтындағы «Қоғамдық қабылдау» бөлімі арқылы онлайн өтініш қалдырып, оның мәртебесін бақылауға болады.

 

·                  Жазбаша немесе қолма-қол: Өтінішті ресми қағаз түрінде немесе qabyldau@quryltai.kz электронды поштасы арқылы жіберуге болады.

 

·                  Тікелей ауызша жүгіну: Қоғамдық қабылдау бөлмесіне келіп немесе 74-64-71 байланыс телефоны арқылы хабарласып, алдын ала жазылуға болады.

Депутаттың қабылдауына жазылу үшін мына (Қоғамдық қабылдау) сілтемеге өтіп, жазылу батырмасын басасыз. Сол кезде күнтізбе шығады. Әр күнге депутат бекітілген. Күнтізбеден күнді және уақытта таңдап, аты-жөніңізді, телефон нөміріңіз бен электронды поштаңызды жазасыз. Содан соң қысқаша өтініш мәнін жазып, дербес деректеріңізді өңдеуге келісім беріп, өтінімді жолдайсыз. 

Дәл осы беттен өтінім нөмірін теріп, жазылу сатысын тексере аласыз. 

 

Үйлестіруші депутаттар және кесте

 

Мәселесін шеше алмай жүрген қазақстандықтар енді Құрылтай депутаттарының қабылдауына жазылып, арыз-шағымын айта алады. Құрылтайдың қоғамдық қабылдауы 14 қыркүйектен бастап жұмысына кірісті.

 

Қоғамдық қабылдаудың жұмысын үйлестіруді Құрылтай депутаттары Константин Авершинге, Айжан Аймағановаға және Шолпан Кариноваға жүктелді. Авершин ұйымдастыру және үйлестіру мәселелеріне жауап берсе, Аймағановаға құқық қорғау мен заң саласы, ал Шолпан Кариноваға әлеуметтік сала жүктелді.

 

«Құрылтайдың Қоғамдық қабылдауының ашылуы Мемлекет басшысының «халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру жөніндегі бастамасын іске асыру жолындағы маңызды қадам екенін атап өткім келеді. Бұл азаматтармен тікелей қарым-қатынас орнатуға, олардың өтініштері мен ұсыныстарын зер салып қарауға, сондай-ақ қоғам мен мемлекеттің тиімді өзара байланыс жасауына арналған алаң болмақ», – деді Құрылтай төрағасының орынбасары Динара Зәкиева.

 

Вице-спикер қоғамдық қабылдаудың жұмысын үйлестіруге ұсынылған депутаттарды іріктеу кезінде олардың кәсіби тәжірибесі ескерілген. Сондай-ақ, депутаттардың азаматтарды қабылдауын ұйымдастыру және өткізу қағидалары әзірленді. Депутаттардың қабылдау кестесі барлық фракциялар және комитеттермен келісіліп, Құрылтайдың ресми сайтында тұрақты түрде жарияланады.

 

«Құрылтай жанындағы депутаттардың қоғамдық қабылдауы – азаматтардың мұң-мұқтажын, олардың тыныс-тіршілігін, күнделікті сұраныстарын біліп отыруға бағытталған нақты құрылым. Сонымен бірге қоғамдық қабылдауға келген Қазақстан азаматтарының әлеуметтік-экономикалық, басқа да проблемаларын заң аясында шешудің басты тетігі болып отыр. Сондықтан Құрылтай депутаттары қоғамдық қабылдауды сапалы өткізуді өздерінің азаматтық және депутаттық парызы деп есептейді», – деп пікір білдірді Құрылтай депутаты Ерлан Сайыров

.

Қос палаталы Парламенттегі қабылдаудан айырмашылығы қандай?

 

Бұрынғы екі палаталы Парламентте де азаматтарды қабылдау жүйесі болды және ол белсенді жұмыс істеді. Алайда оның форматы қазіргі Құрылтай жанындағы біртұтас Қоғамдық қабылдаудан біршама ерекшеленді. 

 

Бұрынғы Парламенттегі қабылдау жұмысының негізгі ерекшеліктеріне тоқталсақ, депутаттардың халықпен байланысы көбіне өздері мүше болған саяси партиялардың қоғамдық қабылдау бөлмелері арқылы жүзеге асырылды. Мысалы, ең ірі фракция саналған «AMANAT» партиясының республика бойынша жүздеген аймақтық қабылдау бөлмелері болды.

 

Депутаттар кесте бойынша осы орталықтарда азаматтарды жеке қабылдап, тұрғын үй, әлеуметтік көмек, инфрақұрылым сияқты күнделікті тұрмыстық мәселелерді тыңдады. 

 

Депутаттар Парламент сессияларының арасындағы үзілістерде өңірлерді аралап, есеп беру кездесулерін өткізді. Ауылдар мен аудандар мәдениет үйлерінде, зауыттарда халықпен тікелей кездесулер ұйымдастырып, сол жерде тұрғындардың мұң-мұқтажын, арыз-шағымдарын тыңдады. 

 

Парламент палаталарының ресми сайттарында әр депутаттың жеке блогы мен байланыс деректері болды. Азаматтар депутаттарға блог арқылы немесе палаталардың жалпы кеңсесіне ресми хат жолдау арқылы өз сұрақтарын жібере алады.

 

Одан бөлек, Мәжіліс жанында сарапшылар мен қоғам белсенділерін тартатын Қоғамдық палата жұмыс істеді. 

 

Парламент пен Құрылтайдың қоғамдық қабылдауындағы басты айырмашылық мынада: бұрын қабылдаулар әр палатаның, әр партияның немесе әр депутаттың өз бетінше ұйымдастыруымен шашыраңқы сипатта өтсе, қазіргі Құрылтай жанындағы қоғамдық қабылдау барлық фракциялар мен комитеттерді бір орталыққа біріктірген біртұтас, жүйелі алаңға айналды.

Бұрын нақты бекітілген жеке үйлестіруші депутаттар болмады. Жұмыс жалпы палата хатшылықтары арқылы ұйымдастырылды. Ал Құрылтайда жұмысты арнайы салалық тәжірибесі бар депутаттар үйлестіреді.

 

Саясаттанушы, саясаттану және дінтану институтының жетекші ғылыми қызметкері Нұркен Айтымбетов бұл қоғамдық қабылдау бұрынғы партиялық қабылдаулардан жай ғана атымен емес, затымен де ерекшеленетінін әрі депутаттар азаматтарға бір қадам болса да жақындай түсенін атап өтті. 

 

«Құрылтай төрағасының тапсырмасы бойынша қоғамдық қабылдауда депутаттардың азаматтарды қабылдаудың ережесі мен кестесі бекітіліп, әрқайсымкен келісіліп, Құрылтайдың ресми сайтында орналастырылады. Кез келген азамат электронды өтініш жолдау арқылы немесе қолма-қол өтініш беру арқылы депутаттың қабылдауына жазылып, мәселесін шешуге, талқылауға мүмкіндік алды. Бұрынғы партиялық жүйеден қазіргі Құрылтайдың негізгі айырмашылығына келер болсақ, азаматтардың нақты бір партияға емес тікелей заң шығару органының депутаттарына жүгіну мүмкіндігі кеңейе түседі», – деді саясаттанушы.

 

Қос палаталы Парламентте әр партия мен депутат қабылауды өз жоспары мен өңірлерге жасайтын сапар кестесіне сай жеке-жеке жүргізсе, Құрылтайда төрағаның тапсырмасымен арнайы қағидалар әзірленді. Депутаттардың қоғамдық қабылдау бірыңғай кестесі Құрылтайдың ресми сайтында жарияланған.  

Мәжіліс пен Сенат жұмысында өтініштер негізінен жеке немесе тұрмыстық мәселелерді шешуге бағытталса, Құрылтайда nұрғындардың ұсыныстары мен бастамалары заң жобаларын ресми қабылдағанға дейін сараптайтын жаңадан құрылған Қоғамдық палатаға тікелей жолдана алады

.

Нұркен Айтымбетов қоғамдық қабылдау азаматтардың жеке мәселесін қарайтын орган болып қалмауы керек екенін, өтініштерден жүйелі проблемаларды анықтап, сол мәселелерді депутаттардың алдағы заң шығару жұмыстарында ескеруі және азаматтармен бірге көтерген кез келген проблеманы аяғына дейін шешуге атсалысуы керек екенін айтты.

 

«Қоғамдық қабылдау тек өтініш қабылдайтын бөлме ғана емес, ол қоғамдағы проблемаларды заң шығарушы органға жеткізетін кері байланыс тетігіне айналуы қажет. Сондықтан жаңа қоғамдық қабылдаудың ерекшелігін оның атауынан емес, кейінгі жұмыс нәтижесімен бағалау маңызды. Қанша азамат қабылданды, олар қандай мәселелер көтерді, бұл мәселелер қалай шешілді және азаматтардың қандай ұсыныстары депутат сауалына айналды, яғни ол мәселе қаншалық деңгейде көтерілгені ескеріліп, тіркелуі керек деп санаймын. Осы көрсеткіштер бұрынғы қабылдау форматынан институционалдық тұрғыдан қаншалық ерекшеленетінін көрсетеді», – деді Нұркен Айтымбетов.

 

Саясаттанушының айтуынша, Құрылтай жанынан ашылған қоғамдық қабылдау бұрынғы партиялық қабылдау бөлмелерінен өзінің қызметі мен тиімділігі жағынан ерекшеленеді. 

 

«Ол партиялық мүдделер мен саяси шектеулерден тыс жалпыұлттық деңгейдегі ашық және тікелей диалог алаңына айналуы керек. Азаматтардың ұсыныстары мен мәселелерін заң шығару деңгейіне тікелей жеткізу қоғамдық қабылдау арқылы жүзеге асырылуы керек. Бұл азаматтар мен билік арасындағы кері байланысты жақындатып, мәселелерді талқылайтын үлкен алаңға айналады деп сенемін», – деді саясаттанушы. 

 

Бұрынғы жүйеде халықпен жұмыс көбіне партиялық қабылдау бөлмелеріне немесе депутаттардың өңірлерге іссапарларына тәуелді болса, қазіргі Құрылтай жанындағы жүйе азаматтардың ұсыныстарын заң шығару процесіне тікелей әрі жедел интеграциялауға бағытталған.