Құрылтай желтоқсанда өтетін тыңдауға қызу дайындалып кетті –ұсыныстар қабылдана бастады
Жарияланған күні:
Фото: Құрылтай
Құрылтайдың Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмедиев желтоқсан айында өтетін цифрландыру және жасанды интеллект мәселелері жөніндегі Құрылтай тыңдауына отандық IT пен ЖИ мамандарын белсенді қатысуға шақырды. Бұл бағытта еліміздің цифрлық әлеуетін арттыруға бағытталған нақты жобалар мен ұсыныстар талқыланады.
«Цифрландырудың нәтижесі нақты болуы керек. Өндірістің өсуі, шығындардың төмендеуі, кәсіпорындар кірісінің артуы және экспорттық мүмкіндіктердің кеңеюі үшін нақты жобалар қажет. Алдағы тыңдауда осы мәселелерді анықтап қана қоймай, оларды шешудің нақты жолдарын ұсынуға тырысымыз», – деді комитет төрағасы.
Тыңдаудың басты бағыттары мен жұмыс форматтары
Іс-шараның негізгі мақсаты – цифрландыру деңгейін жай ғана бағалау емес, экономиканың нақты секторларын дамытатын технологиялар мен тиімді тетіктерді айқындау.
Жұмыс топтары: Бизнес өкілдері, ғалымдар, IT-мамандар және салалық сарапшылардан арнайы топтар жасақталып, әр саланың түйінді мәселелері жіті зерттеледі.
Түрлі санаттағы жобалар: Кәсіпорындардың өз күшімен атқаратын бастамалары, мемлекеттік қолдауды қажет ететін бағыттар және заңнамалық өзгерістерді талап ететін мәселелер сараланады. Шетелдегі тәжірибелі отандастар да бұл процеске қатыса алады.
Ұсыныстарды қабылдау және стратегиялық маңызы
Құрылтай тыңдауларына дайындық аясында азаматтар мен сарапшылар 5–10 қазан аралығында өз жобалары мен ұсыныстарын Құрылтайдың ресми quryltai.kz сайты арқылы жолдай алады. Ол үшін сайттың басты бетіндегі тиісті баннерді басып, қажетті бағыт бойынша жұмыс тобын таңдау жеткілікті. Ал 11 қазаннан бастап келіп түскен ұсыныстар жүйеленіп, жұмыс топтарының қатысуымен қарала бастайды.
Бұл бастама Мемлекет басшысы жариялаған «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» мен 2029 жылға дейінгі «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясы аясында жүзеге асырылуда. Жақында күшіне енетін «Жасанды интеллект туралы» алғашқы заң бұл процестердің құқықтық негізін нығайтып, технологияларды қауіпсіз әрі тиімді қолдануға тың серпін бермек.