Артқа

Құрылтайдағы әйелдердің үлесі 33 пайыздан асып, рекордқа жетті. Бұл нені білдіреді?

Фото Құрылтайдағы әйелдердің үлесі

Фото Құрылтайдағы әйелдердің үлесі

Құрылтайдағы әйелдердің үлесі 33 пайыздан асып, рекордқа жетті. Бұл нені білдіреді?

 

2026 жылғы 23 тамызда алғашқы Құрылтай сайлауы өтіп, сайлау қорытындысы бойынша бес пайыздан артық дауыс жинаған саяси партиялар мандатқа ие болды. Сайлау өткен соң партиялар Құрылтайдың бірінші шақырылымындағы депутаттарының тізімін бекітті. Жаңа бірпалаталы заң шығарушы орган – Құрылтайда 145 депутаттың 49-ы, яғни 33,8 пайызы әйелдер болды. Бұл – Қазақстан тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.

●                «Ауыл» партиясынан 10 депутат сайланса, оның төртеуі – әйел адам;

●                Жалпыұлттық социал-демократиялық партия 8 мандатқа ие болса, оның үшеуі әйел адам;

●                «Ақ жол» Қазақстанның Демократиялық партиясы 8 мандат алып, екі әйел адам депутат болды;

●                «Respublica» партиясы 9 мандатқа ие болса, үш әйел адам депутат болып сайланды;

●                Ең көп мандатқа ие болған «Әділет» партиясы атынан сайланған 110 депутаттың 37-сі – әйел адам.

MNU оқытушысы, гендерлік сарапшы, құқықтанушы Айгерім Құсайынқызы отыз жылда Парламенттегі әйелдердің үлесі қалай өзгергенін, Құрылтайға өткен әйелдердің үлесі нені білдіретінін талдады.

 

Парламенттегі әйелдердің үлесі қалай өзгерді?

Парламенттегі әйелдердің үлесіне талдау жасау үшін мына үш сұраққа жауап беру керек дейді сарапшы.

1.               Динамика сұрағы: отыз жылда сан қалай өзгерді және оның қозғаушы күші не болды?

2.               Каузалдық сұрағы: бұл өсімнің көзі  қоғамдық өзгеріс пе, әлде сайлау инженериясы ма?

3.               Мазмұн сұрағы: сандық өкілдік саяси нәтижеге айнала ма?

Айгерім Құсайынқызының айтуынша, гендерлік сараптамада бұл үш сұрақ бөлек әдіснамамен зерттеледі. Оларды араластыру – талдаудағы ең жиі кездесетін қате. Салыстыруда үш шектеу бар:

●                Органның мөлшері өзгерген. Мәжіліс құрамы әр шақырылымда 67, 77, 107, 98 орын аралығында ауытқыды, ал Құрылтай – 145 орын. Пайыздық үлес салыстырылады, абсолютті сан салыстырылмайды.

●                Органның құрылымы өзгерген. 2026 жылға дейін екіпалаталы жүйе болса, енді – бірпалаталы. Бұрынғы «парламенттегі әйелдер үлесі» көрсеткіші Мәжіліс пен Сенаттың бөлек көрсеткіштерінен тұрды.

●                Сайлау жүйесі өзгерген. 2023 жылы аралас жүйе (69 партиялық + 29 бірмандаттық округ) қолданылса, 2026 жылы толықтай пропорционалдық жабық тізім жүйесіне қайта көшті. Бұл –  гендерлік өкілдікке тікелей әсер ететін айнымалы.

«Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің V шақырылымында (1959-1963) депутаттардың 32,4 пайызы әйелдер болған. Бұл  –  партиялық номенклатура тағайындайтын, нақты билік өкілеттігі жоқ органдағы жоспарлы көрсеткіш. Оны бүгінгі 33,8 пайызбен тікелей салыстыру дұрыс емес: бірінші жағдайда сан билікті емес, ритуалды өлшеді. Дегенмен бұл кезеңнен бір ғана құнды дерек шығады: қазақстандық қоғам 30 пайыздық әйел өкілдігін тарихи түрде «қалыпты» деп қабылдап көрген. Мәдени тосқауыл дегеніміз – соңғы отыз жылда қалыптасқан жаңа құбылыс, ежелгі құндылық емес», – деді сарапшы.

Ал 1990-1993 жылдардағы XII шақырылымдағы Жоғарғы Кеңесте 360 мандаттың 22-сі ғана әйелдерге тиесілі болған, шамамен 6 пайыз. Квота алынып тасталған сәтте өкілдік бес есеге дерлік құлаған. 1995 жылғы алғашқы Мәжілісте әйел депутаттардың саны –  тоғыз-ақ адам, 1999 жылғы сайлаудан кейін депутаттардың шамамен 10 пайызы ғана әйел болды.

«Бұл кезең – гендерлік саясаттануда жақсы құжатталған «посткоммунистік регресс» құбылысының классикалық көрінісі. Аймақтағы басқа елдерде де дәл сол көрініс байқалды: Армения парламентінде 1995 жылы әйелдер небәрі 6 пайызды құраса, Тәжікстанда сол жылы – 3 пайыз, Қырғызстанда 2000 жылы 2 пайыз болған. Әйелдер өкілдігі «қоғам пісіп-жетілгенде өздігінен өседі» деген модернизациялық болжам (Норрис пен Инглхарт формулировкасындағы) Қазақстан деректерімен расталмайды. Керісінше, 1990-жылдары білім деңгейі мен әйелдердің еңбекке қатысу деңгейі жоғары болып тұрып, саяси өкілдік құлады. Демек, айнымалы  қоғам емес, қолжетімділік ережесі», – деді Айгерім Құсайынқызы.

2016 және 2021 жылдары 107 орындық Мәжіліске 29 әйел сайланып, көрсеткіш 27 пайызға жетті. Бұл  әлемдік орташа деңгейге жақын нәтиже болды. 2021 жылы 27,4 пайыз болған үлес 2024 жылға қарай 18,4 пайызға дейін қысқарды. Осылайша бір сайлау циклінде тоғыз пайыздық тармақ жоғалды.

Гендерлік сарапшы Парламентаралық одақтың (IPU) 2026 жылғы 1 қаңтардағы деректері бойынша әлемде әйелдер ұлттық парламент орындарының 27,5 пайызын иеленетінін және бір жыл ішіндегі өсім небәрі 0,3 пайыздық тармақты құрағанын, бұл 2017 жылдан бергі ең баяу қарқын екенін атап өтті. Америка құрлығы 35,6 пайызбен көш бастап тұр. Қазақстан алғаш рет әлемдік орташа деңгейден сеніммен жоғары шықты. Бірақ аймақ көшбасшысы емес.

 

Квотаны еңсеру ме, шынайы көрсеткіш пе?

Құрылтай сайлауы кезінде партиялық тізімдерде әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар үшін кемінде 30 пайыздық квота міндетті түрде сақталды. Құрылтайдағы әйелдер үлесі 33,8 пайызға жеткені факт болғанымен, бұл квотаны еңсеру ме, әлде расымен де әйелдердің саясаттан орын ала бастағанының көрінісі ме деген сұрақ туындайды.

Айгерім Құсайынқызының сөзінше, салыстырмалы зерттеулерде (International IDEA деректер базасы, Мона Лена Круктің «Quotas for Women in Politics», 2009) квоталар үш белгісі бойынша жіктеледі:

●                Түрі: резервтелген орындар / заңмен бекітілген кандидаттық квота / партияның ерікті квотасы.

●                Қолданылу сатысы: кандидаттарды ұсыну сатысында ма, тізімді тіркеу сатысында ма, әлде мандатты бөлу сатысында ма.

●                Күшейткіш механизмдер: орналастыру мандаты (placement mandate  «әр үшінші орында әйел» типті «зипер» ережесі), санкция, орындалмағанда тізімді тіркеуден бас тарту.

«Квотаның пайызы емес, оның қай сатыда және қандай санкциямен қолданылатыны шешеді. Жабық тізімді пропорционалдық жүйеде орналастыру мандаты бар квота ең тиімді; ашық тізімде немесе мажоритарлық жүйеде квота әлсіз жұмыс істейді», – деді сарапшы.

Айтуынша, IPU-дың 2026 жылғы есебі осы теорияны эмпирикалық түрде растайды: квотасы бар 36 палатада әйелдердің орташа үлесі 30,9 пайыз болса, квотасы жоқ палаталарда – 23,3 пайыз; ал заңды және ерікті квота бірге қолданылған палаталарда көрсеткіш 37,3 пайызға дейін көтерілген.

«Біріншіден, квота – «әйелдер квотасы» емес. 2020 жылдан бері қолданылып келе жатқан 30 пайыз әйелдерге, жастарға және 2022 жылдан бері мүгедектігі бар азаматтарға ортақ. Ал негізінде үш бөлек квота болуы керек екенін дәлелдеп жүрміз. Өзбекстан квотаны тек әйелдерге арнап, оны 40 пайызға көтерген соң, төменгі палатадағы әйел депутаттар саны 48-ден (32%) 57-ге (38%) өсті. Аралас квота – дизайндағы негізгі ақау. 2020 жылғы норма тек тізімді тіркеу сатысында, яғни дауыс беру қорытындысы жарияланғанға дейін ғана жұмыс істеді. 2023 жылғы сайлаудан кейін партия басшыларының көпшілігі мандаттарды бөлу кезінде 30 пайызды қолданғысы келмей, оларды негізінен ер адамдарға берді. Бұл квота теориясындағы классикалық ақау: тізім формальды түрде талапқа сай болғанымен, әйелдер тізімнің төменгі, өтпейтін позицияларына орналастырылады. Орналастыру мандаты болмаса, квота тек қағазда орындалады. Ең маңыздысы, санкция жоқ. Талапты бұзған партия үшін нақты салдар көзделмеген», – деді Айгерім Құсайынқызы.

Гендерлік сарапшы 2023 пен 2026 жылдардағы сайлау циклін әлеуметтік ғылымдар үшін сирек кездесетін «табиғи эксперимент» деп бағалайды. Себебі қоғамдық көзқарас екі жарым жылда түбегейлі өзгерген жоқ. Партиялық жүйенің логикасы өзгерген жоқ. Квотаның пайызы өзгерген жоқ, яғни әлі күнге дейін – 30 пайыз.

Тек бір ғана нәрсе өзгерді: 2026 жылы Орталық сайлау комиссиясы 30 пайыздық жиынтық квотаның сақталуын дәл мандаттарды партиялық тізімдегі кандидаттар арасында бөлу сәтінде бақылайтынын мәлімдеді. Дәл осындай нәтижені Қырғызстан да көрсетті: 2025 жылғы қарашадағы сайлауда үшмандаттық округтердің әрқайсысы кемінде бір әйел және кемінде бір ер адам сайлауға міндетті болатын жүйе енгізілгенде, әйелдер үлесі 12,9 пайыздық тармаққа өсті. Бұл сол жылы парламентін жаңартқан елдердің ішіндегі ең үлкен өсім еді.

«2026 жылғы секіріс  қоғамдық көзқарастың өзгеруінің емес, сайлау процедурасын қайта жобалаудың нәтижесі. Бұл  квота эффектісі, таза күйінде. Бірде-бір партияда әйелдер үлесі 40 пайыздан аспайды. Көрсеткіштердің 30-33 пайыздың төңірегіне тығыз шоғырлануы  кездейсоқтық емес, ол статистикалық түрде нормативтік бекітілудің белгісі. Квота теориясында бұл құбылыстың атауы бар: «квота еден ретінде емес, төбе ретінде» жұмыс істеуі. Партия талап етілген межеге жетеді де, тоқтайды. Талап 30 пайыз болса, нәтиже 30-33 пайыз болады; 40 пайыз болса, Өзбекстандағыдай 38 пайыз болады. Бұл  квотаның жеңісі де, әлсіздігі де. Ол еденді көтереді, бірақ сонымен бірге төбені де орнатады», – деді құқықтанушы.

Айгерім Құсайынқызы «әйелдер саясаттан орын ала бастады» деген формула деректермен расталмайтынын, әйелдерге орын берілді, әрі ол орын нақты өлшенген мөлшерде берілді деген тұжырым дәлірек екенін айтты.

«Дүниежүзілік экономикалық форумның индексінде Қазақстан 2023 жылғы 62-орыннан 2024 жылы 76-орынға түсті, ал «саяси мүмкіндіктер» субиндексі бойынша 100-орыннан 116-орынға шегінді. Сондай-ақ Құрылтай сайланғанға дейінгі Сенатта әйелдер 20,4 пайыз, мәслихаттарда 3415 депутаттың 786-сы, яғни 23 пайыз болды. Тік лифт (парламент) жөнделді, көлденең іргетас (жергілікті деңгей) сол күйі қалды. Ал саяси мансап дәл сол іргетастан басталады», – деді гендерлік сарапшы.

 

Заң шығарушы органда әйелдердің көбеюі қоғамға қалай әсер етеді?

Осыдан кейін «әйелдердің заң шығарушы органда көбірек орын алуы қандай да бір өзгерістерге әкелуі мүмкін бе?» деген сұрақ туындайды.

Айгерім Құсайынқызы Ханна Питкиннің «The Concept of Representation» (1967) еңбегінен бері саясаттануда мынадай екі ұғым қатаң ажыратылатынын атап өтті:

●                Дескриптивті (сандық) өкілдік сайланған орган құрамының қоғам құрамын шағылыстыруы. «Кім отыр?» деген сұрақ.

●                Субстантивті (мазмұндық) өкілдік  сол органның нақты топтың мүддесі үшін әрекет етуі. «Кімнің мүддесі қорғалады?» деген сұрақ.

«Бұл екеуінің арасындағы байланыс автоматты емес және эмпирикалық тексеруді талап етеді.  Розабет Мосс Кантердің 1977 жылғы классикалық зерттеуінде («Men and Women of the Corporation») көрсетілгендей, азшылық топ шамамен 15 пайыздан төмен болса, оның мүшелері «токенге» айналады: олар өз тобының өкілі ретінде қабылданады, әрбір қатесі бүкіл топқа таңылады және олар тірі қалу үшін көпшілік мәдениетіне бейімделуге мәжбүр болады», – деді құқықтанушы.

Гендерлік сарапшының сөзінше, Друде Далеруп 1988 жылғы жұмысында 30 пайыздық шектен өткенде азшылықтың мінез-құлқы сапалық түрде өзгеретінін айтқан: олар өзара коалиция құра алады, күн тәртібін ұсынады, «символ» болудан қалады. Қазақстан бұл шектен заң шығарушы органда тұңғыш рет өтті. Бұл өз бетінше нәтиже болмаса да, бірақ мүмкіндік терезесі дейді Айгерім Құсайынқызы.

Гендерлік өкілдіктің саясатқа әсері туралы ең сенімді дәлел Үндістанда алынған: Рагхабендра Чаттопадхьяй мен Эстер Дюфлоның 2004 жылғы зерттеуінде (Econometrica, «Women as Policy Makers») панчаяттар, яғни жергілікті кеңестер басшылығының үштен бірі әйелдерге кездейсоқ тәртіппен резервтелген. Бұл нағыз рандомизацияланған эксперимент. Нәтижесінде әйел басшылық еткен ауылдарда ауызсу инфрақұрылымына айтарлықтай көбірек инвестиция жасалған, яғни бюджет басымдықтары өзгерген. Лори Биман және әріптестерінің осы табиғи экспериментті жалғастырған зерттеулері (Science, 2012; QJE, 2009) тағы екі әсерді анықтаған: әйел басшыны бір рет көрген электораттың әйел кандидаттарға деген жасырын теріс көзқарасы төмендейді, ал жасөспірім қыздардың білім мен мансапқа деген ұмтылысы өседі. Яғни, өкілдіктің ұзақмерзімді нормативтік әсері бар.

«Мала Хтун мен Лорел Уэлдонның 70 елдің 1975–2005 жылдардағы деректерін қамтыған кең ауқымды зерттеуі («The Civic Origins of Progressive Policy Change», APSR, 2012) бір қорытындыға келді: әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы саясатты қабылдауды болжайтын ең күшті айнымалы – парламенттегі әйелдердің үлесі емес, автономды феминистік қозғалыстың күші», – деп жалғастырды сарапшы.

Айгерім Құсайынқызының сөзінше, Қазақстандағы жағдай дәл осы теорияны растайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық пен балалардың қауіпсіздігі жөніндегі заң әйелдер небәрі 18 пайызды құраған Мәжілісте қабылданған. Оны сан емес, қоғамдық қысым, сарапшылар мен азаматтық қоғам жұмысы және жоғарыдан келген саяси ерік-жігердің тоғысуы туғызғанын айтып отыр.

«Квота арқылы келген депутаттың мандаты әлсіз болуы мүмкін. Сюзан Франческет пен Дженнифер Пископоның Аргентина квотасы бойынша зерттеуі («Gender Quotas and Women's Substantive Representation», Politics & Gender, 2008) екі қарама-қарсы механизмді бөліп көрсетеді: мандат әсері квота арқылы келген депутат өзін әйелдер мүддесін білдіруге міндетті санайды, таңба әсері – сол депутат әріптестерінің көзінде «квота бойынша келген» деп таңбаланады, оның ұсыныстары байыпты қабылданбайды», – деді гендерлік сарапшы.

Мандат әсері мен таңба әсері бір мезгілде жұмыс істейді. Қайсысы басым болатыны партия ішіндегі мәдениетке байланысты.

«Сара Чайлдс пен Мона Лена Круктың кейінгі жұмыстары (2009) «сыни масса» теориясын нақтылады: өзгерісті пайыз емес, нақты бірнеше белсенді депутат жасайды. Бір ғана табанды депутат жүзге жуық енжар әріптестен әлдеқайда көп нәтиже береді. Бұл ой Қазақстан үшін өте маңызды: 2023 жылғы Мәжілістегі әйел депутаттардың арасында әйел құқығы мәселесін жүйелі көтеретіндер аз екені сарапшылар тарапынан бірнеше рет айтылған болатын. Құрылтайдың 145 депутатының бәрі партиялық тізіммен келеді, бірмандаттық округ жойылды. Партиядан шыққан немесе шығарылған депутат мандатынан айырылады. Бұл  гендерлік күн тәртібі үшін ең ауыр құрылымдық шектеу. Мұндай жүйеде депутат ең алдымен партия аппаратына есеп береді, сайлаушыға емес. Гендерлік мәселе партия басшылығына ыңғайсыз болған сәтте, депутаттың дербестігі нөлге ұмтылады. Бұл жағдай әйелдерге ғана емес, барлық депутатқа қатысты  бірақ дәл әйелдер мәселесі саяси «шығыны жоғары» тақырып болғандықтан, әсер асимметриялы», – деді құқықтанушы.

Әлемдік практикада әйел депутаттарды әдетте білім, денсаулық, әлеуметтік қорғау және отбасы комитеттеріне шоғырландырады да, бюджет, салық, экономика, қауіпсіздік, кадр мәселелерінен алшақ ұстайды. Айгерім Құсайынқызының айтуныша, бұл – тек болжам емес, өлшенген құбылыс. IPU-дың 2026 жылғы есебі бойынша тұрақты парламенттік комитеттерге төрағалық ететін әйелдердің үлесі 32,5 пайызға көтерілген, бірақ бұл көрсеткішке гендерлік теңдік және жастар комитеттері айтарлықтай әсер еткен; ал сол комитеттерді есептен шығарғанда әйелдердің комитет төрағалығындағы үлесі 25,7 пайызға дейін төмендейді.

Дәл сол логика Орталық Азияда да байқалады. Өзбекстанда әйелдерге көбіне отбасы саясаты жөніндегі хоким орынбасары деңгейіндегі қызметтер бұйырады, ал әкімшілікті тұтас басқаратын хоким лауазымы емес – бұл жүйе қосуды кәсіби сегрегациямен қатар жүргізеді. Қырғызстанда парламенттегі үштен бір үлеске қол жеткізілгенімен, әйелдер мэрлер, аудан әкімдері мен ауылдық әкімшілік басшылары арасында әлі көрінбейді. Демек, Құрылтайдағы 49 әйелдің қай комитетке түскені сол 49 санының өзінен маңыздырақ дерек.

«Біз Сенат жанындағы Аналитикалық мектеп жинағында жариялаған зерттеу аясында 30 030 әйел арасында жүргізілген сауалнамада 57 пайызы әйелдер құқықтары ерлермен тең болуы үшін олардың саясатта маңызды рөл атқаруы керек деп жауап берген. Әрбір алтыншы әйел саясатқа қатысуға дайын екенін білдірген, ал 18 пайызы өзі үшін ешқандай кедергі жоқ деп есептейді. Дегенмен сайлауға түсуге дайындық деңгейі орташадан төмен: ең жиі олар дәл мәслихат деңгейіне (36%) баруға дайын. Сарапшылар арасындағы сауалнама тағы бір маңызды нәрсені көрсетті: 64,9 пайызы тек әйелдерге арналған 30 пайыздық квотаны қолдайды; 49 пайызы квотаның басты оң әсері әйелдердің саяси-басқарушылық процестерге қатысу мүмкіндігінің кеңеюі деп санайды; 33,3 пайызы квотаның формальды түрде орындалуын басты теріс фактор ретінде атаған», – деді Айгерім Құсайынқызы.

 

Гендерлік сарапшы 33,8 пайыздың мәнін білу үшін келесі бес көрсеткішті жүйелі түрде бақылау керек дейді:

1.               Комитеттік бөліністегі әйелдер үлесі «жұмсақ» және «қатты» комитеттер бөлек есептеліп, IPU әдіснамасына сай (гендер/әлеумет комитеттерін алып тастап) есептелуі керек.

2.               Комитет төрағалары мен Құрылтай басшылығындағы әйелдер саны.

3.               Заң бастамаларының авторлығы гендерге сезімтал заң жобаларын кім бастама етті, олардың қаншасы бірінші оқылымнан өтті.

4.               Депутаттық сауалдардың тақырыптық құрылымы  әйел депутаттар қандай мәселені көтереді және оның қаншасы «әлеуметтік сала» шеңберінен шығады.

5.               Партиялық тізім реттілігі келесі сайлауда әйелдер тізімнің қай позицияларына орналастырылады.

«Бірінші және екінші көрсеткіш төмен болса, 33,8 пайыз статистикалық жетістік болып қалады да, саяси нәтижеге айналмайды», – деп сөзін түйіндеді сарапшы.