Артқа

Құрылтайдағы талқылау: Қазақстан Халық Кеңесін құру үшін бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлінеді

Фото: Құрылтай

Фото: Құрылтай

Бүгін Құрылтай депутаттары 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасын талқылап, осы мәселеге қатысты баяндама жасаған вице-спикерлерді сұрақ астына алды. 

Бұл материалымызда республикалық бюджеттегі ең маңызды мәселелер мен Құрылтай депутаттарының өткір сұрақтарын жинадық.

Үкіметтің есебі дұрыс па

Бүгінгі талқылауға Құрылтайдың вице-спикері Дания Еспаева модераторлық етіп, баяндамашылардың кейбір айтқан мәліметтерін нақтылап отырды.

Мәселен, Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмриннің баяндамасына сенсек, 2027 жылы республикалық бюджеттің шығысы 30,2 трлн теңге болады деп есептелген. Салықтан 377 млрд теңге, арнаулы түсімдерден 18 млрд теңге түседі деген болжам бар. Кепілді трансферт бюджет қағидаларына сәйкес 2027–2028 жылдары 2 трлн 430 млрд теңге, ал 2029 жылы 2 трлн теңге мөлшерінде айқындалды.

«Мемлекет басшысы «үлкен құрылыс» бағытын айқындап, сондай-ақ Ұлттық қор қаражатын пайдалануға жол берілетінін атап өтті. Әлеуметтік және инфрақұрылымдық объектілерді салу жөніндегі ауқымды бағдарламаны іске асыру міндеті қойылды. Осыған байланысты аса маңызды объектілер мен жалпы ел үшін маңызы бар жобаларды қаржыландыру үшін Ұлттық қордан 2027 жылы 2 трлн теңге және 2028–2029 жылдары жыл сайын 1,5 трлн теңге көлемінде нысаналы трансферт көзделді», - деді Азамат Әмрин.

Құрылтайдың вице-спикері Дания Еспаева бюджеттегі әр шығынның «сапасын» бағалау керек дейді. Яғни, әрбір шығын қалай және қайда жұмсалып отырғанына зерттеу керек.

Қаржы министрлігінің есебі қандай

Құрылтайда баяндама жасаған Қаржы вице-министрі  Абзал Бейсенбекұлының айтуынша, бүгін талқыланған заң жобасы 37 баптан тұрады.

«2027 жылдың 3 негізгі көрсеткіші экранда көрсетілген: кірістер - 25,4 трлн теңге, шығыстар - 30,2 трлн теңге, тапшылық - 4,6 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,3%-ды құрайды», - деді ол өз баяндамасында.

Бұл ретте ол бюджет тапшылығы 2029 жылы 0,4%-ға дейін төмендейді деген болжам айтты.

Халық Кеңесін құру үшін бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлінеді

Құрылтайда бюджетке қатысты баяндама жасаған Қаржы вице-министрі жаңадан құрылатын Қазақстан Халық кеңесі үшін 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджеттен  1,7 млрд теңге қарастырылғанын мәлім етті. Оның қаржысы бюджеттің «қауіпсіздік, мемлекеттік басқару және резервтер» деген бөлімінде қарастырылған екен.

«Келесі бағыт – қауіпсіздік, мемлекеттік басқару және резервтер. Бұл бағытқа 2027 жылы 4,9 трлн теңге көзделген. Шығыстардың негізгі бөлігі, яғни 3,3 трлн теңге күш блогына тиесілі және мемлекеттік басқаруға 787 млрд теңге көзделген. Үкіметтің резерві 370 млрд теңге мөлшерінде және Президенттің бастамаларына - 470 млрд теңге көлемінде резерв қалыптастырылды», - деді Қаржы вице-министрі. 

Дәлірек айтсақ:

  • 95 млрд теңге – күш органдарының қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдеріне;
  • 2,3 млрд теңге – Ішкі істер министрлігі қызметкерлерінің санын арттыруға (LRT);
  • 1,7 млрд теңге – Қазақстан Халық Кеңесін құруға көзделген.

«Жалпы осы бағыт бойынша қосымша шығыстар шамамен 89 млрд теңгені құрайды», - деді ол.