Респонденттердің 86%-ы ел президентіне сенеді – әлеуметтанулық зерттеу
Жарияланған күні:
Фото: Қазақстандық қоғамдық даму институты
Бүгін 17 шілдеде Қазақстандық қоғамдық даму институты «2026 жылғы электоралдық ландшафт және сайлау тенденциялары: қоғам не күтеді» тақырыбында «Sarap» сарапшылар клубының отырысын өткізді.
Отырыс барысында ҚҚДИ-дің екі зерттеуінің нәтижелері таныстырылды: «2026 жылдың II тоқсанындағы қоғамдық-саяси ахуал» (2 400 респондент) және «Қазақстандықтардың саяси бағдарлары» (1 200 респондент).
Бір-біріне тәуелсіз өткен екі зерттеудің көрсеткіштері өзара сәйкес нәтижелерді көрсеткен.
Осылайша, алғашқы зерттеу деректеріне сәйкес, қазақстандықтардың 84,1%-ы елдегі қоғамдық-саяси ахуалды қолайлы немесе тұрақты деп бағалайды. Бұл I тоқсандағы 70,4% көрсеткіштен едәуір жоғары.
Сауалнама қоғамдағы оптимистік көңіл күйдің нығайғанын көрсетеді. Өз көңіл күйін өте жақсы немесе бірқалыпты деп бағалаған азаматтардың үлесі 88,5%-ға дейін артса, алаңдаушылық сезінетіндердің үлесі 15,2%-дан 11,5%-ға дейін төмендеген. Өмірге қанағаттану деңгейі 85,8%-ға жетті. Респонденттердің жартысынан астамы (50,5%) соңғы бір жылда отбасының материалдық жағдайы жақсарғанын атап өтті. Ал алдағы бір жылда оң өзгерістер күтетіндердің үлесі 60,1%-ға дейін артты.
Жастардың оң көзқарасы айқын әрі орнықты
Ал, 18-28 жас аралығындағы қазақстандықтардың 87,1%-ы елдегі қоғамдық-саяси ахуалды қолайлы немесе тұрақты деп бағалайды. Бұл барлық жас топтары арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Сонымен қатар, жастар болашаққа барынша оптимистік көзқарас танытады: жас респонденттердің 65,6%-ы алдағы бір жыл ішінде өз өмірінің жақсаратынын күтеді. Мемлекеттік институттарға деген сенімнің қарқынды өсуі байқалады. 2026 жылдың II тоқсанында Президентке деген сенім деңгейі 86,9%-ды құрады. Бұл көрсеткіш барлық жас топтарына тән, яғни қоғамдық қолдаудың кең ауқымды екенін және оның жекелеген әлеуметтік-демографиялық санаттармен шектелмейтінін көрсетеді.
Қазақстандықтардың қанша пайызы сайлауға баруға дайын
Өз кезегінде, «Қазақстандықтардың саяси бағдарлары» зерттеуінің нәтижелері бойынша респонденттердің 75,1%-ы алдағы Құрылтай сайлауына қатысуға дайын екенін мәлімдеді. Сауалнамаға қатысқандардың 37,6%-ы сайлауға қатысуға нық ниетті екенін білдірсе, тағы 37,5%-ы «Иә деуге болады» деген жауапты таңдаған, яғни олар сайлауға ықтимал түрде баруға дайын.
Сайлауға қатысуға дайындықтың ең жоғары деңгейі аға буын өкілдері арасында байқалады (80,7%), ал жастар арасында бұл көрсеткіш 69,4%-ды құрайды. Жоғары білімі бар азаматтар мен ауыл тұрғындары да сайлауға қатысуға жоғары деңгейде дайын екенін көрсетіп отыр. Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар алдағы Құрылтай сайлауы елдің саяси жүйесі дамуының жаңа кезеңіне жол ашатынын атап өтті. Ол Қазақстандағы өкілді билікті одан әрі институттандыру перспективаларын айқындайтын қоғам зор үмітпен күтетін негізгі оқиғалардың бірі.
Қазақстандық қоғамдық даму институты сайлау науқаны кезеңінде қоғамдық пікірге сауалнамалар жүргізу үшін Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясында аккредитациядан өткен.