Сайлауалды науқанның жаңа сипаты: бәсеке, цифрлық коммуникация және ашық пікірталас
Жарияланған күні:
Фото: фотоколлаж
Құрылтай сайлауына санаулы күн қалды. Саяси партиялар бағдарламаларын таныстырып, кандидаттар өңір-өңірді аралап сайлаушылармен кездесіп, пікірталас өткізіп жатыр. Бірақ бұл сайлаудың ерекшелігі тек жаңа органның құрылуымен шектелмейді. Сайлауалды науқанның формасы да өзгеріп келеді.
Қазіргі заманда сайлаушымен кездесіп, бағдарламаны түсіндіру жеткіліксіз. Аудиторияның әлеуметтік желідегі белсенділігі, қоғамның өзекті мәселеге реакциясы, пікірталастағы позициясы және нақты сұрақтарға берген жауабы да саяси имидждің бір бөлігіне айналды.
Осы тұрғыдан алғанда, Құрылтай сайлауы Қазақстандағы саяси коммуникацияның жаңа кезеңін көрсететін науқан болып отыр.
Жеті партия, 546 кандидат: бәсекенің жаңа деңгейі
Құрылтай сайлауына жеті саяси партия тіркелді. Партиялық тізімдерді тіркеу 23 шілдеде аяқталды. Нәтижесінде 546 кандидат тіркелді. Олардың ішінде «Әділет» партиясы – 186, Respublica – 76, Қазақстан Халық партиясы – 72, «Ауыл» – 69, «Ақ жол» – 63, «Байтақ» – 47, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия 33 кандидат ұсынды.
Тіркелген кандидаттардың басым бөлігі – жаңа есімдер. 546 кандидаттың тек 51-і ғана бұрын депутат болған. Демек, Құрылтай сайлауына тәжірибелі саясаткерлермен қатар, алғаш рет үлкен саясатқа қадам басқан тұлғалар да бәсекеге түсіп отыр.
Бұл партиялардың сайлауалды стратегиясына тікелей әсер етеді. Бұрыннан танымал саяси тұлғаның беделіне сүйену енді жеткіліксіз. Кандидаттың кәсіби тәжірибесі, нақты мәселелер бойынша ұстанымы және оны қоғамға түсіндіре алу қабілеті алдыңғы орынға шықты.
Әсіресе партиялық тізіммен өтетін сайлауда бәсеке жеке кандидаттардың арасында ғана емес, саяси ұсыныстардың арасында жүреді. Сайлаушы үшін «кім?» деген сұрақпен бірге «не ұсынады?» және «оны қалай жүзеге асырады?» деген сұрақтардың маңызы артады.
Саясаттың цифрлық кеңістікке ауысуы
Қазіргі сайлау науқанының тағы бір ерекшелігі – саяси коммуникацияның дәстүрлі митингілер мен кездесулерден әлеуметтік желілерге қарай ойысуы.
2026 жылғы сайлау науқанының бір ерекшелігі онлайн-платформалар пайдаланушыларына да үгіт материалдарын жариялауға рұқсат етілді. Яғни әлеуметтік желі кандидаттың өз ойын жеткізетін қосымша алаң ғана емес, сайлауалды коммуникацияның толыққанды бөлігіне айналып отыр.
Бұрын кандидаттың сайлаушымен негізгі байланысы кездесулер, баспасөз конференциялары мен телевизиялық эфир арқылы орнаса, бүгінде коммуникацияның бір бөлігі әлеуметтік желіге көшті. Instagram, TikTok, YouTube, Facebook және басқа платформалар кандидатқа сайлаушымен тікелей байланыс жасауға мүмкіндік береді.
Мұнда саяси коммуникацияның табиғаты да өзгереді. Телевизиялық эфирде кандидатқа позициясын білдіруге санаулы минут берілсе, әлеуметтік желіде аудиториямен тұрақты байланыс орната алады. Циифрлық кеңістікте саясат біржақты ақпарат таратудан диалог орнатуға қарай ойысып келеді.
Бұл өзгерістің бірнеше салдары бар. Біріншіден, партиялар сайлаушымен тікелей сөйлесе алады. Екіншіден, кандидаттың қоғамдық бейнесі тек ресми өмірбаян мен партиялық бағдарлама арқылы емес, оның күнделікті контенті, пікір білдіруі және аудиториямен диалогы арқылы қалыптасады. Үшіншіден, цифрлық орта саяси коммуникацияның жылдамдығын арттырады. Теледидардағы немесе газеттегі материал көрермен мен оқырманға белгілі бір уақыт аралығында ғана таралса, әлеуметтік желідегі контент әп сәтте бірден мыңдаған адамға жетуі мүмкін. Сайлаушылар пікірін қалдырып, бірден реакция білдіре алады. Осылайша кері байланыс болып, кандидаттар мен сайлаушылар арасында диалог орнайды.
Бірақ цифрлық коммуникацияның екінші жағы да бар. Ақпараттың жылдам таралуы саяси манипуляция, жалған ақпарат және эмоциялық контенттің ықпалын күшейтуі мүмкін. Сондықтан кандидаттың әлеуметтік желідегі белсенділігінен гөрі, оның айтқан ұсыныстарының нақты әрі шындыққа сай келуі маңызды.
Сондықтан сайлаушының рөлі өзгеріп отыр. Бүгінде партияның атауын немесе танымал кандидаттың есімін білу аздық етеді. Оның алдында бірнеше партияның бағдарламасын салыстыру, кандидаттардың тәжірибесін бағалау, пікірталастарды көру және әлеуметтік желідегі ақпараттың шынайылығын тексеру міндеті тұр. Бұл сайлау науқанында партиялардың үгіт-насихатты қалай жүргізіп жатқаны ғана емес, азаматтардың ақпаратты қалай қабылдайтыны да өзекті бола түсті.
Бағдарламадан бұрын коммуникация маңызды
Сайлауалды науқанның жаңа сипаты партиялардың бағдарламаларын таныстыру тәсілінен де байқалады. Партиялар Құрылтай сайлауына арналған арнайы бағдарламаларын әзірлеп, оларды өздерінің ресми ресурстарында жариялады. Бір партия экономика мәселесін бірінші орынға шығарса, екіншісі ауылды дамытуды, үшіншісі әлеуметтік әділдікті, тағы бірі экологияны немесе заң үстемдігін негізгі тақырып етуі мүмкін. Алайда қазіргі сайлаушы үшін бағдарламаның болуының өзі жеткіліксіз.
Саяси коммуникацияда қоғам үшін «маңызды күн тәртібін қалыптастыру» деген ұғымы бар. Партиялар сайлауалды кезеңде тек өз ұсыныстарын айтып қана қоймай, қоғамның назарын қандай мәселеге аударғысы келетінін де анықтайды.
Сондықтан Құрылтай сайлауында партиялардың бағдарламалары арасындағы ғана емес, қоғамдық күн тәртібі үшін де бәсеке жүріп жатыр.
Партиялардың әлеуметтік желідеі аккаунттарына шолу жасағанда мына тенденцияны көруге болады. Біріншісі – кандидаттарды таныстыру. Партиялар партиялық тізімге енген кандидаттарды жеке-жеке таныстырып, олардың мамандығын, өңірін, кәсіби тәжірибесін көрсететін қысқа видеолар мен посттар жариялап жатыр. Бұл әсіресе партиялық тізіммен өтетін сайлау үшін маңызды. Сайлаушы бюллетеньде жеке кандидаттың емес, партияның атауын таңдады. Сондықтан партия үшін кандидаттардың жеке бейнесін жалпы партиялық брендпен байланыстыру қажет.
Екіншісі – сайлауалды бағдарламаны қысқа форматқа бейімдеу. Ұзақ мәтіннің орнына әлеуметтік желіде бір мәселе – бір пост немесе бір видео принципі қолданылып отыр. Яғни күрделі саяси ұсыныс қысқа видеоға, инфографикаға немесе жазбаға сыйып кетеді.
Бұл әлеуметтік желінің табиғатына сәйкес келеді: пайдаланушыға ұзақ бағдарламаны оқығаннан гөрі 30–60 секундтық видеоны көру қызығырақ.
Бұл сайлауда саяси партиялар өңірлік контентке ерекше мән беріп отыр. Партиялардың басты аккаунтымен қоса облыстық және қалалық филиалдарының парақшалары да белсенді жұмыс істеп жатыр.
Дебаттар цифрлық контентке айналды
Теледебаттар ұйымдастырылып, сайлауалды пікірталастар да сайлау процесінің маңызды бөлігіне айналып отыр. Жаңартылған ережелерде Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар арасында пікірсайыс өткізу тәртібі жеке қарастырылған.
Пікірталас партиялардың сайлаушы алдында тек дайын бағдарламасын оқып қана қоймай, өз ұстанымын басқа саяси күштердің позициясымен салыстыра отырып қорғауына мүмкіндік береді.
Ашық пікірталастың саяси жарнамадан өзгешелігі бар. Жарнама кандидаттың артықшылығын көрсетуге бағытталса, ал дебат оның ұсынысын сын тұрғысынан бағалауға арналған.
Сондықтан Құрылтайдың алғашқы құрамын жасақтайтын сайлауда пікірталастардың мазмұнына ерекше мән беріліп отыр. Сайлаушы партиялардың бір-бірін сынағанынан ғана емес, нақты мәселелерге берген жауаптарынан қорытынды шығара алу керек.
Кандидаттың кім екені ғана емес, оның не айтатыны, қалай айтатыны және айтқанын кейін қалай орындайтыны маңызды бола бастады. Ал цифрлық коммуникация, ашық пікірталас және саяси бәсеке осы талапты күшейтетін негізгі факторларға айналып отыр.
Құрылтай сайлауы Қазақстандағы саяси коммуникацияның жаңа моделін қалыптастырып жатыр.
Дебаттың тағы бір маңызды элементі – көрермендердің сұрақтары. Сайлаушылар партия өкілдеріне әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы сұрақтар жолдайды. Партиялар бір-біріне сұрақ қойып қана қоймай, қарсыласының бұрынғы саяси ұстанымын немесе қазіргі бағдарламасын талқылайды. Теледебат ғана классикалық пікірталаспен шектелмей, әртүрлі телеарнада әртүрлі формат пайда болды.
2026 жылғы сайлауалды науқан Қазақстандағы саяси коммуникацияның қалай өзергенін көрсетіп отыр. Дәстүрлі үгіт сақталғанымен, цифрлық алаңның салмағы артып келеді. Партиялар арасында бағдарламалық бәсеке күшейе түсті. Ал пікірталастар саяси ұсыныстарды саралаудың маңызды құралына айналып жатыр.