Сайлаушының сөздігі: Құрылтай сайлауы қарсаңында білуге тиіс негізгі ұғымдар
Жарияланған күні:
Фото: ОСК
Орталық сайлау комиссиясының ресми сайтында сайлау құқығы бойынша терминологияны түсіндіру мақсатында онлайн-сөздік жарияланды. Бұл онлайн-сөздік Қазақстан азаматтарына сайлау құқығы мен процесі, сайлау және референдум терминдерін қолдануға көмектесетін қолжетімді ресурс ретінде әзірленген. Онда сайлауға қатысты 200-ге жуық терминнің қысқаша түсіндірмесі мен анықтамасы берілген.
Сөздікті дайындау кезінде құрастырушы-автор, заң ғылымдарының докторы, профессор Индира Әубәкірова ғылыми түсіндірулер мен күрделі түсіндірулерді қолданбауға тырысқан. Осылайша терминдер көпшілікке түсінікті тілде жазылған. Бұл сөздік алдағы уақытта толықтырылып отырады.
Онлайн-сөздікте терминдер әліпби ретімен орналасқан. Ең бірінші сөз – «азамат». Азамат дегеніміз – өзара құқықтар, міндеттер мен жауапкершіліктердің жиынтығында көрінетін белгілі бір мемлекетпен тұрақты құқықтық байланысы бар тұлға. Ал адам мен мемлекеттің тұрақты құқықтық байланысы «азаматтық» деп аталады. Одан әрі азаматтық бастамалар, азаматтық қоғам секілді терминдер түсіндіріледі.
Сайлаушыға қатысты сөздер
Онлайн-сөздікте сайлаушыға қатысты бірнеше термин бар. Ең алғашқысы – «алғашқы сайлаушы», яғни сайлауда дауыс беру процесіне алғаш рет қатысатын азамат. Ал сайлауда нақты бір кандидатқа немесе партияға дауыс беретін сайлаушылар тобы «электорат» деп аталады.
Сөздікте сайлау құқығы субъективті мағынасында түсіндірілген. «Сайлау құқығы» дегеніміз – азаматтың жалпы мемлекет пен қоғамның аса маңызды мәселелері бойынша және (немесе) жергілікті маңызы бар аса маңызды мәселелер бойынша сайлауға, сайлануға және дауыс беруге қатысуға конституциялық құқығы. Сондай-ақ, «белсенді сайлау құқығы» деген термин бар. Бұл дегеніміз – азаматтардың мемлекеттік билік пен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының сайланбалы қызметтеріне сайлау құқығы бар. Қазақстан Республикасының 18 жасқа толған және сайлау құқығы сотпен шектелмеген барлық азаматында сайлауға қатысуға және дауыс беру арқылы өз еркін білдіруге құқығы бар. Бұл «жалпыға бірдей сайлау құқығы» деп аталады. Бұл қағида азаматтардың сайлау процесіне қол жеткізудегі теңдігін және жынысына, ұлтына, нәсіліне, дініне және тағы да басқа белгілері бойынша сайлауға қатысу құқығын жүзеге асыру кезінде кемсітуге тыйым салуды белгілейді.
Сондай-ақ, сайлау процесіне қатысу үшін барлық азаматқа тең мүмкіндік қамтамасыз ету қағидаты бар. «Инклюзивті қағидат» жынысына, жасына, әлеуметтік мәртебесіне, физикалық қабілеттеріне немесе басқа да сипатталарына қарамастан барлық сайлаушылардың сайлауға толық қатысуы үшін жағдай жасауды талап етеді. Мысалы, мүмкіндігі шектеулі адамдарға дауыс беру орындарының қолжетімділігін қамтамасыз етіледі, соның ішінде дауыс беруге арналған арнайы құрылғылар ұсынылады.
Сайлау процесіне қатысушы сайлау комиссиясына және/немесе сотқа сайлау процесінде сайлау құқықтарын немесе заңнаманың нормаларын бұзудың осы немесе бұдан да басқа фактісін (фактілерін) жою туралы ресми талап бере алады. Бұл «шағым» деп аталады.
Дауыс беру туралы сөздер
Онлайн-сөздікте дауыс беру тіркелген сайлаушылардың өз таңдауын сайлау бюллетенінде тиісті белгі қою арқылы білдіру рәсімі деп түсіндіріледі. Одан кейін дауыстар саналып, сайлау қорытындылары анықталады. Бұл – сайлау процесінің шешуші кезеңі.
Заңға сәйкес сайлауды өткізу үшін белгіленген күн – дауыс беру күні. Бұл күні сайлаушылар сайлау учаскесіне барып, сайлаушылар тізімінен өзін тауып, сайлау бюллетенін алып, белгі қойып, өз таңдауын жасайды. Бюллетенді сырты мөрленген дауыс беруге арналған жәшікке салады. Сайлау учаскесінде стационарлық және тасымалданатын дауыс беруге арналған жәшіктер болады.
Сайлаушы жасырын түрде дауыс береді. Осы мақсатта сайлау учаскелері сайлаушының еркін білдіруіне кез келген бақылау мүмкіндігін жоққа шығаратын, жасалған таңдаудың құпиялылығын сақтауға мүмкіндік беретін арнайы дауыс беруге арналған арнайы кабиналармен жабдықталған. Бұл онлайн-сөздікте «жасырын дауыс беру» деп түсіндіріледі.
23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы кезінде сайлау бюллетенінде 7 саяси партияның атауы және «бәріне қарсымын» бағаны жазылған. Сайлаушы партиялардың ешқайсын қолдамаса «бәріне қарсымын» бағанына белгі қойып, саяси партияларға қарсы дауыс бере алады.
Сайлаушы тіркелген жері бойынша сайлау учаскесінде емес, басқа сайлау учаскесінде немесе тиісті сайлаушылар тізіміне енгізу туралы азаматтың жазбаша өтініші негізінде сайлау комиссиясы дауыс беру үшін арнайы ұйымдастырған басқа жерде дауыс бере алады. Бұл рәсім «болу орнында дауыс беру» деп аталады. Уақытша болу орындары демалыс үйлері, санаторийлер, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелері, алыс мал шаруашылығы учаскелері, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторлары, шет мемлекеттер, Қазақстанға қарайтын және сайлау күні жүзуде жүрген кемелер және басқа да орындар болуы мүмкін.
Сайлаушылар сайлау учаскесінде емес, тұрғылықты жері бойынша өз үйінде дауыс бере алады. Үйде дауыс беру мүмкіндігін көбінесе денсаулық жағдайына байланысты, отбасының науқас мүшесіне күтім жасайтын азаматтар, мүгедектігі бар тұлғалар немесе қарт адамдар пайдаланады.
Құқық бұзушылық туралы сөздер
Сайлау құқығы бойынша терминологияны түсіндіру мақсатында әзірленген онлайн-сөздікте сайлау процесі кезіндегі құқық бұзушылықтар туралы да айтылған. Соның бірі – сайлаушыларды сатып алу. Бұл дегеніміз – кандидатты тіркеуден бас тарту, кандидаттың тіркеуін жою немесе сайлауды жарамсыз деп тану түріндегі жауапкершілік белгіленген құқық бұзушылық.
Онлайн-сөздікте сайлау бюллетеньдерін тастау деген де термин бар. Мұны сайлау «каруселі» деп те атайды. Сайлау кезінде бір немесе әртүрлі сайлау учаскесіне барып қайталап дауыс беру үшін екі немесе одан да көп бюллетень алуды айтады. Мұндай іс-әрекет көбінесе сайлау нәтижелеріне әсер ету үшін жеке тұлғаларды сатып алумен байланысты.
Ал кандидатты тіркеуден бас тарту, кандидаттың тіркеуін жою немесе сайлауды жарамсыз деп тану түріндегі жауапкершілік белгіленген құқық бұзушылық сайлаушыларды сатып алу деп аталады.
Белгілі бір кандидаттың немесе саяси партияның дауыс үлесін көбейту немесе азайту арқылы сайлау нәтижелерін қасақана бұрмалау сайлауды бұрмалау деген терминмен түсіндіріледі.
Кандидат, партиялық тізімді ұсынған саяси партия заңда белгіленген талапарды, оның ішінде сайлау қорларын жұмсау тәртібін бұзса, бұл сайлауды жарамсыз деп тануға негіз бола алады.
Сайлау процесіне қатысушылар арасында туындайтын, қарауды және шешуді қажет ететін келіспеушіліктер сайлау даулары деп сипатталады. Сайлау дауларын шешу сайлау комиссияларында немесе сотта жүзеге асырылады. Сайлау дауларының әділ және шынайы шешілуін қамтамасыз ету сайлау процесінің және сәйкесінше сайланған лауазымды тұлғалар мен билік органдарына заңдылығына ықпал етеді.
Онлайн-сөздікте сайлаудың транспаренттілігі деген термин бар. Сайлау процесіне қатысушылар өткізетін мониторинг үшін барлық ақпарат, рәсімдер және сайлауды ұйымдастыру, өткізу және қорытынды шығару тәжірибесінің ашық және қолжетімді болатындығының көрсеткіші сайлаудың ашықтығы болып саналады.
Жаңа сөздер
Онлайн-сөздікте бұрын-соңды көп айтылмайтын терминдер де бар. Мысалы, «лас технологиялар» деген термин. Сайлау процесінің нормаларын бұзатын және сайлау кезінде жалған ақпарат пен бәсекелестер туралы компромат тарату, сайлаушыларды сатып алу және басқа да жағымсыз әдістер мен тәсілдер үшін қолданылатын айлалы және адал емес әрекеттер лас технологиялар болып саналады.
Сондай-ақ, онлайн-сөздіктен «спойлер» деген терминді кездестіреуге болады. Спойлер дегенді көпшілік фильм, кітап немесе басқа да туындының маңызды сюжетін алдын ала айтып қою деп түсінеді. Ал сайлау процесінде оның мән-мағынасы мүлдем бөлек. Сайлау науқанында адал бәсекелестікте жеңіске жету емес, сайлауда бәсекелестерге берілетін дауыстардың санын азайту, сол арқылы басқа нақты кандидаттың немесе партияның басымдықтарын арттыруды көздейтін партия немесе кандидат «спойлер» деп аталады.
Онлайн-сөздікте көп айтыла бермейтін «стейкхолдер» деген терминнің анықтамасы берілген. Сайлау процесіне қатысатын, оның өту барысына тікелей немесе жанама ықпал ететін, сайлау науқаны нәтижелерінен белгілі бір мәндерді күтетін мүдделі тұлғалар мен тұлғалар тобы «стейкхолдер» деп аталады. Олардың қатарында сайлау құқығы бар азаматтар, кандидаттар мен саяси партиялар, сайлау комиссиялары, БАҚ және сайлау процесінің өзге де қатысушылары бар.