Артқа

Сауалнама: қазақстандықтардың 68% бірпалаталы Құрылтайдан оң үміт күтеді

Фото: ОСК

Фото: ОСК

Еуразиялық интеграция институты журналистерге арналған онлайн брифинг кезінде әлеуметтік зерттеулер департаментінің жетекшісі Гүлден Емішева Қазақстанда халықтың саяси және электоралдық процестерге қатысу деңгейі тұрақты түрде өсіп келе жатқанын айтып, сауалнама нәтижесін жариялады.

Оның мәліметінше, зерттеуге Қазақстанның 17 облысы мен республикалық маңызы бар қалаларынан 18 жастан асқан 4 000 респондент қатысқан. Сауалнама іріктемесі елдегі халықтың демографиялық құрамына сай репрезентативті болып саналады және статистикалық қателік шегі шамамен 1,54%. Сауалнама нәтижесіне сүйенсек, сауалнамаға қатысқан азаматтардың 78,2% сайлау мен референдумға үнемі қатысып, дауыс беретіндерін айтқан. Салыстырмалы түрде айтсақ, осы институттың мәліметінше, 2023 жылғы парламенттік сайлауға қазақстандықтардың 53,4%, 2024 жылғы референдумға 63,4%, ал 2026 жылғы референдумға азаматтардың 75,3% қатысқан.

Бұл жолғы сауалнама нәтижесі бойынша, тұрғындардың 68%-ы бірпалаталы Құрылтайдың құрылуы мен жаңа Конституцияның қабылдануын оң өзгерістермен байланыстырып, одан үлкен үміт күтетінін мәлімдеген.

Қазақстандықтардың саяси партияларға қоятын негізгі талаптары белгілі болды

Сондай-ақ сауалнама барысында азаматтар саяси партияларға қандай талап қоятынын айтқан. Яғни:

Сауалнамаға қатысқандардың 44% партиялар  елдің экономикалық өсуіне ықпал етуі тиіс деп санайды.

Азаматтардың 33,2% әлеуметтік әл-ауқат пен теңдікті қамтамасыз етуді талап етеді.

Тағы 32,4% азамат партиялардан болашаққа деген айқын пайымын көргісі келеді.

Орталық сайлау комиссиясының мүшелері Қазақстанның аймақтарын аралап жүр

5-7 тамыз аралығында Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіровтің басшылығымен Орталық сайлау комиссиясының делегациясы Шымкент қаласы мен Түркістан облысына инспекциялық сапармен барды.

Шымкент қаласында сайлаушылармен кездесулер өткізу үшін 10 орын дайындалған. Сонымен қатар, саяси партияларға үгіт материалдарын 57 ақпараттық стендте орналастыру мүмкіндігі берілген.

Нұрлан Әбдіров сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастырған Құрылтай депутаттарының сайлауын дайындау және өткізу мәселелеріне арналған оқыту семинарларының қатысушылары алдында сөз сөйледі. Мұндай семинарлардың негізгі мақсаты аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелерінің сайлауды ұйымдастыру және өткізу, сайлау процесін құқықтық қамтамасыз ету, сондай-ақ учаскелік сайлау комиссияларының қызметін тиімді ұйымдастыру салаларындағы кәсіби құзыреттерін жетілдіру екені атап өтілді.

Сондай-ақ, инспекциялық сапар аясында ОСК Төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман Шымкент қаласының Абай, Әл-Фараби Еңбекші, Тұран аудандарында болып, бірқатар сайлау учаскелерінің жұмысымен танысты.