Сауалнама: қазақстандықтардың 72,1% Құрылтай сайлауына барып, дауыс бермек
Жарияланған күні:
Фото: институт
Еуразиялық интеграция институты 2026 жылдың 3-13 шілдесі аралығында азаматтар арасында бетпе-бет (face-to-face) сауалнама жүргізген. Қазақстанның 17 облысы мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында өткен сауалнамаға 1640 респондент қатысқан.
Сауалнама қазақстандықтардың алдағы сайлау процесіне деген ынта-ықыласы жоғары екенін көрсетті.
«Егер сайлау алдағы жексенбіде өтсе, сіз дауыс беруді жоспарлап отырсыз ба?» деген сұраққа сауалнамаға қатысушылардың 72,1%-ы оң жауап берген. Яғни, сайлау учаскелеріне баруға дайын екенін айтқан.
Респонденттердің 14,2%-ы сенімді емес екенін білдіріп, дауыс бермейтінін айтты, ал 13,7%-ы нақты жауап бере алмаған екен.
Респонденттерге қазіргі уақытта қай партияға дауыс беретіндері жайлы «Егер сайлау алдағы жексенбіде өтсе, сіз қай партияға дауыс берер едіңіз?» деген сұрақ қойылды.
- Партиялар рейтингінде «Әділет» партиясы көш бастап тұр, бүгінде оған респонденттердің 61,7%-ы дауыс беруге дайын.
- Екінші орында – «Ауыл» партиясы, оған респонденттердің 5,1%-ы дауыс беретінін айтқан.
- «Respublica» партиясы мен «Ақ жол» партиясының рейтингтері шамалас – сәйкесінше, 4,5% және 4,1%.
- Сондай-ақ, Қазақстан Халық партиясы (3,6%) мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (3,5%) рейтингтері шамамен бір деңгейде.
- «Байтақ» жасылдар партиясын респонденттердің 0,7%-ы қолдайды.
Респонденттердің 2,6%-ы «барлығына қарсы» деп дауыс беруге ниетті, ал 14,2%-ы әлі шешім қабылдаған жоқ.
Еуразиялық интеграция институты бұл деректерді Орталық сайлау комиссиясының 2026 жылғы 3 шілдедегі №ОСК-11-07/ЗТ-С-30 жазбаша хабарламасына сүйене отырып жариялайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Шанхайға барды
Бүгін сондай-ақ Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық республикасына сапары басталды. Президент Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз өткізіп, жетекші компаниялар басшыларымен кездеседі. Ал, 17 шілдеде Президент «Жарқын болашақ жолындағы жасанды интеллект саласындағы серіктестік» тақырыбына арналған Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясына (WAIC) қатысады.
Қазақстанда бір ай ішінде 168 мыңға жуық көлік есепке алынды
Ұлттық статистика бюросы хабарлағандай, биыл маусым айында Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полициясы 167 878 көлікті есепке алған.
Бұның алдында, яғни, мамыр айында есепке алынған көліктердің 87,4% жеңіл автомобиль, 5,7% жүк автомобиль, 2,4% тіркеме, 1% мотоцикл, 0,9% автобус пен 2,6% өзге де автокөлік түрі болған екен. Жалпы, 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанда 6 миллион көлік тіркелген. Көліктердің көбі Алматы қаласында және Алматы облысында тіркелген.