Стратегиялық шешімдер, көліктік модернизация және өңірлік оқиғалар: күнделікті шолу
Жарияланған күні:
Фото: Ақорда
Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Қазақстанның ғарыш саласын дамыту мәселелері қаралды. Мемлекет басшысы спутниктік байланыс пен ғарыш инфрақұрылымының тұрақты жұмысын қамтамасыз етудің маңызын атап өтті. Сондай-ақ ғарыш технологияларын дамыту, ғылыми зерттеулерді қолдау, кадр даярлау және саланың инженерлік әлеуетін күшейту қажеттігіне назар аударды. Президент «Бәйтерек» жобасының жүзеге асырылуын оң бағалап, халықаралық серіктестік пен Байқоңыр өңірінің әлеуметтік дамуына ерекше мән берді.
Қазақстаннан 1500-ден астам шетелдік шығарылып, елге кіруге тыйым салынды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, төрт күн ішінде көші-қон заңнамасын бұзудың 13 мыңнан астам дерегі анықталды. Сот шешімімен 1 559 шетел азаматы Қазақстан аумағынан шығарылып, олардың 122-сі мәжбүрлі түрде депортацияланды. Депортацияланған азаматтардың барлығына Қазақстанға бес жыл бойы кіруге тыйым салынды. Сонымен қатар 1 836 шетелдіктің елде болу мерзімі қысқартылды. Заңсыз еңбек қызметіне тартылған мыңдаған шетелдік пен жүздеген жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қазақстанда 2030 жылға дейін 650 жолаушылар вагоны жаңартылып, 124 вокзал жаңғыртылады. Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев теміржол саласын жаңғырту жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, 2030 жылға қарай жолаушылар вагондарын жаңарту деңгейі 90 пайызға жеткізіледі. Сонымен қатар ел тәуелсіздігі тарихындағы ең ірі теміржол вокзалдарын жаңғырту бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында Қазақстанның барлық өңіріндегі 124 вокзал қамтылған. Алғашқы жаңартылған 30 вокзал 1 шілдеге дейін пайдалануға беріледі.
Қостанай облысында жол апатынан белгілі айтыскер ақындар қаза тапты. Қостанай облысында болған жол-көлік оқиғасы салдарынан белгілі айтыскер ақын, мәдениет саласының үздігі Салтанат Өтелбаева және оның жұбайы, ақын Мырзабек Қасымов көз жұмды. Қаралы хабарды Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейінің директоры Мағұлан Оспанов жеткізді. Оның айтуынша, қос ақынның артында жалғыз ұлы қалды. Әріптестері Салтанат Өтелбаеваны мәдениет пен музей ісіне өлшеусіз үлес қосқан білікті маман әрі парасатты тұлға ретінде еске алып жатыр.