Артқа

Таза партиялық жауапкершілікке көшу: 100% пропорционалды жүйенің өзектілігі неде

Фото: parlam.kz

Фото: parlam.kz

1 шілдеден бастап Қазақстанда көктемгі референдумда азаматтар мақұлдаған жаңа Конституция күшіне енеді. Басты саяси жаңалықтардың бірі — қазіргі Сенат пен Мәжілістен тұратын қос палаталы парламенттің орнына бір палаталы Құрылтайдың құрылуы.

Жаңа заң шығарушы органға 145 депутат кіреді. Дегенмен, негізгі өзгеріс тек жаңа құрылымда ғана емес, депутаттар корпусын жасақтау принципінде болып отыр. Егер бұған дейін парламентте әртүрлі тетіктер бойынша сайланған әрі әртүрлі санатқа жататын депутаттар өкілдік етсе, енді Қазақстан толықтай пропорционалды сайлау жүйесіне көшеді.

Құрылтайдың барлық 145 депутаты тек партиялық тізім бойынша сайланатын болады. Осылайша, ел аралас өкілдік үлгісінен бас тартып, толық партиялық жауапкершілік принципіне бәс тігіп отыр. Бұл жүйеде әрбір саяси күш өз өкілдерінің қызметі үшін сайлаушылар алдында тікелей жауапты болады.

Бұрынғы жүйе қалай жұмыс істеді?

Конституциялық реформаға дейін Қазақстанда заң шығарушы билік қос палаталы принципке негізделді. Жоғарғы палата — Сенат, төменгі палата — Мәжіліс болды.

Мәжіліс 98 депутаттан тұрды және мұнда аралас сайлау жүйесі қолданылды: 69 депутат партиялық тізіммен, ал 29-ы бір мандатты округтер бойынша сайланды. Осылайша, парламентшілердің бір бөлігі алты саяси партияның атынан шықса, екінші бөлігін өз округтеріндегі халық тікелей сайлады. Айта кету керек, мандаттардың ең көп санын (40 мандат) «Amanat» (қазіргі «Әділет») партиясы иеленген болатын. Бұдан бөлек парламентке мына партиялар өтті:

  • «Ауыл» (8 мандат)
  • «Respublica» (6 мандат)
  • «Ақ жол» (6 мандат)
  • Қазақстан Халық партиясы (5 мандат)
  • Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (4 мандат)

Бір мандатты депутаттар өз сайлау науқандарын көбіне тұрғындардың жергілікті мәселелері төңірегінде құрды. Олар нақты бір қаланың, ауданның немесе облыстың мүддесін қорғап, өздерінің саяси қызметін округ тұрғындарының сұраныстарымен тікелей байланыстыра алатын. Екінші жағынан, партиялық тізіммен сайланған депутаттар саяси партиялардың бағдарламаларын таныстырды және жалпықазақстандық саяси күн тәртібін іске асыруға бағытталды.

Партиялық тізіммен сайланған депутаттардан бөлек, Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) да арнайы квотасы болды, оның өкілдері де депутаттық мандаттарға иелік етті. Алайда, 2022 жылы саяси жаңғыру аясында бұл тетік жойылды.

Сенат Қазақстан Республикасы Парламентінің жоғарғы палатасы болды және 50 депутаттан тұрды. Мәжілістен айырмашылығы — сенаторларды жалпыұлттық дауыс беруде халық тікелей сайлаған жоқ. Сенат депутаттарының басым бөлігін облыстық, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың мәслихат депутаттары жанама сайлау арқылы сайлады. Бұл тетік заңдарды қабылдау кезінде өңірлердің мемлекеттік деңгейдегі өкілдігін қамтамасыз етуге және елдің әртүрлі аумақтарының мүдделерін ескеруге арналған еді.

Сонымен қатар, сенатордардың бір бөлігін Қазақстан Республикасының Президенті тағайындады. Бұл норма қоғамдық маңызы бар топтардың өкілдігін қамтамасыз етуге және заң шығару процесіне мемлекеттік әрі қоғамдық қызметтің түрлі салаларында тәжірибесі бар мамандарды тартуға бағытталды.

Осылайша, егер Мәжіліс саяси партиялар мен жекелеген сайлау округтерінің мүдделерін білдірсе, Сенат өңірлік өкілдік палатасының функциясын атқарды және заң жобаларын түпкілікті қабылдау алдында оларды қараудың қосымша деңгейін қамтамасыз етті.

Реформадан кейін не өзгереді?

Жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін Құрылтайдың барлық 145 депутаты тек партиялық тізім бойынша сайланады. Бұл бір мандатты округтерден және партиялық үлгіден өзгеше кез келген басқа өкілдік формаларынан бас тартуды білдіреді. Әрбір депутаттың мәртебесі де, саяси мандатының қайнар көзі де бірдей болады — ол белгілі бір саяси күшке қолдау көрсеткен сайлаушылардың дауысы.

Іс жүзінде мемлекет сарапшылар «толық партиялық жауапкершілік жүйесі» деп атайтын үлгіге көшуде. Сайлаушы бұдан былай өз округінің жекелеген кандидатына дауыс бермейді. Ол саяси партияны, оның бағдарламасын және ұсынылған командасын таңдайды. Тиісінше, қоғам алдындағы саяси жауапкершіліктің басты субъектісі де дәл осы партия болады.

Егер азаматтар депутаттардың жұмысына көңілі толмаса, бұған жекелеген парламентші емес, оны өз тізіміне қосып, заң шығарушы органнан орын алып берген саяси күш жауапты болады.

Неліктен бұл реформаны партиялық жауапкершілікке көшу деп атайды?

Реформаны қолдаушылардың негізгі уәждерінің бірі — саяси партиялардың рөлін күшейту. Бұрынғы жүйеде депутаттардың бір бөлігі өз округінің мүддесіне немесе мандатының жеке сипатына сілтеп, партиялық тәртіптен алшақтай алатын. Жаңа үлгі мұндай жағдайды жоққа шығарады. Енді әрбір партия тек сайлау алдындағы уәделері үшін ғана емес, өзінің барлық депутаттарының қызметі үшін де жауап береді. Сайлаушы үшін биліктің тиімділігін бағалаудың түсініктірек жүйесі пайда болады.

Егер партия әлеуметтік мәселелерді шешуді, экономикалық реформаларды немесе бизнесті қолдауды уәде етсе, оның жұмысының нәтижесі келесі сайлаудағы қоғамдық қолдау деңгейіне тікелей әсер етеді. Осылайша, саяси бәсекелестік жеке тұлғалардан партиялық бағдарламалар мен командалар деңгейіне ауысады