Артқа

Тоқаев биылғы Жолдауын қазан айында жариялайтын болды

Фото: Ақорда

Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнайтын дәстүрлі Жолдауын биыл қазан айында жариялайтын болды. 

Бұл туралы бүгін президент Астанада, Тәуелсіздік сарайында өткен салтанатты іс-шара кезінде мәлімдеген.

Айта кетейік, бүгін Тәуелсіздік сарайында жуырда Қырғызстанда өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысып, жүлделері орын алған спортшылар марапатталды.

Оларды Мемлекет басшысының өзі құттықтап, марапаттады.

– Әлемнің 100-ден астам елінен келген спортшылармен бәсекеге түсіп, көк байрағымызды биікке көтеру – нағыз ұлт перзенттеріне тән асыл қасиет. Ұлттық командамыз ел үмітін толығымен ақтады деп айтсақ, әділеттікке сай сөз болады. Мен Президент ретінде баршаңызға Отанымызға әкелген рухты жеңістеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздерге тұтас халқымыз жанкүйер, тілекші болды, – деді Президент.

Мемлекет басшысы ұлттық құраманың жалпы есепте бірінші орынға шыққанын ел мерейін өсірген елеулі жетістікке балады.

– Сайыс қорытындысы бойынша спортшыларымыз 74 медаль еншіледі. Оның 32-сі – алтын жүлде. Осы тамаша жеңіс қазақтың рухы биік, жігері мықты, нағыз жеңімпаз ұлт екенін тағы бір мәрте айқын көрсетті. Жалпы, спорттың басты миссиясының бірі – өзара құрмет пен сыйластықты дәріптеу, халықтар достығын нығайту. Бұл дүбірлі дода жоғары деңгейде өтті. Сайыс нәтижелері әділ болды. Осыған орай, Қырғыз елінің Президентіне ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сөз соңында Тоқаев биылғы Жолдауын қазан айында жариялайтынын мәлімдеді.

– Біз біртұтас ел болып аса ауқымды реформаларды табысты жүзеге асырдық. Барша жұртымызға, әсіресе, өскелең ұрпаққа бағдар беретін Конституциямызды қабылдадық. Әділетті, Күшті, Озық, Таза Қазақстанның берік негізін қаладық. Мұны ұлт тарихындағы нағыз бетбұрысты оқиға деп бағалауға болады. Конституция – халқымыздың темірқазығы, ел ішіндегі түбегейлі өзгерістерге тың серпін берген қастерлі құжат. Таяуда ғана Құрылтай сайлауы өтті. Құрылтайға кәсіби, іскер, жаңашыл азаматтар кірді. Олардың ішінде жастар да аз емес. Вице-Президент тағайындалды. Жаңартылған Үкімет жұмысына кірісті. Қауіпсіздік Кеңесінің аппараты жасақталды. Көп ұзамай Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы бекітіледі. Құрылтайдың келісімімен Конституциялық сот судьялары, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері тағайындалады. Осылайша, еліміздің негізгі мемлекеттік институттары толық жаңғыртылады. Бұл да – ауқымды реформаларымыздың өте маңызды бөлігі. Ал қазан айында мен Конституцияның 46-бабына сәйкес Қазақстан халқына Жолдауымды жасап, алдағы жоспарымызды айқындаймын», – деді Мемлекет басшысы.