Артқа

Тоқаев Брюссельде, Парламенттің соңғы отырысы және қымбат мүлікке салық: жаңалықтарға шолу

Фото: Ақорда

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Брюссельдегі «Еуропа» ғимаратына келіп, Еуроодақ басшыларымен келіссөздер өткізді. Сапар аясында Президент Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Кошта мен Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйенмен кездесті. Сондай-ақ Бельгия премьер-министрі Барт де Вевермен қазақ-бельгия ынтымақтастығының келешегін талқылады. Келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар маңызды құжаттарға қол қою жоспарланған.

Қазақстан Парламенті палаталарының бірлескен отырысы 26 маусымға белгіленді. Тиісті өкімге Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов қол қойды. Құжатқа сәйкес, Парламент палаталарының бірлескен отырысы 2026 жылғы 26 маусымда сағат 10:00-де Астанада өтеді. Бұл - Парламенттің соңғы отырысы. Қыркүйекте жаңа құраммен Құрылтай жұмысқа кіріседі.

Қазақстанда ЭЦҚ пайдаланушылары үшін екі факторлы аутентификация енгізілді. Енді Ұлттық куәландырушы орталықтың жеке кабинетіне кіру үшін ЭЦҚ-дан бөлек SMS арқылы немесе eGov mobile қосымшасы арқылы қосымша растаудан өту қажет. Жаңа жүйе пайдаланушылардың аккаунттарын қорғап, рұқсатсыз кіру қаупін азайтуға бағытталған.

Елімізде  қымбат жылжымайтын мүлікке салынатын салық 2027 жылдан бастап күшіне енеді. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, жаңа норма құны 450 млн теңгеден асатын тұрғын үй иелеріне қатысты. Егер мүліктің жиынтық құны 450 млн теңгеден небары 1 теңгеге артық болса, салық есептеледі. Бағалау нарықтық бағамен емес, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы белгілейтін кадастрлық құн негізінде жүргізіледі.

лматыда бір апта ішінде безгектің екі жағдайы тіркелді. Инфекция Габон мен Вьетнамнан келген азаматтардан анықталған. Осылайша, жыл басынан бері қалада сырттан кірген безгектің төрт жағдайы тіркеліп отыр. Қазіргі уақытта науқастар ауруханада ем қабылдап жатыр. Мамандар безгек маса шағуы арқылы жұғатынын ескертіп, қауіпті аймақтарға сапарлайтын азаматтарды алдын ала сақтық шараларын сақтауға шақырды.