Артқа

Үш жылда қазақстандықтардың дауыс беруі қалай өзгерді?

Фото. Қазақстан

Фото. Қазақстан

2023 жылдан бері Қазақстанда республикалық деңгейде екі негізгі парламенттік сайлау өтті.

 

Бірі – 2023 жылғы Мәжіліс сайлауы болса, енді бірі – алғашқы Құрылтай сайлауы. Мәжіліс сайлауын алғашқы Құрылтай сайлауымен салыстырса, қазақстандықтардың сайлауға қатысу белсенділігі айтарлықтай өскенін көруге болады.

Үш жылда сайлауға қатысу айтарлықтай өсті. Бірақ бұл қазақстандықтардың саяси белсенділігі артты деген сөз бе, әлде сайлау науқанының сипаты мен саяси күн тәртібінің өзгеруінің нәтижесі ме? Бұл материалда осы сұрақтарға жауап береміз.

 

Сандар сөйлесін

2023 жылы Мәжіліс сайлауында 6,5 млн адам дауыс беріп, қатысу көрсеткіші 54,19% болды. Ол кезде сайлауда дауыс беру құқығы бар азаматтар саны 12 млн адам еді.

Ал 2026 жылғы 23 тамыздағы Құрылтай сайлауында тізімдегі 12,6 млн адамның 9,3 миллоннан астамы, яғни 74,08%-ы дауыс берді. Дауыс бергендер саны 2023 жылмен салыстырғанда 19,89%-ға, шамамен 2,8 млн адамға көп. Бұл статистикадан үш жылда сайлау учаскесіне келгендер саны өскенін аңғаруға болады.

Бұл өзгеріс 2026 жылы басталған жоқ. 2026 жылғы 15 наурыздағы Конституциялық референдумда да қатысу деңгейі 73,12% болды.

Осылайша 2023 жылы әр екінші сайлаушының шамамен бірі дауыс берсе, 2026 жылы әр төрт сайлаушының үшеуі сайлау учаскесіне барған.

 

Қалалар мен өңірлер арасындағы айырмашылық

Мұнда өте қызық тенденция бар. Халықтың сайлауға қатысу белсенділігі өскенімен, қала мен өңір арасындағы айырмашылық жоғалмаған.  2023 жылы ең жоғары көрсеткіш Қызылорда облысында – 65,70% болса, ең төменгі көрсеткіш Алматы қаласында – 25,82% тіркелді.

Бірақ бұл сайлауда Алматы қаласының көрсеткіші өскен. 2023 жылы 25,82% ғана болса, биыл сайлауға қатысқандардың үлесі 40%-дан асқан. Алматыда дауыс беру көрсеткіші артқанымен, облыстардағы деңгейге әлі жетпейді.

Ал биылғы Құрлытай сайлауында Түркістан облысы ең жоғарғы көрсеткіш 92,16%-ды көрсетті. Өңірлер арасындағы дауыс берушілердің үлесі бойынша үш жыл бұрынғы көрсеткіштен 23,54%-ға артық.

2023 жылғы сайлауда қала мен ауылдың айырмасы өте үлкен екені байқалды. Ауылдық және өңірлік сайлаушының белсенділігі ірі қалалардан әлдеқайда жоғары болды. 2026 жылы да бұл айырмашылық жойылған жоқ. Құрылтай сайлауында жалпы қатысу 74,08%-ға жеткенімен, қалалық сайлаушының белсенділігі әлі де төмен.

 

Партиялық таңдау өзгере қоймады

2023 жылы Мәжіліс сайлауында партиялар арасында таңдау әлдеқайда шашыраңқы болды. Екі сайлауда да жеті партия қатысты.

Сайлау нәтижесі:

●  Amanat – 53,90%;

●  «Ауыл» – 10,9%;

●  Respublica – 8,59%;

●   «Ақ жол» – 8,41%;

●    Қазақстан халық партиясы – 6,8%;

●   ЖСДП – 5,2%;

●    «Байтақ» – 2,3%;

●    «Бәріне қарсымын» – 3,9%.

 

Ал 2026 жылғы Құрылтай сайлауынын нәтижесі:

●   «Әділет» – 71,17%;

●  «Ауыл» – 6,26%;

●    Respublica – 5,56%;

●  «Ақ жол» – 5,21%;

●   ЖСДП – 5,11%;

●    Қазақстан Халық партиясы – 3,11%;

●    «Байтақ» – 1,07%;

●   «Бәріне қарсымын» – 2,51%.

Бұл жерде өте маңызды айырмашылықты аңғарамыз. 2023 жылы негізгі партияның үлесі 53%-ға жуық болса, 2026 жылы ең көп дауыс жинаған партия сайлаушылардың 71%-дан астам дауысына ие болды.

 

2023 және 2026 сайлау жүйесі бірдей емес

Парламенттік сайлау болғанымен, 2023 және 2026 жылдардағы сайлау жүйесі бірдей емес екенін айта кету қажет. 2023 жылы қазақстандықтар Мәжіліске партиялық тізім бойынша және бірмандатты округ бойынша кандидаттарға дауыс берді.

Ал 2026 жылы Конституциялық реформадан кейін елде бір палаталы Құрылтай сайланды және 145 мандат партиялық тізімдер арқылы бөлінді. Бес партия 5%-дық межеден өтті.

Сондықтан 2023 және 2026 жылдардағы партиялық нәтижелерді бір-біріне тікелей теңестіру әдіснамалық тұрғыдан дұрыс емес. Сайлау жүйесінің өзгеруі де сайлаушының таңдауына әсер етуі мүмкін.

Сайлау мәдениеті қалыптасты – сарапшы

Философия, саясаттану және дінтану институтының аға ғылыми қызметкері Айжан Молдағалиева Қазақстанда кейінгі жылдардағы электоралды белсенділікті түсіндіретін себептерді нақтылады.

«Қазақстандықтардың соңғы сайлауға белсене қатысуға бірден-бір себеп – сайлау мәдениетінің қалыптасуы. Соңғы бес жылда отандастарымыз президентті бір рет сайлады, заң шығарушы және өкілеттілік органдарды екі рет сайлады және жалпыұттық деңгейге шығарылған сұрақтар бойынша үш рет референдумға қатысты. Бұл – тек ұлттық деңгейде қарастырылған электоралды кампаниялар. Сонымен қатар, 2021 жылдан бері жергілікті деңгейде ауыл, ауылдық округтар мен аудандық маңызы бар қалалар тұрғындары өз әкімдерін сайлап жатыр және бұл сайлаулар нормаға айналды. Осылайша, елімізде сайлауға қатысу біртіндеп әдетке айналып кетті», – деді Айжан Молдағалиева.

 

Сарапшы Орталық және жергілікті сайлау комиссияларының жұмысын атап өтті. 2021 жылы пандемия кезінде өткен парламенттік сайлаудан бастап бұл құзіретті органдар дауыс беру мүмкіндігі бар азаматтарға өз құқықтарын қолдану барынша қолжетімді болатындай барлық жағдай жасады. Әсіресе мүмкіндіктері шектеулі адамдардың қатысуы мұқият қадағаланды. Кандидаттарды тіркеу, үгіт-насихат, учаскеге тіркелу, басқа қалада дауыс беру мерзімдері секілді сайлаудың маңызды кезеңдері және сайлау учаскелері туралы ақпарат дауыс беруге құқығы бар барлық қазақстандықтарға дер уақытында көптеген ақпарат көздері арқылы жеткізіледі.

«Дегенмен сайлауға қатысу көптеген факторға тәуелді және болашақта бұл белсенділіктің сақталуын-сақталмауын болжау қиын. Осыған дейін Қазақстанда және жалпы әлем бойынша сайлауға қатысты тенденция қалпына келуі мүмкін, яғни дауыс берушілер президенттік сайлауға көбірек қатысып, өкілеттік органдарды сайлауға азырақ қатысуы мүмкін», – деді ол.

Азаматтардың сайлауға қатысу деңгейі әр сайлау науқанының сипатына байланысты өзгеріп отырады. 2026 жылғы сайлау науқанның ерекшелігі – партиялардың белсенділігі, ақпараттық науқанның қарқынды жүруі және цифрлық коммуникациялардың күшеюі.

Қорытындылай келе, үш жылда Қазақстанда сайлаушылардың дауыс беруі былай өзгерді:

●    Біріншіден, сайлауға қатысу айтарлықтай өсті: 54,19%-дан 74,08%-ға дейін.

●  Екіншіден, ауыл мен қала арасындағы айырмашылық сақталды. Өңірлердегі қатысу әлі күнге дейін ірі қалаларға қарағанда жоғары.

● Үшіншіден, сайлаушының ақпарат тұтынуы цифрланды. Әлеуметтік желілер саяси ақпараттың негізгі арнасына айналды.

●   Төртіншіден, «бәріне қарсымын» позициясы аздап әлсіреді.

● Бесіншіден, сайлауға қатысу артқанымен, партиялық таңдау өзгермеді. 2026 жылғы Құрылтай сайлауында дауыс бір партияның айналасына көбірек шоғырланды.

 

2023 жылғы наурызда Қазақстандағы Мәжіліс сайлауына сайлаушылардың 54,19 пайызы қатысты. Үш жылдан кейін, 2026 жылғы тамызда Құрылтай сайлауында бұл көрсеткіш 74,08 пайызға жетті. Осы аралықта сайлау жүйесі өзгерді, елде Конституциялық референдум өтті, ал азаматтардың саяси ақпарат алатын негізгі арналарының бірі әлеуметтік платформаларға ауысты. Сайлауға келгендер саны да 6,5 миллионнан 9,35 миллион адамға дейін өсті.