Вице-президент тағайындалды: Құрылтай Ерлан Қариннің кандидатурасын қолдады
Жарияланған күні:
Фото: Ақорда
Бүгін Құрылтайдың екінші отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы вице-президенттің лауазымына Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды. Оның кандидатурасын Құрылтайдың 141 депутаты қолдап, дауыс берген.
Іле-шала президент Ерлан Қаринді Қазақстан Республикасының вице-президенті етіп тағайындау туралы жарлыққа қол қойды. Сонымен қатар, оны Ақордада қабылдап, негізгі міндеттерін белгілеп берді.
Ақорда хабарлағандай, Қасым-Жомарт Тоқаев Вице-Президент лауазымы Қазақстан Республикасының Конституциясымен бекітілгенін және мемлекеттік басқару жүйесінде ерекше мәнге ие екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Вице-Президент Ерлан Қариннің алдына бірқатар нақты міндет қойды. Атап айтқанда, Вице-Президентке Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында Мемлекет басшысының атынан өкілдік етіп, мемлекеттік саясаттың негізгі мәселелері бойынша ұстанымын жеткізу тапсырылды.
Құрылтай ғимаратындағы журналистердің жұмыс істеу форматы өзгеруі мүмкін
Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппараты басшысының орынбасары Болат Кальянбеков журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, енді ғимараттағы журналистердің жұмыс форматы өзгеруі мүмкін екенін мәлімдеген.
Яғни, Кальянбеков атап өткендей, Құрылтайдың бюросы БАҚ өкілдерімен жұмыс істеу тәртібін өзгертеді.
«Журналистер енді депутаттарға тек баспасөз орталығында ғана сұрақ қоя алады. Бұл аккредитациялаудың қазіргі ережелеріне сай келетін өзгеріс. Ал, аккредитация ережесіне сай, мемлекеттік орган журналистермен жұмыс істейтін орынды өзі белгілей алады», - деді ол.
Яғни, енді журналистер бұрынғыдай Құрылтай ғимаратында жүріп, депутаттарға сұрақ қоя алмауы мүмкін. Дегенмен, Кальянбеков БАҚ өкілдеріне қатысты қандай да бір өзгерістер нақты күшіне енбегенін, нақты ережелер алдағы күндері белгілі болатынын баса айта кетті.
Құрылтайдың ресми сайты жұмысын бастады
Қазақстанда Құрылтайдың ресми сайты өз жұмысын бастады. Енді Құрылтай мен оның депутаттарына қатысты ең өзекті ақпарат, заң жобаларының мәті, анонстар мен аналитикалық материалдар quryltai.kz ресми сайтында жарияланады. Сондай-ақ бұл сайтқа Құрылтай отырыстарының онлайн- трансляциясы, фото және бейнематериалдар салынады.