Артқа

Заң жобалары үш оқылымда қаралады – Қазақстанның жаңа Құрылтайы қалай жұмыс істейді

Фото: скриншот, Құрылтай депутаттары

Фото: скриншот, Құрылтай депутаттары

Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысы өтіп, онда депутаттар бір сұрақты – жаңа заң шығарушы органның жұмысын реттейтін Регламентті қабылдады. 

Регламенттің мазмұны мен басты мәселелерін депутат Снежанна Имашева оқып таныстырды. Оның айтуынша, Құрылтайдың Регламенті жаңа Конституцияға, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға сай жазылған. Яғни, бұл құжат толықтай Құрылтай депутаттарының қызметін реттеп беретін регламент болмақ.

Регламентте Құрылтай мен оның органдарының қызметін ұйымдастыру, отырыстарды, тыңдаулар мен Үкімет сағаттарын өткізу тәртібі, заң шығару процесінің қағидалары, депутаттық бірлестіктердің қызметі, сондай-ақ депутаттардың өз өкілеттіктерін жүзеге асыру тәртібі айқындалады. Жоба барлығы 31 тараудан және 310 тармақтан тұрады.

Енді Құрылтай отырыстары не сәрсенбі, не бейсенбі өтеді

Снежанна Имашеваның айтуынша, Регламент ең алдымен Құрылтай жұмысын ұйымдастыруға арналған. Ал, Құрылтай қызметінің негізгі нысаны – оның сессиялары.

«Кезекті сессия жылына бір рет – қыркүйектің бірінші жұмыс күнінен маусымның соңғы жұмыс күніне дейін өтеді. Кезекті сессиялар арасындағы кезеңде депутаттар заң шығару бастамасы құқығын іске асыру, заңдарға түзетулер әзірлеу, сайлаушылармен жұмыс істеу сияқты өкілеттіктерді жүзеге асырады. Өңірлерге шығу үшін депутаттарға күнтізбелік он күнге дейін уақыт беріледі. Мұндай шығулар әр сессияда кемінде екі рет жүзеге асырылуға тиіс», - деп түсіндірді Имашева.

Бұрынғы Парламенттің жалпы отырысы дәстүрлі түрде сәрсенбі сайын өтеді. Жаңа Құрылтай не сәрсенбі, не бейсенбі жиналып тұрады.

«Құрылтай отырыстары, әдетте, сәрсенбі және бейсенбі күндері, тыңдаулар – жұма күндері, Үкімет сағаттары – дүйсенбі күндері өтеді. Отырыс депутаттардың жалпы санының кемінде үштен екісі, яғни кемінде 97 депутат қатысқан жағдайда заңды болып саналады», - деп хабарлады Имашева. 

Құрылтай заң жобаларын үш рет қарайды

Құжат мәніне үңілсек, екіншіден, Құрылтайда заң жобаларын қарау тәртібі айтарлықтай өзгерген. Айта кетейік, бұрынғы Парламентте кез келген жаңа заң жобасын Мәжіліс екі рет қарап, Сенатқа жолдайтын. Енді Құрылтайда заң жобалары үш рет қаралады.

«Бірінші оқылымда заң жобасының мақсаттары, міндеттері, негізгі ережелері, сондай-ақ оны қабылдаудың ықтимал әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және өзге де салдары талқыланады. Бірінші оқылымнан кейін түзетулер егжей-тегжейлі пысықталады. Оларды жұмыс тобы мен бас комитет жинақтап, салыстырма кестеге енгізеді. Екінші оқылымда жұмыс тобына немесе бас комитетке енгізілген заң жобасына түзетулер қаралады. Үшінші оқылым Құрылтайдағы заң шығару рәсімін аяқтайды», - деп хабарлайды Имашева. 

Және тағы бір өзгеріс халықаралық шарттарға қатысты. Енді Құрылтай халықаралық шарттарды екі оқылымда ратификациялай алады.

Үшінші. Құрылтайдың комитеттері, комиссиялары және Бюросы

Құрылтайдың жұмыс органдары – тұрақты комитеттер мен комиссиялар. Комитеттер заң жобалау жұмысын жүргізу және Құрылтайдың қарауына жататын мәселелерді әзірлеу үшін құрылады. Құрылтайдың үйлестіруші органы – Бюро. Оны Құрылтай Төрағасы басқарады.

Төртінші. Парламенттік бақылау нысандары

Регламенттің маңызды бөлігі Құрылтайдың Конституциялық Сотпен, Үкіметпен және Қазақстан Халық Кеңесімен өзара іс-қимылына арналған. Оның ішінде Конституцияда және заңдарда көзделген мәселелерді қарау рәсімдері белгіленеді.

Құрылтайдың құзыретіне жататын аса маңызды мәселелер бойынша тыңдау өткізу көзделген. Парламенттік бақылаудың аса маңызды тетіктерінің бірі – Үкімет сағаты.

Бесінші. Парламенттік оппозицияның кепілдіктері

Жаңа Регламент Құрылтайдағы парламенттік оппозицияға кепілдік береді.

«Регламентте Құрылтайдағы көпшілік пен оппозицияның мәртебесі белгіленеді. Депутаттық мандаттың ең көп санына ие болған саяси партия көпшілік деп танылады. Құрылтайда өкілдік ететін және көпшілік құрамына кірмейтін саяси партиялар парламенттік оппозиция құра алады. Регламент бұл мәртебені декларативті түрде бекітумен ғана шектелмейді, нақты рәсімдік кепілдіктерді де көздейді. Оппозиция сессия барысында кемінде бір рет тыңдау өткізуге бастама жасауға құқылы», - деп түсіндірді Имашева.

Міне, Құрылтайдың жұмысын реттейтін Регламенттегі негізгі мәселелер осы.