Артқа

Заңдар, тарифтер және саяси одақ: Қазақстанда 12 маусымда қандай шешімдер қабылданды

Фото: Ақорда

Фото: Ақорда

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Төрағасы Марлен Маматалиевпен кездесті. Президент оның Қазақстанға алғашқы ресми сапары екіжақты ынтымақтастықты дамытуға жаңа серпін беретінін атап өтті. Кездесу барысында парламентаралық байланыстарды нығайту, жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдерді заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету және әлеуметтік-экономикалық реформалар мәселелері талқыланды. Тараптар Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды одан әрі дамытуға дайын екенін растады.

***

Оқу-ағарту министрлігіне мектептердегі ұялы телефондарды пайдалану тәртібін реттеу құқығы берілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтердің құқықтық қорғалуын күшейтуге және білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған заңға қол қойды. Құжат аясында Оқу-ағарту министрлігіне мектептердегі білім алушылардың ұялы байланыс құрылғыларын пайдалану қағидаларын бекіту өкілеттігі берілді. Енді ведомство оқушылардың мектепке телефон әкелуі мен оны пайдалану тәртібін дербес реттей алады.

***

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов «AMANAT» партиясының «Әділет» партиясымен бірігуі мемлекеттік мүддені басшылыққа ала отырып қабылданған шешім екенін айтты. Оның сөзінше, екі саяси күштің идеологиясы, құндылықтары мен электораты ұқсас болғандықтан, бәсекелес болудан гөрі күш біріктіру тиімді. Қошанов бұл процесті «қиянат» деп атауға келмейтінін айтып, оны мемлекетшіл және прогрессивті күштердің консолидациясы ретінде бағалады.

***

Қазақстанда коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту аясында тарифтер кезең-кезеңімен өзгертіледі. Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаевтың айтуынша, әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтарға тұрғын үй көмегі көрсетіледі. Егер отбасының коммуналдық қызметтерге жұмсайтын шығыны табысының белгіленген шегінен, яғни 5-10%-ынан асып кетсе, жергілікті әкімдіктер шығынның бір бөлігін өтеп береді. Бұл қолдау көпбалалы отбасыларға, аз қамтылған азаматтарға, зейнеткерлер мен мүгедектігі бар адамдарға арналған.