Артқа

Жаңа Конституция күшіне енді: Қазақстанның мемлекеттік құрылымы қалай өзгереді

Фото: Ақорда

Фото: Ақорда

Бірінші шілдеде биылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы заңды күшіне енді. Бұл - Ата Заңға қатысты соңғы отыз жылдағы ең ауқымды түзету. Өзгерістер жекелеген баптарды түзетумен шектелмейді. Заң шығарушы биліктің моделі ауысады, бірқатар жаңа институт пайда болады, ал азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қатысты нормалардың бір бөлігі нақтыланса, енді бір бөлігі қатаңдатылады.

Парламенттің орнына Құрылтай келді

Ескі Конституцияда заң шығарушы билік екі палаталы Парламентке тиесілі болатын. Сенат пен Мәжіліс әр мәселені кезек-кезек, бөлек отырыстарда қарап, екі палата арасында келіспеушілік туындаса, арнайы келісу комиссиясы құрылатын. Бұл рәсім, сарапшылар жиі айтатындай, заң қабылдау процесін ұзартып, кейде саяси күрделендіріп жіберетін.

Жаңа Конституцияда бұл схема толықтай өзгереді. Екі палаталы Парламент өз қызметін тоқтатады, оның орнына жоғары заң шығарушы орган ретінде бір палаталы кәсіби Құрылтай жұмыс істей бастайды. Оның құрамына бес жылдық мерзімге сайланатын 145 депутат кіреді. Әрине, бұл тек атаудың ауысуы емес. Заң нормаларындағы «Парламент» сөзі «Құрылтай» болып, ал «республикалық референдум» ұғымы «жалпыхалықтық референдум» болып ресми түрде түзетілді. Заң қабылдау жолы қысқарған сайын, шешім қабылдау жылдамдығы артады деген логика бар, бірақ, сонымен қатар, екі палата арасындағы өзара тексеру тетігінің жойылатынын да ескерген жөн.

Президенттің Құрылтайды тарату құқығы бар

Жаңа Конституцияда Президентке Құрылтайды тарату құқығы берлген. Президент бұл құқықты төмендегі лауазымдарға ұсынылған кандидатураларды Құрылтай екі рет қатарынан мақұлдамай тастағанда қолдана алады:

  1. Вице-президент лауазымы;
  2. Премьер-Министр лауазымы;
  3. Конституциялық Сот судьялары, Орталық сайлау комиссиясы және Жоғары аудиторлық палата мүшелері.

Ескі Конституцияда мұндай тарату негіздері осыншама нақты тізбеленбеген еді. Бұл түзету атқарушы биліктің заң шығарушы органға қатысты ықпалын күшейтетін тетік ретінде қарастырылуы мүмкін.

Ұлттық валюта мен меншік кепілдіктері конституциялық деңгейге көтерілді

Ескі Конституцияда теңгенің ұлттық валюта мәртебесі тікелей бапта көрсетілмеген. Жаңа редакцияда бұл норма 2-бапқа енгізілді. Теңге - Қазақстанның ұлттық валютасы, ал оны эмиссиялау құқығы тек Республикаға тиесілі деп бекітілді. Сонымен қатар меншік институтының аясы кеңейді. Ескі Конституцияда тек «мемлекеттік және жеке меншік» қана аталса, жаңа мәтінде «барлық нысандағы меншік» бірдей танылады әрі қорғалады деп көрсетілген. Бұл тұжырым құқықтық тұрғыда меншіктің өзге де түрлерін заңдастыруға мүмкіндік береді.

Экономикалық бағытта да жаңалық бар. Кейбір аймақтарда «жеделдетілген даму қалалары» немесе ерекше қаржылық аймақтар құрылуы мүмкін. Мұндай ерекше жерлерде мемлекеттік басқару мен сот жүйесі де өзгеше жұмыс істейді.

Сайлану құқығына қойылатын талаптар қатаңдатылды

Жаңа Конституцияда сайлау құқығына қатысты бұрын болмаған шектеулер пайда болды. Сотталғандығы заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған, сондай-ақ сот тәртібімен сыбайлас жемқорлық қылмысы немесе құқықбұзушылығы расталған азаматтар сайлауға түсе алмайды. Ескі Конституцияда мұндай нақты тыйым болмаған. Онда тек іс-әрекетке қабілетсіз деп танылған және бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтарға қатысты шектеу ғана бар еді.

Президент сайлауына түсетін үміткерлерге қатысты критерийлер де жаңартылды. Енді жасы, тұру мерзімі мен білімі туралы бұрыннан бар ережелерден бөлек, кандидаттың мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымда кемінде бес жылдық жұмыс тәжірибесі болуы шарт.

Мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттер үшін жауапкершілігі нақтыланды

Жаңа Конституцияда азаматтардың мемлекеттік органдар немесе шенеуніктердің заңсыз әрекетінен келген зиянды мемлекеттен өтеуді талап ету құқығы жеке норма ретінде бекітілді. Ескі мәтінде мұндай тікелей кепілдік болмаған еді. Ол сот арқылы қорғанудың жалпы құқығы аясында қарастырылатын.

Вице-президент лауазымы пайда болды

Бұрынғы Конституцияда мұндай лауазым мүлде болмаған. Президент қызметінен мерзімінен бұрын кеткен жағдайда оның өкілеттігі алдымен Сенат Төрағасына, ол қабылдай алмаса, Мәжіліс Төрағасына, одан кейін Премьер-Министрге көшетін көпсатылы жүйе жұмыс істеді. Осы тізбекке Вице-президент лауазымы қосылды. Оны Президент Құрылтайдың келісімімен қызметке тағайындайды.

Бұл өзгерістің мақсаты - саяси жүйені тұрақтандыру және билік сабақтастығының нақты тетігін бекіту деп түсіндіріледі.

Қазақстан Халық Кеңесі: жаңа алаң, ескі идея

Бұрынғы Конституцияда Қазақстан халқы Ассамблеясы тек Президент өкілеттігіндегі бір тармақ ретінде ғана аталатын. Жаңа нұсқада оның орнын дербес конституциялық мәртебесі бар Қазақстан Халық Кеңесі басады. Оның 126 мүшесі этномәдени бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар және мәслихаттар мен қоғамдық кеңестер арасында тең бөлінген. Органның шешімдері заңдық күшке ие болмайды және ол консультативтік сипатта қалады. Ресми мақсаты -  қоғамдық диалог тұғырнамасын заңдық деңгейде бекіту.

Ұстау сәтіндегі құқықтар нақтыланды

Азаматтық бостандықтар бөліміндегі елеулі жаңалықтың бірі -  құқық қорғау органдарының ұстау кезіндегі міндеттерін нақтылау. Ескі Конституцияның 16-бабында «ұсталған адам адвокат көмегін пайдалануға құқылы» деген жалпы норма болғанымен,  ұстау сәтінде нақты не айтылуы керектігі көрсетілмеген еді. Жаңа мәтінде бұл тәртіп халықаралық «Миранда қағидасына» теңестірілді. Ұсталған азаматқа үнсіз қалу, адвокат шақыру, телефонмен хабарласу құқығы және қандай негізде ұсталғаны дереу түсіндірілуі тиіс.

Сонымен қатар адвокаттардың мәртебесі енді конституциялық деңгейде бекітіліп, олардың сот процесінде прокурормен тең құқықтылығы қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ бір қылмыс үшін екі рет жауапқа тартуға тыйым салу нормасы нақтыланып, кінәсіздік презумпциясы күшейтілді. Азаматтың өзіне, жұбайына, жақын туыстарына және сырын сеніп тапсырған дін қызметкеріне қарсы куәлік беруден бас тарту құқығының аясы да кеңейтілді.

Жиналыс бостандығын құқықтық реттеу

Конституцияның 32-бабына енгізілген түзетулер жиналыстар өткізу тәртібіне қатысты өзгерістерді қамтиды. Ескі редакцияда «жиналыстар, митингілер, шерулер және пикеттер» өткізу құқығы тікелей көрсетілсе, жаңа мәтінде бұл тізбе қысқартылып, «шерулер» мен «пикеттеу» ұғымдары алынып тасталды. Сонымен қатар, жиналыстарды өткізуді шектеуге қатысты заңдық негіздер нақтыланды. Бұл мәселе құқықтық сараптамалар мен қоғамдық талқылаулардың басты назарындағы тақырыптардың бірі болып отыр.

Цифрлық дәуірдің конституциялық көрінісі

Ескі Конституцияда дербес деректерді цифрлық орта тұрғысынан қорғау туралы жеке норма болмаған, бұл мәселе жеке өмірге қол сұғылмаушылық туралы жалпы тұжырымда ғана көрініс табатын. Жаңа Конституцияда азаматтарды қорғаудың осы бағыты дербес баппен толықтырылды. Енді жеке өмірдің құпиялылығын, дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан, соның ішінде цифрлық технологияларды қолдану арқылы қорғау тікелей кепілдендіріледі. Енгізілген өзгерістер соңғы жылдардағы технологиялық дамудың негізгі заңдағы құқықтық көрінісі.

Жаңа Конституцияның күшіне енуі мемлекеттік құрылымның бірнеше деңгейіне бір мезгілде әсер етеді. Парламенттің Құрылтаймен алмастырылуы заң шығару процесін орталықтандырып, жеделдетеді, ал Президентке заң шығарушы органды нақты белгіленген жағдайларда тарату құқығының берілуі -  билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті әлсіретуі мүмкін. Вице-президент пен Қазақстан Халық Кеңесі сияқты жаңа институттар билік сабақтастығы мен қоғамдық өкілдік мәселесін реттеуге арналған. Азаматтық құқықтар бөлімінде бағыт біркелкі емес. Ұстау кезіндегі кепілдіктер, адвокаттар мәртебесі, мемлекеттің заңсыз әрекеттері үшін жауапкершілігі, цифрлық қорғау сияқты салаларда нормалар кеңейсе, жиналыс бостандығына қатысты ережелер, керісінше, қатаңдатылды, ал сайлану құқығына сыбайлас жемқорлық пен азаматтың сотты болуына байланысты жаңа шектеулер енгізілді.

Жалпы құрылым тұрғысынан да құжат көлемі ұлғайған. Ескі Конституцияда жеті бөлім болса, жаңа мәтін он бір бөлімнен тұрады. Оларға Конституциялық Сот, сот төрелігі мен прокуратура, жергілікті өзін-өзі басқару және Қазақстан Халық Кеңесі үшін жеке-жеке бөлімдер бөлінген, бұл реттеу деңгейінің тереңдегенін көрсетеді.

Қабылдаған құжаттың тиімділігі оның іс жүзінде орындалу сапасына тікелей байланысты болады. Жаңа баптардың заңнамалық деңгейдегі нақты түсіндірмесі алдағы уақытта құқықтық практика аясында айқындалады. Құрылтайға өтетін алғашқы сайлаудың нәтижелері елдегі саяси тәжірибенің басты бағытын көрсетеді.