Жаңа Конституцияның жаңа ережелері: бір палаталы жүйедегі заңдарды қабылдау мен бекітудің құқықтық сүзгілері
Жарияланған күні:
Фото: Акорда
Кез келген мемлекеттің құқықтық жүйесінің тұрақтылығы мен сапасы заңдардың қалай қабылданатынына тікелей байланысты. Конституциялық реформалардан кейін еліміздің заң шығару процесінде айтарлықтай трансформация жүрді. Оның ішінде ең үлкен өзгеріс – Құрылтайдың құрылуы және болашақта заңның санына да, сапасына да тек осы Құрылтай депутаттарының жауапты болуы. Бұл іс жүзінде заңдарды қабылдаудың классикалық қос палаталы моделінен бір палаталы (функционалдық тұрғыдан) заң шығару үлгісіне көшуді білдіреді.
Алайда, «бір палата қабылдайды» деген сөз – сүзгі азайды, заңдар сапасыз өтеді дегенді білдірмеуі тиіс. Керісінше, жаңа ережелер заң жобаларын сараптаудың мүлдем басқа, неғұрлым қатаң құқықтық сүзгілерін талап етеді.
Негізгі сүзгі: Құрылтайдың рөлі мен жауапкершілігі
Ескі жүйеде заң жобасы Мәжілісте қаралып, кейін Сенатқа өтетін, ал Сенат оны «қабылдайтын». Қазір ереже өзгерді: заңды тек Құрылтай қарап, Құрылтай қабылдайды. Бұл дегеніміз – заңның шикілігі мен жіберілген қателіктер үшін негізгі саяси және құқықтық жауапкершілік тек қана Құрылтай депутаттарының мойнына жүктеледі. Енді «жоғары палата түзетер» немесе «кемшілігін Сенат қайтарар» деген сылтауға орын жоқ.
Бұл кезеңдегі басты құқықтық сүзгілер
Жұмыс топтарының ашықтығы немесе қоғамдық сүзгі. Заң жобасы қабылданбас бұрын оның әрбір тармағы қоғамдық ұйымдар, тәуелсіз сарапшылар мен мүдделі тараптардың қатысуымен талқыланады. Жаңа форматта бұл жай ғана формальды кездесу емес, ашық дебат алаңына айналуы тиіс. Әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалар арқылы азаматтардың ұсыныстары тікелей жұмыс топтарына жолданып, заңның халықтық мүддеге сай келуі бірінші кезеңде-ақ қадағаланады.
Құқықтық және лингвистикалық сараптама, яки, кәсіби сүзгі. Құрылтай қабырғасында заңның тек мазмұны емес, оның қолданыстағы басқа заңдармен қайшы келмеуі (коллизия болмауы) жіті тексеріледі. Сондай-ақ, заң мәтіндерінің қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқаларының мағыналық теңдігін сақтау – басты талап. Бұл сүзгі заңның құқықтық тұрғыдан мінсіз болуын және болашақта оны қолдану барысында екіұдай түсініктердің туындамауын қамтамасыз етеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама: Бұл - лоббистік топтардың заңға өз мүдделерін жасырын өткізіп жібермеуін бақылайтын ең маңызды қалқан. Әрбір баптың артында жекелеген топтардың емес, мемлекет пен бұқараның мүддесі тұрғаны ғылыми деңгейде дәлелденуі шарт.
Жүйенің тиімділігі мен тәуекелдері
Жаңа конституциялық ережелер заң шығару процесін біршама жылдамдатты. Бұрын заңдар екі палатаның ортасында айлап жүріп қалса, Құрылтай жұмысын бастаған соң, кез келген заң Құрылтайдың қазанында қайнап, сол қазаннан пісіп шығады. Оңтайландырылған бұл модель мемлекеттік маңызы бар шұғыл шешімдерді уақытылы қабылдауға мүмкіндік береді. Алайда, бұл жылдамдықтың өз тәуекелдері де бар. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, қос палаталы жүйеден бір палаталы (немесе бір функционалды палаталы) үлгіге көшкен кезде заң шығару процесінде мынадай үш негізгі институционалдық қауіп пайда болады:
«Эмоциялық» заңдардың қабылдану тәуекелі
Қос палаталы жүйеде Сенат көбіне саяси эмоцияларды басатын, заң жобасын суық ақылмен қайта қарайтын «тежегіш» рөлін атқаратын. Бір палаталы жүйеде қоғамдағы қандай да бір резонансты оқиғадан кейін, халықтың реакциясына немесе сәтсіз трендтерге ілесіп, ұзақ мерзімді салдары есептелмеген «асығыс» заңдардың өтіп кету қаупі артады.
Үкіметтің (атқарушы биліктің) доминанттығы
Екінші палатаның екшеуінен өтпейтін болғандықтан, Үкімет өзіне ыңғайлы, бірақ қоғам немесе бизнес үшін ауыр соғатын заң жобаларын, тіпті лоббистік нормаларды өз фракциялары арқылы Парламенттен жылдам өткізіп алуға мүмкіндік алуы мүмкін. Бұл билік тармақтары арасындағы тепе-теңдіктің бұзылуына әкеп соғады.
Сапаның санның көлеңкесінде қалуы
Заң зауыт конвейері емес. Процестің шамадан тыс тездеуі заң мәтініндегі техникалық, лингвистикалық және құқықтық қателіктердің (коллизиялардың) дер кезінде анықталмай қалуына әкеп соғуы мүмкін. Шынайы дебаттар мен жан-жақты талқылаулар уақыт тапшылығының құрбаны болуы ықтимал.
Сондықтан, екінші палатаның бақылау функциясы қысқарған тұста, заң шығарушы органның ішкі заңгерлік сүзгілерінің салмағы екі есе артады. Құрылтай қабырғасындағы әрбір жұмыс тобы, әрбір ғылыми сараптама орталығы бұрынғыдан да қатаң, бұрынғыдан да тәуелсіз жұмыс істеуі шарт.
Түйіндей айтсақ, бір палаталы заң қабылдау моделі Парламентке үлкен сеніммен бірге, үлкен жауапкершілік жүктеді. Ендігі кезекте заңдардың «шикі» күйінде өтіп кетпеуі тек құқықтық сүзгілерге ғана емес, Парламент мониторингімен айналысатын азаматтық қоғам мен тәуелсіз медианың бақылауына тікелей байланысты. Сүзгілер қағаз жүзінде емес, іс жүзінде жұмыс істегенде ғана жаңа ережелер халыққа қызмет ететін болады. Тәуелсіз мониторинг бұл жүйенің қатесіз жұмыс істеуіне кепілдік беретін басты қоғамдық құрал.