Артқа

Жаңа Құрылтайдың жаңа төрағасы болып Айбек Дәдебай сайланды

Фото: Ақорда

Фото: Ақорда

Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан тарихындағы тұңғыш Құрылтайдың бірінші сессиясын ашып, жаңа сайланған депутаттар алдында сөз сөйледі.

Президент ең алдымен тұңғыш Құрылтайдың бірінші депутаттарынан халық зор үміт күтетінін ерекше атап өтті.

«Құрылтайда мемлекеттік маңызы бар мәселелер кеңінен талқыланып, ортақ шешімдер қабылданған. Бұл институттың жаңа кезеңде де жөні бөлек болары анық. Себебі Құрылтай билік жүйесін түбегейлі жаңғыртады, бүкіл мемлекеттік аппараттың жұмысына тың серпін береді. Құрылтай ұлттық заңнама сапасын арттыру арқылы еліміздің құқықтық негізін нығайта түседі. Осы тарихи миссияны атқару сіздерге жүктеліп отыр. Құрылтайдың бірінші шақырылымының депутаты болу – ең алдымен, ерекше сәт. Бұл – үлкен бақыт деп айтсақ, қате болмас», - деді Тоқаев.

Сондай-ақ Тоқаев жаңа заң шығарушы органның мемлекеттік басқару жүйесіндегі рөлі күшейетінін айтты. Енді Конституциялық сот судьялары, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері Құрылтайдың келісімімен тағайындалады. Бұдан басқа Құрылтайдың республикалық бюджетті бекітуге, Үкіметке сенімсіздік білдіруге және бірқатар лауазымды тұлғалардың қызметіне қатысты шешім қабылдауға құзыреті болады.

Президент Құрылтай төрағалығына Айбек Дәдебайдың кандидатурасын ұсынды

Құрылтайдың бірінші сессиясында сөз сөйлей отырып Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай төрағасы лауазымына Айбек Дәдебайдың кандидатурасын ұсынды.

«Өздеріңізге мәлім, Конституцияның 57-бабына сәйкес Құрылтай Төрағасының лауазымына кандидатураны Президент ұсынады. Мен жауапкершілігі зор бұл лауазымға Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын ұсынамын. Сіздер бұл тұлғаны жақсы білесіздер. Ол мемлекеттік басқару жүйесінде көп жыл қызмет етті», - деп атап өтті Тоқаев.

Құрылтай депутаттары ант берді

Президенттің сөзі аяқталғаннан кейін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Құрылтайдың 145 депутатынан ант қабылдау рәсімін өткізді. Ол депутаттарды бір-бірден шақырып, мінберде анттарын тыңдады.

«ҚР Конституциясының 54-ші бабына сәйкес Құрылтай депутаттары Қазақстан халқына ант береді. Осыған байланысты салтанатты түрде ант беру рәсіміне кірісуге рұқсат етіңіздер», – деді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.

Депутаттар жасырын дауыс беру арқылы Құрылтай төрағасын сайлады

Содан кейін Нұрлан Әбдіров Құрылтай Төрағасын сайлау үшін депутаттар арасынан санақ комиссиясын жасақтады. Санақ комиссиясы жасақталған соң, депутаттар жасырын түрде, жарты сағат ішінде президент ұсынған лауазым, яғни, Айбек Дәдебайдың кандидатурасы үшін жасырын дауыс берді. Жасырын дауыстың нәтижесі бойынша, 144 депутат Айбек Дәдебайдың кандидатурасын қолдап, дауыс бергені анықталды.

Осылайша, жаңа Құрылтайдың жаңа төрағасы болып Айбек Дәдебай сайланды.