Артқа

«Жеті партия бәсекесі». Алғашқы Құрылтай сайлауы қалай өтті

Фото. Алғашқы Құрылтай

Фото. Алғашқы Құрылтай

23 тамызда Қазақстанда алғаш рет Құрылтай сайлауы өтті. Биыл 1 шілдеде бұрынғы қос палаталы Парламенттің, яғни Мәжіліс пен Сенаттың жұмысы тоқтады.

Оның орнына 145 депутаттан тұратын бір палаталы Құрылтай келді. Дауыс беруге 9,3 миллионнан астам қазақстандық қатысып, сайлаушылардың қатысу көрсеткіші 74 пайыздан асты.

 

Бұл сайлауға жаңа парламенттің депутаттарын анықтаған саяси науқан деп қарау жеткіліксіз. Құрылтай сайлауы 2026 жылғы конституциялық өзгерістерден кейін қалыптасқан жаңа саяси жүйенің алғашқы практикалық сынағы іспетті.

Құрылтайға депутаттар бес жылға сайланады және барлығы партиялық тізім бойынша, біртұтас жалпыұлттық округтен өтеді. Яғни сайлаушы бұл жолы нақты бір адамға емес, саяси партияға дауыс берді.

Бұл сайлауды қорытындылағанда сайлаушылардың белсенділігіне, партиялар арасындағы бәсекеге және жаңа парламенттегі күштердің арақатынасына назар аудардық.

 

Дауыс берушілердің үлесі – 74 пайыз

Орталық сайлау комиссиясының түпкілікті дерегіне сәйкес, сайлаушылар тізіміне 12 623 289 адам енгізілген. Оның 9 351 539-ы дауыс беруге қатысқан. Сонда дауыс беруге құқылы сайлаушылардың 74,8 пайызы өз таңдауын жасаған. Бұл көрсеткіш соңғы парламент сайлауымен салыстырғанда айтарлықтай жоғары екенін айта кеткен жөн.

2023 жылғы Мәжіліс сайлауында дауыс беруге сайлаушылардың 54,19 пайызы ғана қатысқан. Бұл дауыс берушілердің жартысынан сәл ғана көп деген сөз. Осы үш жыл ішінде көрсеткіш шамамен 20 пайызға артқан.

Десе де бір ғана көрсеткішпен «қоғамның саяси өмірге қызыға бастағанын көрсетеді» деп қорытынды жасауға әлі ерте.

Бұл жолы қазақстандықтар әдеттегі парламент мүшелерін емес, жаңа Конституциядан кейінгі алғашқы Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысты. Сайлаушы үшін дауыс беру тек партия таңдау ғана емес, елдегі жаңа саяси құрылымның алғашқы мүшелерін анықтау маңызды болды.

Сайлау науқанының алдында жүргізілген бірнеше зерттеуде дауыс беруге ниетті азаматтардың үлесі жоғары болған. Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) ұйымдастырған сарапшылық талдауда маусым-шілде айларындағы алты зерттеудің нәтижесінде респонденттердің 70,3-75,6 пайызы сайлауға қатысуға дайын екенін айтқан. Демек, жоғарыдаайтылған сайлауға қатысу көрсеткіші алдын ала қалыптасқан қоғамдық көңіл-күймен сәйкес келді.

 

Жеті партияның бесеуі өтті

Сайлауға жеті саяси партия қатысты. Олар: «Әділет», «Ауыл», Respublica, «Ақ жол», Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, Қазақстан Халық партиясы және «Байтақ» жасылдар партиясы. Құрылтайға өту үшін партиялар сайлаушылар дауысының кемінде 5 пайызын жинауы қажет еді. Сайлау қорытындысына сәйкес, «Әділет» партиясы 71,17 пайыз дауыс жинап, ең көп мандатқа ие болды. Ал «Ауыл» – 6,26, Respublica – 5,56, «Ақ жол» – 5,21, ЖСДП – 5,11 пайыз жинап, Құрылтайға өтті. Қазақстан Халық партиясы – 3,11 пайыз, «Байтақ» 1,07 пайыз жинап, беспайыздық межеден өте алмады. Ал «Бәріне қарсымын» деген нұсқаны 2,51 пайыз сайлаушы таңдаған.

Бұл жерде бірінші және екінші партияның арасындағы дауыс айырмашылығына назар аудармасқа болмайды. «Әділет» пен «Ауылдың» нәтижелерінің арасы  64,91 пайызды құрады. 2023 жылғы Мәжіліс сайлауында AMANAT 53,9 пайыз дауыс жинаса, екінші орында болған «Ауыл» партиясы 10,9 пайыз дауыс жинаған еді. Ол кезде бірінші және екінші партия арасындағы айырмашылық 43 пайызды көрсеткен. Яғни үш жылда саяси көшбасшы мен қалған партиялардың арасындағы алшақтық айтарлықтай ұлғайған. Ал бұл жайт Құрылтайдағы саяси күштердің орналасуына тікелей әсер етті.

 

«Әділет» 110 мандат алды

Бұл сайлауға жеті саяси партияның атынан 545 кандидат қатысты. Сайлауда ең көп даыс жинаған «Әділет» партиясы 145 мандаттың 110-ына ие болды. «Ауыл» партиясына – 10, Respublica – 9, «Ақ жол» – 8, ЖСДП болса 8 мандат алды.

Бұл жерде пайыз бен мандат санының арасында айырмашылық бар екенін ескеру керек. «Әділет» сайлаушылардың 71,17 пайыз дауысын алғанымен, Құрылтайдағы орындардың шамамен 76 пайызын иеленді. Себебі мандаттар 5 пайыздық межеден өткен партиялардың арасында бөлінеді. Межеден өтпеген партияларға берілген дауыстар мандат бөлуге қатыспайды. Нәтижесінде жаңа парламентте бір партия айқын басымдыққа ие болды. Ал бұл Құрылтайдың заң шығару жұмысында шешім қабылдауды жеңілдетуі мүмкін.

Құрылтайда бес партия болғанымен, олардың төртеуі бар болғаны 35 мандатты бөлісіп отыр. Ал «Әділет» партиясы атынан 110 депутат сайланып отыр.

Сондықтан жаңа парламентте көп партия болғанымен, мандаттар үлестірілгенде теңгерім болмады.

ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы сайлау комиссияларының дайындығы, Орталық сайлау комиссиясы жұмысының ашықтығын, сайлаушыларды ақпараттандыруды және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай жасау бағытындағы жұмысты оң бағалады. Миссия дерегінше, сайлауды 42 елден және 13 халықаралық ұйымнан 777 халықаралық бақылаушы, сондай-ақ шамамен 80 мың отандық бақылаушы қадағалаған.

 

Сайлауда бәсеке болды ма?

Сайлау науқаны кезінде бәсекенің сыртқы белгілері айқын байқалды. Жеті партия да үгіт жүргізді, халықпен кездесті, әлеуметтік желілерде контент жариялады. Бірнеше теледебат ұйымдастырылып, партия жетекшілері мен өкілдері өз бағдарламаларын дүйім жұртқа кезек-кезек таныстырды. 19 тамызда Құрылтай сайлауы алдындағы соңғы ірі теледебатқа барлық жеті партияның жетекшісі қатысты.

Сайлауалды пікірталастардың аудиториясы да аз болған жоқ. ҚСЗИ сараптамалық алаңында келтірілген дерекке сәйкес, «Qazaqstan» телеарнасындағы дебатты 560 мың адам көрсе, ал «7 арнадағы» пікірталасты 1,45 миллион көрермен тамашалаған. Әлеуметтік желілерде сайлау тақырыбына қатысты 10 мыңнан астам жазба жарияланған. Бұл – Қазақстандағы сайлау коммуникациясының біртіндеп теледидардан цифрлық ортаға қарай ойыса бастағанын көрсетеді.

Сауалнама деректерінен де осыны аңғаруға болады. Төрт мың адам қатысқан зерттеуде респондерттердің 51,6 пайыз телеарналарды сайлау туралы ақпарат алудың негізгі көзі ретінде көрсеткен. Ал 44,5 пайызы – Instagram-ды, 32,5 пайызы  – ақпараттық интернет-порталдарды, 23,8 пайызы – TikTok-ты атаған.

Демек, партиялар үшін сайлауалды коммуникация бұрынғыдай тек телеарна мен көшедегі үгітпен шектелмейді. Әлеуметтік желідегі қысқа видео, визуалды контент, тікелей эфир, пікірталас және аудиториямен интерактивті жұмыс науқанның бір бөлігіне айналды.

Тіпті сарапшылар биылғы науқанда жасанды интеллектінің қолданылуын да ерекше атап өтті. Жасанды интеллект бір жағынанмәтін, видео, аудио және визуалды материал дайындауды жеделдеткенімен, екінші жағынан дипфейк, дезинформация және саяси контентке сенім мәселесі де пайда болды.

Алайда коммуникациялық бәсеке мен саяси бәсекені бірдей алып қарауға болмайды.

 

Медиа мен әлеуметтік желі: ақпарат көп, талдау аз

Құрылтай сайлауының тағы бір ерекшелігі – ақпарат көлемінің көп болуы. Партиялар әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істеді. Дебаттардың үзінділері TikTok пен Instagram-да тарады, партия өкілдері тікелей эфирлерге шықты, сайлаушыларға арналған қысқа роликтер көбейді.

Бірақ ақпараттың көп болуы сайлаушының жақсы хабардар болғанын білдірмейді. ЕҚЫҰ ДИАҚБ бақылаушылары осы мәселеге назар аударды. Миссия бақылаған БАҚ барлық қатысушыны негізінен бейтарап сипатта көрсеткенімен, сайлауалды науқанға редакциялық және аналитикалық материалдардың аз болғанын айтты. Бақылаушылардың бағалауынша, мұндай жағдай сайлаушының саналы таңдау жасау мүмкіндігін шектейді.

Бұл сайлау журналистерге сабақ болды. Сайлау кезінде партиялардың не айтқанын қайталау жеткіліксіз. Олардың уәдесі қаншалықты орындалатынын, бұрынғы бағдарламаларының нәтижесін, ұсыныстардың қаржылық мүмкіндігін, заңнамалық негізін және бір-бірінен айырмасын салыстыру қажет. Өйткені сайлауалды коммуникацияға партияның өзін таныстыру құралы деп қараған жөн.

Ал журналистиканың міндеті – сол ақпаратты тек жеткізу емес, тексеру және контекст беру.

 

2023 жылмен салыстырғанда не өзгерді?

Үш жыл бұрынғы Мәжіліс сайлауымен салыстырғанда Құрылтай сайлауының айырмасын тек партиялардың нәтижесінде емес, бүкіл сайлау архитектурасынан көруге болады. 2023 жылы жеті партияның алтауы Мәжіліске өтті. 2026 жылы олардың бесеуі ғана Құрылтайдан орын алды.

2023 жылы AMANAT 53,9 пайыз жинаса, 2026 жылы «Әділет» 71,17 пайыз алды.

2023 жылы екінші партияның нәтижесі 10,9 пайыз болса, биыл екінші орын алған «Ауыл» партиясы 6,26 пайыз ғана жинады.

Сонымен қатар 2023 жылы бір мандатты округтер бойынша сайланған депутаттар болды. Қазір ондай округтер жоқ.

Осы өзгерістердің бәрін қосқанда, жаңа Құрылтайдың саяси моделі партиялық тәртіпке көбірек сүйенетін парламент қалыптастырады.

Бюллетеньдегі «Бәріне қарсымын» нұсқасын 2,51 пайыз сайлаушы таңдады. Бұл көрсеткіш 2023 жылғы 3,9 пайызбен салыстырғанда төмен. Оны бірден қоғамдағы наразылық азайды деп түсіндіру дұрыс емес. «Бәріне қарсымын» нұсқасын таңдау – нақты саяси партиялардың ешқайсысын қолдамаудың бір ғана формасы.

Бірақ көрсеткіштің өзі бір нәрсені көрсетеді: сайлауға келген азаматтардың басым бөлігі жеті партияның ішінен біреуін таңдаған.

 

Құрылтай енді қандай парламент болады?

Сайлау нәтижесі Құрылтайдың алғашқы кезеңдегі негізгі саяси сипатын анықтап берді. 110 депутаттық мандатқа ие болған «Әділет» абсолютті басымдықпен парламенттегі ең ықпалды күшке айналды. Қалған төрт партияның жалпы мандаты – 35.

Бірақ бұл парламенттің тиімділігі тек қабылданған заңдардың санына байланысты болмайтыны анық. Құрылтай үшін негізгі сынақ – билікті қолдайтын көпшілік пен қалған партиялардың арасында мазмұнды пікірталас қалыптастыру.

Партиялар бір-бірінен тек сайлау кезінде емес, заң жобаларын талқылау барысында да ерекшеленуі керек. Әйтпесе көппартиялықтың институционалдық формасы сақталғанымен, саяси пікір алуандығы шектеулі болып қалуы мүмкін.

Бұл жерде мандаты аз партияларға да үлкен жауапкершілік түседі. 8-10 депутаттан тұратын фракциялар көпшілік шешімін өзгерте алмауы мүмкін, бірақ олар заң жобаларына балама ұсыну, қоғамдық проблемаларды көтеру, билік бастамаларын сынау және сараптамалық пікір қалыптастыру арқылы ықпал ете алады.

 

Тоқетері…

Алғашқы Құрылтай сайлауынан мынандай түйін жасауға болады.

Біріншіден, сайлаушылардың белсенділігі жоғарылады. Екіншіден, парламенттегі партиялар саны біреуге кеміді, яғни, жеті партияның бесеуі ғана парламентке өтті және олардың төртеуі 5 пайыздық межеден сәл ғана жоғары нәтиже көрсетті. Үшіншіден, саяси күштердің арақатынасы қатты өзгеріп, «Әділеттің» 71,17 пайыздық нәтижесі жаңа Құрылтайдағы басымдықтың ауқымын көрсетті. Төртіншіден, сайлау коммуникациясы цифрлана түсті. Теледебаттармен қатар Instagram, TikTok, YouTube және басқа онлайн алаңдар саяси үгіттің негізгі құралдарының біріне айналды. Бесіншіден, техникалық және саяси өлшемдердің арасы ашылды. Сайлауды ұйымдастырудың көптеген аспектісі халықаралық бақылаушылар тарапынан оң бағаланғанымен, бірқатар мәселелер сынға алынды.

Сондықтан Құрылтай сайлауын тек «жаңа парламент сайланды» деген бір сөйлеммен қорытындылау жеткіліксіз.

Бұл сайлау Қазақстандағы саяси жүйенің қай бағытқа қарай қозғалып жатқанын да көрсетті: парламенттік құрылым бір палаталы әрі партиялық сипатқа ие болды, сайлаушының қатысуы жоғарылады, алайда көшбасшы партия мен басқа партиялардың дауыс санындағы үлесі алшақтай түсті.

Сайлау өтті. Ендігі мәселе – Құрылтайдың қалай жұмыс істейтіні.

Егер жаңа парламенттегі басым көпшілік заң шығаруды жеделдетіп қана қоймай, қоғамдағы түрлі пікірді заң шығару процесіне енгізуге мүмкіндік берсе, Құрылтай жаңа саяси институт ретінде орныға алады.

Ал егер көпшілік пен азшылық арасындағы айырмашылық тек мандат санында емес, пікір алуандығында да көрінсе, онда саяси бәсеке мәселесі өзекті бола түседі.

 

23 тамызда дауыс беру аяқталғанымен, Құрылтайдың шынайы саяси сынағы енді басталады.