Жеті партияның тартысы: қайсысы халық сеніміне көбірек ие болады?
Жарияланған күні:
Фото. 7 партия
Қазіргі сайлауалды науқан жеті партияның өзін қоғамға қандай саяси күш ретінде көрсеткісі келетінін аңғартады. Бір жағынан партиялардың бағдарламаларында ұқсастық көп. Олардың барлығы дерлік әділеттілік, өңірлерді дамыту, жаңа технологияларды енгізу, азаматтар мен бизнесті қолдау мәселелерін көтереді. Екінші жағынан үгіт-насихат кезеңінің ортасына қарай партияның қоғам алдында қалыптастырған саяси бейнесі маңызды бола бастайды.
Яғни, партия кімнің мүддесін қорғайды, қандай өзгерістерге уәде береді және өз айтқан сөзіне қаншалықты сай әрекет етеді деген сұрақтар алдыңғы орынға шығады. Сайлау нәтижесіне де партияның осы түсінікті әрі сенімді саяси бейнесі айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Саясаттанушы Серік Жүсіпов партиялардың саяси бейнесін сипаттап, қайсысы халық сеніміне көбірек ие болатынын сараптады.
«Әділет»
Сарапшының пікірінше, «Әділет» сайлауға нақты нәтижеге бағытталған жаңа орталықшыл партия ретінде қатысып отыр. Партия реформаларды қолдайтынын, Мемлекет басшысының саясатын және жаңа Конституцияны қолдайтынын мәлімдейді. Осы арқылы ол жүргізіліп жатқан реформаларды қолдайтын әрі оларды жүзеге асыруға ықпал ететін негізгі саяси күш болуға ұмтылады.
Партияның ұстанымынша, өзгерістер біртіндеп жүргізіліп, қоғамдағы тұрақтылық сақталуы және азаматтарға нақты пайда әкелуі керек. Бұл ұстаным елдің жаңаруын қолдайтын, бірақ саясаттан әділеттілік, тәртіп пен өмір сапасының жақсаруын күтетін кең аудиторияға түсінікті.
«Әділеттің» басты ерекшелігі – Қазақстан қоғамындағы әртүрлі талаптарды бір саяси ұстанымға біріктіре алуы. Партия әділеттілік, адал еңбек, дәстүр, отбасы және заңның үстемдігі туралы айтады. Сонымен қатар цифрландыруды, жасанды интеллектіні, заманауи ғылым мен білімді дамытуға басымдық береді.
Яғни, партияның саяси бейнесінде көпшілікке түсінікті дәстүрлі құндылықтар мен технологиялық даму идеясы қатар ұсынылған. Бұл оған тұрақты даму бағытын қолдайтын және елдің заманауи, прогрессивті бағытта дамуын қалайтын сайлаушыларға бірдей үндеуге мүмкіндік береді.
Партияның бұл бейнесін оның сайлауалды тізімі де күшейтіп отыр. Тізімге мемлекеттік басқару, ғылым, білім, бизнес, цифрлық индустрия және азаматтық қоғам салаларынан 186 кандидат кірген. Олардың қатарында Айбек Дадебай, Ерлан Карин, Бағдат Мусин, Асхат Аймағамбетов, Рауан Кенжеханұлы және басқа да мамандар бар. Олар әртүрлі кәсіби салалар мен қоғамдық топтардың өкілдерін біріктіріп, реформаларды жүзеге асыратын ауқымды команда бейнесін қалыптастырады.
Сайлау науқанының ортасына қарай «Әділет» партиясы AMANAT-тың жай ғана атауын өзгерткен нұсқасы деген пікірдің негізі әлсірей түсті. Партияның ұйымдастырушылық жұмысы жаңарып, жаңа басшылық, жаңа тұлғалар, заманауи күн тәртібі және нақты жоспар пайда болды.
Бұрынғы «ұрандарға сүйенетін партия» бейнесінің орнына бүгінде қоғамдық пікірталастарға белсенді араласатын, саяси күн тәртібіне ықпал етуге тырысатын және сайлаушыларды кеңінен қамтитын партия қалыптасып келеді.
«Ауыл»
Қазіргі сайлау науқанында «Ауыл» партиясы ауыл партиясынан өңірлердің мүддесін қорғайтын партияға айналуға қадам жасап отыр. Оның негізгі тірегі бұрынғыдай аграрлық тақырып болып қала береді. Ал «Күшті өңірлер – күшті орталық» қағидаты партияның ықтимал электоратын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Енді партия ауыл тұрғындарымен қатар шағын қалалардың халқына, өңірлік кәсіпкерлерге, мұғалімдерге, дәрігерлерге және ірі қалалар мен шалғай аудандар арасындағы айырмашылықты байқап отырған азаматтарға да бағытталған.
Бұл өзгеріс партияның жұмыс тәсілінен де көрінеді. Цифрлық платформа арқылы «Ауылға» Қазақстанның барлық өңірінен 75 мыңнан астам ұсыныс түскен. Партия жастарды белсендірек тартуға және заманауи байланыс құралдарын пайдалануға көшіп отыр.
Екінші дебаттан кейін көрермендердің дауыс беруінде екінші орын алуы партияның жаңа ұстанымы белсенді аудиторияға түсінікті бола бастағанын көрсетуі мүмкін.
Ендігі мәселе – ауылдың нақты мәселелерін өңірлерді дамытуға арналған жалпы бағдарламамен дұрыс байланыстыру. Егер партия осы тепе-теңдікті сақтай алса, дәстүрлі ауыл электоратының шеңберінен шыға алады.
Respublica
Respublica өзін жеке жетістікке жеткен, өз күшіне сенетін адамдардың партиясы ретінде көрсетіп отыр. Оның негізгі аудиториясы да айқын: қала жастары, кәсіпкерлер және іскер азаматтар.
Жас кандидаттардың көп болуы, бизнес өкілдерінің едәуір үлесі және заманауи үгіт тәсілдерін қолдануы партияның жаңа әрі еркін саяси күш ретіндегі бейнесін қалыптастырады.
Respublica сайлаушыларға оптимизм ұсынып, саясатты да жылдам, белсенді және заманауи тәсілмен жүргізуге болатынын көрсеткісі келеді.
Партия ашық саяси пікірталаста да өзін сенімді сезінеді. Оның өкілдері «Ақ жол» мен Қазақстанның халық партиясының сындарына жауап беріп, пікірталасқа белсенді араласады. Бұл олардың саяси аудитория арасында назар аударуына мүмкіндік береді.
Алайда мұндай саяси бейненің әлсіз тұсы да бар. Табысты кәсіпкерлердің тәжірибесі қаладағы белсенді жастарға қызықты болуы мүмкін. Бірақ ірі қалалардан тыс жерлерде бұл тәжірибе қоғамның шағын ғана бөлігінің жетістігі ретінде қабылдануы ықтимал.
Сондықтан Respublica алдағы уақытта бизнес еркіндігін жалдамалы жұмысшыларға, ауыл жастарына және орташа табысы бар отбасыларға түсінікті мүмкіндіктермен байланыстыруы керек.
Партия үшін тағы бір әлсіз тұс – өткен шақырылымдағы фракциясының жұмысы. Бірнеше негізгі депутаттың мандатын мерзімінен бұрын тапсыруы партия командасының тұрақтылығына қатысты сұрақ туғызды. Бұған жаңа мансаптық мүмкіндіктер немесе парламенттегі жұмысқа қызығушылықтың төмендеуі әсер етуі мүмкін.
Енді партия қазіргі командасының бірлігін сақтап, бүкіл парламенттік мерзім бойы жұмыс істеп, сайлауалды бастамаларын іс жүзінде жүзеге асыра алатынын сайлаушыларға дәлелдеуі керек.
«Ақ жол»
«Ақ жол» сайлауға мемлекеттік процестерді жақсы білетін және саяси тәжірибесі бар партия ретінде қатысып отыр. Оның негізгі аудиториясы – ұлттық бизнес, орта тап және парламенттің рөлін күшейтуді қолдайтын азаматтар.
Партия өңірлердегі кандидаттары мен танымал өкілдері арқылы мемлекеттік басқаруға қатысты маңызды бастамаларын ұсынып келеді. Соның бірі – Үкіметті барлық партиялардың өкілдерінен қалыптастыру туралы ұсыныс.
Мемлекеттік басқару жүйесінің ережелерін өзгертіп, өкілді биліктің рөлін күшейтуге ұмтылысы «Ақ жолды» негізінен әлеуметтік уәделерге басымдық беретін партиялардан ерекшелейді.
Алайда қазір партия үшін негізгі мәселе – өзінің дәстүрлі саяси алаңындағы бәсекенің күшеюі. Respublica жас кәсіпкерлерге бағытталса, «Әділет» реформалар мен мемлекеттік жаңару тақырыбын алға шығарып отыр.
Сондықтан «Ақ жол» өзінің көпжылдық саяси тәжірибесі қазіргі кезде де артықшылық екенін дәлелдеуі керек. Күрделі саяси ұсыныстарды кәсіпкерлер мен жергілікті қауымдастықтардың күнделікті мәселелерімен байланыстыру маңызды. Өйткені саяси тәжірибе нақты нәтижелермен бекітілуі тиіс.
Қазақстанның халық партиясы
Қазақстанның халық партиясы өзін негізгі солшыл саяси күш және әлеуметтік мемлекетті жақтайтын партия ретінде көрсетуге тырысады.
Оның табысты әділ бөлу, жұмысшылардың құқықтарын қорғау және халыққа қолжетімді әлеуметтік қызметтер туралы ұсыныстарының өз аудиториясы бар. «Қазақстандық ерекшелігі бар скандинавиялық социализм» идеясы партияға заманауи саяси бейне қалыптастыруға мүмкіндік бере алады.
Алайда партияның коммунистік өткен кезеңі оның қазіргі саяси имиджіне әлі де әсер етіп отыр.
Бұл байланыс партияның қызыл түсті стилі мен бұрынғы ұрандарынан ғана емес, жекелеген мәлімдемелерден де байқалады. Партия басшылығы «халықшылдардың» коммунистік идеологиядан алты жыл бұрын бас тартқанын айтады.
Бірақ екінші дебат кезінде Бейбіт Құсаинов партияның бұрынғы Қазақстанның халықтық-коммунистік партиясымен сабақтастығын атап, Ленинді құрметке лайық тұлға ретінде атады. Бұған дейін Ирина Смирнова да кеңестік жүйені теңдік пен жақсы тұрмыспен байланыстырған болатын.
Яғни партия атауынан «коммунистік» деген сөз алынып тасталғанымен, оның саяси өткенмен эмоционалдық байланысы әлі де сақталған. Бұл партияның қазіргі саяси бейнесіндегі қайшылықты көрсетеді.
Автордың пікірінше, коммунистік көзқарастан толық бас тартып, еңбек, әділеттілік және мықты әлеуметтік саясат туралы заманауи тілмен сөйлеген дұрыс болар еді. Бұл партияның әлеуетін арттыра түсуі мүмкін.
ЖСДП
Жалпыұлтық социал-демократиялық партия өзін демократиялық оппозиция және азаматтық бақылауды қолдайтын партия ретінде танытуға тырысады. Бұл бейнені оның оппозициялық тарихы, социал-демократиялық бағдарламасы және басқа саяси күштермен ашық пікірталас жүргізуі қалыптастырады.
Партияның саяси тарихы оған қоғамдық пікірталастарда белгілі бір салмақ береді. Сонымен қатар екінші дебатта Мақсұт Насибулов өзін сенімді көрсетті. Ал ЖСДП көрермендердің шамамен 10 пайыз дауысына ие болды
Бұл партияның ұстанымы саяси белсенді аудитория арасында қолдау таба алатынын көрсетеді.
Алайда ЖСДП-ның қазіргі заманға қаншалықты бейімделгені туралы сұрақ бар. «Ашықтық дүңгіршегі», «Халық телефоны» және «Болашақ Құрылтайға хат» сияқты бастамалар қарапайым азаматтарға жақын болуды көздегенімен, олар цифрландыруға дейінгі кезеңдегі саясат тәсілдерін еске түсіреді.
Партия жаңа буын сайлаушыларымен байланыс орнатудың заманауи жолын әлі толық таба қойған жоқ. Оның тарихи беделі мен өткір мәлімдемелері сайлауда айтарлықтай нәтиже көрсетуге жеткілікті бола ма, оны сайлау қорытындысы көрсетеді.
«Байтақ»
«Байтақ» партиясы саяси кеңістіктегі ең еркін бағыттардың бірін – экология тақырыбын таңдаған. Бірақ әзірге бұл бағытты жоғары электоралдық қолдауға айналдыра алмай отыр.
Экология мәселесі суға, ауаға, адам денсаулығына, ауыл шаруашылығына және қалалардағы өмір сапасына тікелей қатысты. Сондықтан «Байтақ» алдағы онжылдықтағы маңызды мәселелердің бірінің негізгі саяси өкілі бола алады.
Алайда ол үшін партияға ұйымдық тұрғыдан жинақылық пен қоғам алдында беделді, мықты спикерлер қажет.
Бұған қоса, партия бірнеше рет оның саяси имиджіне кері әсер еткен қиындықтарға тап болды. Партия съезінде Асқар Иманалиев төраға Азаматхан Әміртаевты қайта сайлауды ашық талап етіп, ішкі келіспеушілікті бүкіл Қазақстанға жайып салды.
Партияаралық дебаттарда «Байтақ» өкілдері басқа партиялармен салыстырғанда әлсіздеу көрініп тұр. Бұл көрермендердің дауысының төмен болуына әсер етті.
Сондықтан «Байтаққа» саяси бағытын күшейтіп, ұйымдық жұмысын жақсартып, қоғаммен байланысын нығайту қажет.
Серік Жүсіповтің пікірінше, қазіргі сайлауалды науқанның сапасы тұрғысынан ең анық әрі нақты қалыптасқан саяси бейнені «Әділет» партиясы көрсетіп отыр. Ол реформаларды жалғастыру идеясын, қоғамға түсінікті құндылықтарды және заманауи күн тәртібін бір арнаға біріктіріп, оны мықты командасымен таныстырып отыр.
«Ауылдың» аудиториясын кеңейтуге мүмкіндігі бар. Respublica өзінің белсенді әрі заманауи саяси стилін одан әрі күшейте алады. «Ақ жол» өзінің жинақтаған саяси тәжірибесіне сүйеніп отыр.
ЖСДП оппозициялық риторикасын күшейту арқылы қолдауын арттыра алады. Ал Қазақстанның халық партиясы мен «Байтақ» алдымен өздерінің саяси бейнесіндегі қайшылықтарды жоюы қажет.
«Үгіт-насихат кезеңінің қалған екі аптасында партиялардың өз ұстанымдарын қаншалықты өзгертіп, сайлаушыларға қаншалықты түсінікті ете алатыны маңызды болмақ», - дейді саясаттанушы.