Артқа

Жеті партияның «Жетінші арнадағы» теледебаты: партия кандидаттары не айтты

Фото: видеодан скрин

Фото: видеодан скрин

Бүгін, 5 тамыз күні «Жетінші арнаның» тікелей эфирінде Құрылтай сайлауына қатысатын жеті саяси партия өкілдерінің арасында білім беру, ғылым және цифрландыру мәселелеріне арналған теледебат өтті.

Пікірсайыс төрт кезеңді қамтып, партия өкілдері өз сайлауалды бағдарламаларын таныстырды, бір-бірінің ұсыныстарын талқылап, әлеуметтік желі мен студиядағы көрермендердің сұрақтарына жауап берді.

Партиялардың негізгі бастамалары мен ұстанымдары

Алдын ала жеребе бойынша теледебаттағы сөз кезегі бірінші «Respublica» партиясына тиесілі болған. Дебатта бірінші болып сөз алған партия өкілі Мейрамгүл Мәдәлі білім экспорты туралы айтты. Оның айтуынша,  Қазақстанды білім экспорттайтын елге айналдыру, ЖОО-лардың академиялық еркіндігін кеңейту, қос дипломды бағдарламалар мен шетелдік талапкерлерге арналған цифрлық қабылдау жүйесін енгізу керек. Сондай-ақ ол, өңірлерде заманауи мектеп салатын инвесторларға салықтық жеңілдіктерді сақтау керек дейді. Еңбек нарығы мен ЖИ туралы айтқан ол «Жасанды интеллект дамуына байланысты 562 мамандық трансформацияланады, сондықтан Атластағы мамандықтар тізімін жыл сайын қайта қарап отыру қажет» екенін атап өтті.

«Ақ жол» партиясы

Екінші кезек  «Ақ жол» партиясының кандидаты Дулат Тастекеевте болды. Ол Ұстаздарды қолдау туралы айта келе, педагогтердің жалақысын жыл сайын инфляция деңгейінен жоғары көтеруді заңмен бекіту және оларды артық есептіліктен босату туралы айтып, мәселе қозғады. Шетелде білім алған жас мамандарға (соның ішінде «Болашақ» түлектеріне) елде сапалы еңбек етуге қолайлы жағдай жасап, таланттарды кері қайтару керек дейді.

Жалпы-ұлттық социал демокартиялық партия

Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның өкілі Мақсұт Насибулов болса, тегін жоғары білім туралы айтып, жоғары білімді кезең-кезеңімен тегін ету және ғылымға бөлінетін инвестицияны көбейту керек деді.

Кәсіби бағдар туралы айтқан ол «кәсіби-техникалық білімді күшейту, мектеп оқушыларын ҰБТ қорқынышынан арылтып, ерте жастан (соның ішінде мамандардың апталық дәрістері арқылы) мамандық таңдауға баулу керек» дейді.

 «Әділет» партиясы 

«Әділет» партиясының кандидаты Рауан Кенжеханұлы партия 5 жыл ішінде балабақшаларда 79 мың, мектептерде 300 мың жаңа оқушы орнын ашатынын мәлімдеді. Ал, цифрландыру және ЖИ туралы айтқан ол партия 5 жылда 5 миллион азаматты цифрлық және ЖИ дағдыларына үйренеді дейді.

 «Байтақ» партиясы

«Байтақ» партиясының атынан сөз алған Аслан Байзаханов экологиялық білім, дисбалансты жою, дата-орталықтар туралы айтты. Байзахановтың айтуынша, білім берудің барлық деңгейіне экологиялық сауаттылық элементтерін енгізу, мектептерде эко-клубтар ашу керек. Сондай-ақ, оның айтуынша, мектеп инфрақұрылымының негізгі бөлігі үш мегаполисте шоғырлануын сынай отырып, өңірлер мен ауылдарды теңестіру керек.

 «Ауыл» партиясы

«Ауыл» партиясының өкілі Шахмардан Баймановтың айтуынша, NEET жастарымен жұмыс істегенде, оқымайтын әрі жұмыс істемейтін 445 мың жастың мәселесін шешу үшін мектептерде бейіндік сыныптар ашу керек. Ал, ауылдарды дамыту туралы айтқан ол жыл сайын 30 мың жас маманның ауылға оралуын ынталандыру, ауыл мектептерінің интернеті мен зертханаларын жаңарту керек деп есептейді.

Қазақстан Халық партиясы

Қазақстан Халық партиясының өкілі Бейбіт Құсайынов, инклюзивті білім, бағалау жүйесі және идеологиялық ұстаным туралы айтып, еЕрекше білім беру қажеттілігі бар әр балаға жеке тьютор бөлу. Тьютор ретінде ерекше баланың ата-анасын жұмысқа орналастыруды ұсынды.

Жалпы, теледебаттың қорытындысы бойынша барлық саяси партиялар Қазақстандағы білім беру жүйесін реформалау, қала мен ауыл мектептері арасындағы теңсіздікті жою, мұғалім мәртебесін көтеру және заманауи цифрлық технологияларды енгізу қажеттігін негізгі басымдық ретінде айқындады.