Ғылымға 262 млрд теңге бөлінген: күткен нәтиже неге жоқ?
Жарияланған күні:
Фото: Ғылым
Қазақстанда ғылым саласына бөлінген 262 млрд теңгенің жұмсалуына жүргізілген аудит бірқатар жүйелі кемшілікті анықтады. 51 млрд теңгеге қаржылық заңбұзушылық тіркелген. Сонымен қатар, ғылыми зерттеулерге арналған қаражаттың бір бөлігі депозиттер мен бағалы қағаздарға салынған. Бұл туралы Құрылтай отырысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2022-2025 жылдары ғылымды қаржыландыру көлемі 122 млрд теңгеден 262 млрд теңгеге дейін өскен. Алайда, ғылымның жалпы ішкі өнімдегі үлесі небәрі 0,16 пайызды құрайды. Белгіленген меже – 1 пайыз. Ал ғылымды қаржыландырудағы мемлекеттің үлесі 55 пайыздан 82 пайызға дейін артқан. Аудит барысында 47 млрд теңгені жоспарлау мен жұмсау кезінде тиімсіздікке жол берілгені, тағы 16 млрд теңге көлемінде шығын мен алынбай қалған пайда бары анықталған. Яғни, жалпы құны 16 миллиард теңгені құрайтын 176 жоба бойынша түпкілікті нәтижеге қол жеткізу қамтамасыз етілмеген.

«Бұл ғылымның әлі де бюджетке тәуелді екенін, ал бизнестің оған сұранысы жеткіліксіз екенін көрсетеді», – деді Әлихан Смайылов.
Тексеру кезінде 2023-2025 жылдары әзірленген 393 ғылыми-техникалық тапсырманың 149-ы орындалмағаны белгілі болды. Оларды жүзеге асыруға 67 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қатар, ғылыми жобаларды іріктеу кезінде мүдделер қақтығысына жол берілген. Ұлттық ғылыми кеңестердің 225 мүшесінің 84-і жалпы құны 52 млрд теңге болатын 127 жобаның зерттеу тобына кірген. Оның ішінде 27 адам сол жобаларға ғылыми жетекшілік еткен.
Аудит ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу жұмысының да ақсап тұрғанын көрсетті. Зияткерлік меншікке қатысты 4 мыңға жуық құжаттың шамамен 10 пайызы ғана өнертабыс патенттері болған. Ал жалпы құны 59 млрд теңге болатын 434 жоба бойынша әзірлемелерді тәжірибеге енгізу туралы 1 200-ден астам акт ұсынылғанымен, олардың жартысы білім беру үдерісіне қатысты.
«Ғылыми-техникалық тапсырма түпкі нәтижесі, оны бағалау өлшемдері мен тәжірибеге енгізу тетігі айқын көрсетілген нақты міндет болуы керек. Алайда мұндай тапсырмалар көбіне жалпылама жасалады», – деді Жоғары аудиторлық палата төрағасы.
Аудиттің тағы бір назар аударарлық тұсы – ғылыми зерттеулерге арналған ақшаның қаржылық операцияларға салынған. Astana Hub-қа түскен 43 млрд теңгенің 23 млрд теңгесі бағалы қағаздарға салынған. Ал «Самғау» ұйымына түскен 15 млрд теңгенің 10 млрд теңгесі депозиттер мен РЕПО операцияларына орналастырылған. Осы операциялардан түскен табыс 14 млрд теңгеден асқан.
Ғылыми жобаларды коммерцияландыру көрсеткіші де төмен. Ресми есепте 44 пайыз деп көрсетілгенімен, салыстырмалы есептеу нәтижесінде нақты көрсеткіш 16 пайыз болған. Аяқталған 141 жобаның тек 38-і ғана соңғы үш жылда өнімін тұрақты сатқан.
Әлихан Смайылов ғылымды қаржыландыруда нақты нәтижеге басымдық беру қажеттігін айтты.
«Мемлекет ғылыми үдерістің өзін емес, елге технологиялық және экономикалық пайда әкелетін нақты нәтижеге қол жеткізуді қаржыландыруы керек», – деді ол.
Аудит қорытындысы бойынша Үкіметке бес ұсыным, ал тексерілген мекемелерге 66 тапсырма берілген. 36 дерек бойынша материалдар әкімшілік іс қозғау үшін уәкілетті органдарға жолданған. Тағы үш дерек бойынша материалдарды құқық қорғау органдарына беру туралы шешім қабылданған.
Ғылымға бөлінген қаржының бәрі бірдей табыс әкелмеуі мүмкін
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек аудит қорытындысына қатысты пікір білдіріп, ғылыми зерттеулердің ерекшелігін ескеру керегін айтты.Оның айтуынша, ғылыми зерттеулердің барлығынан бірдей коммерциялық табыс күту дұрыс емес. Өйткені, зерттеу барысында бастапқы гипотезаның расталмауы да ғылыми нәтиже саналады.
«Ғылым дегеніміз – бұрын бізге белгісіз болған дүниені зерттеу. Оның сырын ғылыми дәлелдеу. Кез келген зерттеу міндетті түрде нақты нәтижемен аяқтала бермейді. Кейде ғалымдар жылдар бойы ізденіп, бастапқы болжамының қате екенін анықтауы мүмкін. Бірақ, мұның өзі де ғылым үшін маңызды нәтиже», – деді министр.
Министр ғылымды қаржыландырудың төрт негізгі бағыты бар екенін түсіндірді.
Біріншісі – іргелі ғылымды қаржыландыру. Соңғы үш жылда осы бағытқа 13 миллиард теңге қарастырылған. Қаржы тарих, археология, сейсмология сияқты салалардағы ұзақ мерзімді зерттеулерге бөлінеді.
Екіншісі – жас ғалымдарды қолдау. 2021 жылдан бері 40 жасқа дейінгі зерттеушілерге арналған екі гранттық бағдарлама жұмыс істейді. Соңғы үш жылда мыңға жуық жас ғалым грант алған. Бұдан бөлек, Президент бастамасымен 813 жас ғалым баспаналы болған.
Үшіншісі – гранттық және нысаналы қаржыландыру. Ғалымдар өз жобаларын конкурс арқылы қаржыландыра алады. Ал мемлекет үшін маңызды бағыттарға нысаналы қаражат бөлінеді. Мұндай жобалардың бюджеті 1 млрд теңгеден асуы мүмкін.
Төртіншісі – ғылыми жаңалықтарды коммерцияландыру. Яғни, зерттеу нәтижелерін қағаз жүзінде қалдырмай, нақты өнімге немесе технологияға айналдыру.
Министрдің сөзінше, ғылыми жұмыстың нәтижесін өндіріске енгізу үшін қосымша қаржыландыру қажет. Осы мақсатта биыл жас және тәжірибелі ғалымдардың ғылыми әзірлемелерін өндірістік шешімге айналдыруға арналған жаңа грант түрі енгізілген.
«Ғылыми идеяны зертханада дәлелдеп, эксперименттік түрде тексергеннен кейін оны өндіріске енгізу керек. Бірақ, өндіріс үшін жай ғана ғылыми мақала жеткіліксіз. Оларға нақты жұмыс істейтін прототип немесе конструкторлық шешім қажет. Сондықтан, биыл осы кезеңді қаржыландыруға арналған жаңа грант түрі енгізілді», – деді Саясат Нұрбек.
Саясат Нұрбек Жоғары аудиторлық палатаның есебін тек кемшіліктерді көрсететін құжат ретінде қабылдауға болмайтынын айтты.
«Бұл – ғылым саласында қордаланған мәселелерге жаңаша көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік беретін сараптамалық құжат. Қай деңгейде тұрғанымызды және нені жақсарту керегін түсінуге көмектеседі», – деді ол.
Министрдің айтуынша, ғылымды дамыту үшін қомақты әрі ұзақмерзімді қаржыландыру қажет. Мысалға Қытайдың Хэфэй қаласында жүзеге асырылып жатқан термоядролық синтез реакторын зерттеу жобасын келтірді. Оның айтуынша, мұндай жоғары технологиялық зерттеулерге ондаған жыл бойы үздіксіз инвестиция салу қажет. Оған отыз жыл ішінде 1 триллионнан астам доллар қаржы жұмсалған. Бұл жоғары деңгейлі ғылымға өте көп қаражат қажет екенінің бір мысалы.
ЖАП есебі ғылымдағы кемшіліктерді түзететін құжат – депутат
Құрылтай депутаты Лаура Қарабасова ғылымға бөлінетін қаржы көлемінің артуымен қатар оның тиімді жұмсалуы мен нақты нәтижесіне де мән беру керегін айтады.
Депутаттың сөзінше, соңғы жеті жылда ғылымды қаржыландыру көлемі алты есе, соңғы бес жылда екі есе өскен. Алайда қаражаттың көлемімен бірге оның сапалы жұмсалуына да назар аудару қажет.
«Бұл – тұтастай бір салаға бөлінген қомақты қаржы. Бұл жерде біз қаржының көлемі ғана емес, сапалы жұмсалуы туралы да айтамыз. Өйткені біз қаржының құрылымы арқылы да ғылымның дамуындағы көптеген мәселені көре аламыз», – деді ол.
Оның пікірінше, Қазақстанда ғылымды дамытуға бағыт, түсінік бар. Бұған биыл Конституцияда ғылым, білім және инновацияның маңызды құндылықтар деңгейіне көтерілуі де дәлел.
«Ғылымы дамыған Оңтүстік Корея, АҚШ, Германия, Жапонияны алсақ, олар да бір кездері ғылым және академиялық құндылықтар туралы Конституцияда жазып қойған. Әлемдегі алпауыт елдердің бірі Қытай да Конституциясында ғылымға үлкен міндет жүктеп, ғылым мен білімді экономиканың негізі деп көрсеткен. Көптеген ғылымы дамыған елдерде жетістік бір күнде болған жоқ. Сондықтан, Қазақстан да соған кезең-кезеңімен келе жатыр», – деді Лаура Қарабасова.
Қарабасова Жоғары аудиторлық палатаның (ЖАП) есебін тек кемшіліктерді көрсететін құжат ретінде қабылдамау керегін атап өтті.
«Бұл – ғылым саласында қордаланған мәселелерге жүйелі көзқарас қалыптастыруға, өзімізді дұрыс түсінуге және қай жердеміз, нені түзету керек деген сұрақтарға жауап алуға мүмкіндік беретін құжат», – деді депутат.
Сонымен қатар, ол Қазақстанның цифрлық шешімдер мен электронды үкіметті дамытуда жетістіктері бар екенін айтты. Компьютерлік ғылымдар саласында құны 1 миллиард теңгеге жеткен стартаптар пайда болған.
«Ендігі мақсат – әлемдік ғылыми қауымдастықтан өз орнымызды алу», – деді Лаура Қарабасова.
Депутаттың пікірінше, ғылымға бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуына қатысты мәселелер шешілсе, оны қаржыландыру көлемін де кезең-кезеңімен арттыруға мүмкіндік туады.
Ғалымдар зерттеумен емес, есеп жазумен айналысып жүр: профессор ғылымдағы кемшіліктерді атады
Экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Жанкелді Шымшық Қазақстандағы ғылыми жобаларды іріктеу және қаржыландыру жүйесіндегі кемшіліктерді сынға алды. Оның айтуынша, ғылым саласын басқару мен грант бөлу үдерісіне ғалымдардың ықпалы жеткіліксіз. Соның салдарынан өзекті зерттеулер қаржыландырусыз қалып, ғылыми ұйымдар зерттеуден гөрі есеп беруге көбірек уақыт жұмсап отыр.
Профессордың сөзінше, гранттық конкурстарда ғылыми жобаларды үш сарапшы бағалайды. Оның біреуі – шетелдік, екеуі – отандық маман. Алайда шешуші рөл көбіне шетелдік сарапшыға беріледі.
«Қазір ғылым саласын көбіне ғылымнан алыс адамдар басқарады. Негізгі шешуші рөл шетелдік сарапшыға беріліп отыр», – дейді ол.
Ғалымның пікірінше, шетелдік сарапшылар Қазақстанның өзіндік ерекшеліктерін ескермей, отандық зерттеулерді бұрыннан белгілі тақырып деп бағалауы мүмкін.
Профессор мұндай жағдайды өзі де бастан өткерген. Экономикалық институтта жұмыс істеген кезінде қор және тауар биржаларына қатысты жобасын гранттық конкурсқа ұсынған. Алайда шетелдік сарапшы тақырып бұрын зерттелген деген уәжбен оны қолдамаған.
«Ол Қазақстандағы жағдайды ескермеген. Мәселен, елімізде бағалы қағаздардың екінші нарығы жоқ, тауар биржалары да дұрыс жұмыс істемейді. Ішкі көтерме сауда бағасын анықтайтын тиімді тетік қалыптаспаған. Соған қарамастан, отандық сарапшылар шетелдік маманның қорытындысын қайталаған», – дейді Жанкелді Шымшық.
Ол ғылыми жобаларға қойылатын кейбір талаптарды да орынсыз деп санайды. Мысалы, жас ғалымдардың үлесі міндетті түрде 30 пайыз болуы керек деген шарт тәжірибесі жеткіліксіз мамандарды жобаға күштеп қосуға әкелуі мүмкін.
Сондай-ақ, ғалым зерттеу нәтижесін алдын ала белгілеу дұрыс емес екенін айтады.
«Ғылыми зерттеу дегеніміз – ақиқатты іздеу. Оның нәтижесі оң да, теріс те болуы мүмкін. Егер ғалымнан алдын ала белгіленген нәтижені талап етсек, онда зерттеудің мәні қалмайды. Бұл ғылым емес, манипуляцияға айналады», – дейді профессор.
Оның пікірінше, барлық ғылыми жобаны коммерцияландыруды талап ету де дұрыс емес. Бұл қолданбалы зерттеулерге қатысты болғанымен, іргелі ғылымның мақсаты басқа. Сондықтан, әр бағытқа қойылатын талаптар оның ерекшелігіне сай болуы керек.
Профессордың айтуынша, қазір өзекті мәселелерді шешуге бағытталған жобалар қаржыландырудан тыс қалып, бұрыннан белгілі тақырыптар қолдау тауып жатады. Нәтижесінде қомақты қаражат бөлінгенімен, нақты ғылыми жетістік аз.
Ол академик Асқар Жұмаділдаевтың ғалымдардың есеп жазуға көп уақыт жұмсайтыны туралы сынын да қолдайды.
«Асқар Жұмаділдаев елде жүрсем есеппен айналысамын, шетелге барсам ғылыммен айналысамын деген. Сол секілді ғылыми ұйымдарды орындаушыға айналдырып жіберген.Ғалымдар есеп жазумен емес, зерттеумен айналысуы керек. Алайда қазіргі жүйеде ғылыми ұйымдар зерттеу жүргізетін мекемеден гөрі, тапсырма орындап, есеп тапсыратын ұйымдарға айналып барады», – дейді ол.
Жанкелді Шымшық мәселенің негізгі себебі ғылыми жобаларды іріктеу мен қаржыны бөлу тетіктерінің ғалымдардың өз қолында болмауында деп есептейді. Оның пікірінше, ғылымға бөлінген миллиардтаған теңгенің қалай игерілгенін ғана емес, қандай нақты нәтиже бергенін де ашық көрсету қажет. Өйткені қаражаттың толық жұмсалуы ғылыми жетістікке кепіл болмайды.
ЮНЕСКО Статистика институтының 2024 жылғы Ғылыми-зерттеу және дамыту шығындары деректері бойынша Қазақстан ғылымға инвестиция саласында әлемде 124-орында тұр. Израиль ғылымға ЖІӨ-нің 5,56%-ын, одан кейін Оңтүстік Корея 4,93%, АҚШ 3,46%, Бельгия 3,43% және Швеция 3,42% инвестициялайды. Қазақстан ЖІӨ-нің 1%-ы деген жаһандық көрсеткішке жетуді мақсат етеді. Қазіргі бұл көрсеткіш ЖІӨ-нің тек 0,16%-ын құрайды.Әзірге Қазақстандағы ғылым деңгейі көңіл көншітпей отыр. Мамандар бұған қомақты қаражаттың дұрыс жұмсалмауы да себеп дейді.
Аудиттен кейін төрт лауазымды тұлға қызметінен босатылды
Жоғары аудиторлық палата ғылым саласына бөлінген қаражаттың тиімділігіне қатысты жүргізілген аудиттен кейін бірқатар тұлға қызметінен босатылды.
«Жоғары аудиторлық палата жүргізген аудит нәтижесінде 51 млрд теңгенің қаржылық заң бұзу анықталды. Оның 37,7 млрд теңгесі аудит барысында қалпына келтірілген. Қалған қаражатты 2027 жылдың бірінші тоқсанында қайтару жоспарланып отыр», – деді Құрылтайда өткен баспасөз мәслихатында жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Нұрлан Нұржанов.
Оның айтуынша, аудит қорытындысы бойынша екі адам тәртіптік жауапкершілікке тартылып, төрт лауазымды тұлға қызметінен босатылған. Тағы 32 адамға қатысты әкімшілік жауапкершілік шаралары қаралған.
Сонымен қатар аудит материалдарының үшеуі процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданған.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, қызметінен босатылғандардың қатарында ғылым комитетінің төрағасы, ұлттық сараптама және ғылыми-техникалық ақпарат орталығының басшысы мен ғылым қорының жетекшісі бар.
Министр ғылыми процестерге жауапты өзге де тұлғаларға қатысты кадрлық шешімдер қабылданғанын айтты.