Құрылтай депутаттарының өңірлерге жасаған жұмыс сапары қалай өтті
Жарияланған күні:
Фото. Құрылтай
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жолдау жариялағаннан кейін Құрылтайдағы бір топ депутат өңірлерге аттанып, екі апта бойы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Барлық өңірде 18 мыңға жуық адам қатысқан 155 кездесу өтті. Жиындарға кәсіпорын еңбек ұжымдары мен аграрлық сектор өкілдері, педагогтер, медицина қызметкерлері, кәсіпкерлер, ғалымдар, студенттер және қоғам қайраткерлері, әлеуметтік қызметкерлер, мемлекеттік қызметшілер қатысты.
Депутаттар мұндай жұмыс сапарларында жолдауды түсіндіріп қана қоймай, өңірдегі жай-ахуалды байқап, тұрғындарды толғандырған мәселелерге құлақ асып, әртүрлі салада еңбек етіп жүрген азаматтардың ұсыныс-пікірлерін тыңдауы қажет. Ал тұрғындар болса көкейдегі сұрағын қойып, депутаттың өзінен жауап ала алады.
Осы орайда Parlametr Құрылтай депутаттарының өңірлерге жасаған жұмыс сапарына шолу жасады.
Ақмола облысы
Құрылтай депутаттардың жұмыс сапары туралы 2 қарашадан бастап ақпарат таратты. Сол күні Асхат Рақымжанов пен Шолпан Каринова Ақмола облысына жұмыс сапарымен барып, Көкшетаудың, Зеренді ауданының және Қосшы қаласының тұрғындарымен кездесті.
Екі депутаттың Ақмола облысына сапарлап баруы бекер емес. Шолпан Каринова бұрынғы Көкшетау, қазіргі Ақмола облысында дүниеге келген. Ал Асхат Рақымжанов болса – астаналық.
Шолпан Каринова Қосшы қаласындағы мектеп-гимназияда, емханада және қоғамдық мәдени-спорт кешенінде педагогтермен, медицина қызметкерлерімен және тұрғындармен жолықты. Ол мұндай кездесулер жолдауды түсіндірумен қатар, азаматтардың пікірін тыңдауға, қоғаммен ашық диалог орнатуға бағытталғанын айтып отыр.
«Тұрғындар су мәселесі, соның ішінде автокөлік жуу орындарының суды пайдалануын реттейтін талаптар туралы сұрақ қойды. Дамуында ерекшелігі бар баланы тәрбиелеп отырған ана кезегін бес айға жуық күтіп, баласына көмек алу үшін уақыт жоғалтқанын, спорт нысандарының да баласына қолжетімсіз екенін айтты. Медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі және оларды пациенттердің агрессивті әрекеттерінен қорғау мәселесі де көтерілді», – деді Шолпан Каринова.
Алматы қаласы
Құрылтай депутаттары Айдос Сарым, Сергей Понамарев, Айжан Скакова Алматы қаласының тұрғындармен кездесті. Әлеуметтік қызметтер үйінде депутат Айдос Сарым мегаполистегі білім, медицина саласының өкілдерімен, Бостандық, Медеу ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді.
Сергей Пономарев Алмалы, Әуезов және Жетісу аудандарының тұрғындарымен жүздесті. Одан бөлек, Ғылым ордасында ғылыми қауымдастық өкілдерімен, Инвестициялар үйінде кәсіпкерлермен кездесу өткізді.
Құрылтай депутаты Айжан Скакова Алатау, Наурызбай және Түрксіб аудандарының тұрғындарымен, сондай-ақ IT қауымдастық өкілдерімен, қала жастарымен кездесті. Ол Алматы үшін су қауіпсіздігі аса маңызды екенін, ауыз суды үнемдеп, мүмкіндігінше техникалық сумен алмастыру қажет екенін айтты.
Үш топқа бөлінген делегация мүшелері Алматыда 2 500-ге жуық адам қатысқан 15 кездесу өткізді.
Астана
Астанада Құрылтай депутаттары Дихан Қамзабекұлы, Ольга Перепечина, Дархан Ахмедиев кәсіпкерлермен, студенттермен, мемлекеттік қызметшілермен, дәрігерлермен кездесті.
Astana Hub-та IT-қоғамдастықпен кездесуде депутат Дархан Ахмедиев Жолдаудың барлық бағытында цифрлық шешімдер қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанның IT-қызметтерінің экспорты бес жыл ішінде шамамен 30-33 млн доллардан 1 млрд долларға дейін өсті. Алдағы міндет – отандық компанияларға сыртқы нарықтарға шығуға, ал өңірлердің тұрғындарына цифрлық платформалар арқылы жұмыс пен сатып алушыларды табуға көмектесу.
Ақтөбе облысы
Құрылтай депутаты Лаура Қарабасова туған жері Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барып, Ақтөбе қаласында, Алға және Хромтау аудандарында 8 кездесу өткізді. Оларға кәсіпкерлер, оқытушылар мен студенттер, кәсіпорын қызметкерлері, мәдениет, денсаулық сақтау және коммуналдық шаруашылық салаларының өкілдері қатысты.
Депутат Жұбанов университетінің студенттерімен және оқытушыларымен кездесті. Бұл оқу орны ол үшін таңсық емес. Құрылтай депутаты болмай тұрып Жұбанов университетінің ректоры болды.
«Ғылыми жобаларды қаржыландыру, зерттеу нәтижелерін коммерцияландыру және мемлекеттік қолдау мәселелері көтерілді. Елдің технологиялық дамуы білікті ғалымдар мен сапалы ғылыми зерттеулерге тікелей байланысты. Сондықтан жас мамандарды ғылым саласында ұстап қалу қажет. Іргелі зерттеулерді гранттық қаржыландыру мерзімін үш жылдан бес жылға дейін ұзарту туралы депутаттық сауал жолдадым. Бұдан бөлек гранттық конкурстарды өткізу мерзімдерін нақты бекітіп, қаржыландырудың тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет», – деді Лаура Қарабасова.
Алматы облысы
Құрылтай депутаттары Ләззат Жылқыбаева, Арман Жансеңгіров және Жанарбек Әшімжанов Алматы облысына жұмыс сапарымен барды.
Ләззат Жылқыбаева Алматы облысында дүниеге келген. Алматы қаласындағы Жетісу ауданының әкімі болған. Ол Қонаев қаласындағы мектеп-гимназияда білім беру саласының қызметкерлерімен кездесті.
Арман Жансеңгіров Алматы және Жетісу облыстарында денсаулық сақтау саласында көп жыл басшылық қызмет атқарған. Ол сапар аясында бірқатар әлеуметтік нысандардың қызметкерлерімен және өңір тұрғындарымен кездесу өткізді.
Жанарбек Әшімжан Іле ауданы Өтеген батыр ауылының тұрғындарымен кездесті. Ол да Алматы облысының тумасы.
Тұрғындар депутаттарға мектептерді күрделі жөндеуден өткізу, гранттар бөлу және халықты әлеуметтік қорғау шараларын күшейтуге қатысты сұрақтарын қойды.
«Өтеген батыр ауылында ашық форматта өткен жиында халық тарапынан қойылған сауалдарға да жауап бердік. Әрине, көптеген сұрақ әлеуметтік салаға қатысты қойылды. Кездесу барысында сала мамандарымен пікір алмасып, оларды толғандырған мәселелер мен ұсыныстарды тыңдадым. Мұндай кездесулер қоғамдағы өзекті мәселелерді жергілікті деңгейде зерделеп, оларды заңнамалық және ұйымдастырушылық тұрғыдан шешу жолдарын айқындауға мүмкіндік береді», – деді Жанарбек Әшімжан.
Атырау облысы
Құрылтай депутаты Арман Хайруллин мен Мұса Хайруллиев туған жерлері Атырау облысына жұмыс сапарымен барды. Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінінің ұжымы және студенттерімен, Абай атындағы Оқушылар орталығында мәдениет және спорт саласының қызметкерлерімен жүздесті. Сондай-ақ «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінде жастармен, үкіметтік емес ұйымдар және этномәдени бірлестіктер өкілдерімен пікір алмасты. Бұдан бөлек, Махамбет және Исатай аудандарына барып, ауыл тұрғындарымен жүздесті.
Қарағанды облысы
Депутаттар Айсұлу Сүлейменова мен Александр Данилов Қарағанды облысындағы Саран қаласына барып, Tengri Tyres шина зауытының ұжымымен кездесті. Кездесуде өнеркәсіпті дамыту үшін білікті мамандар даярлау және олардың кәсіби білімін үнемі жетілдіру қажет екені айтылды.
Александр Данилов Қарағандыда дүниеге келген. Ол Астанаға барған соң жұмыс сапары кезінде айтылған ойлар мен ұсыныстарды тиімді заңнамалық шешімдерге айналдыруға кірісетінін айтты.
Айсұлу Сүлейменова Қарағанды облысында дүниеге келген.
Үнзила Шапақ пен Вадим Басин Теміртаудағы Qarmet комбинатының жұмысшыларымен, Н.Қ. Ишмұхамедов атындағы Қарағанды индустриялық университетінің ұжымымен және студенттерімен кездесті. Вадим Басин Семейде дүниеге келсе де, көп жыл Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» өнеркәсібінде қызмет атқарған. Бас директор қызметіне дейін көтерілген.
Ал Үнзила Шапақ Монғолияда дүниеге келсе де, көп жыл Қарағандыда жұмыс істеген.
Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов «Maker» KLMZ ЖШС ұжымымен, Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінде білім беру саласының өкілдерімен және студенттермен кездесті. Ол Қарағанды облысында дүниеге келген. Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болған.
Жетісу облысы
Құрылтай депутаты Екатерина Смолякова Талдықорған қаласына барып, Жетісу облысының жұртшылығымен кездесті.
«Туған өлкеме жұмыс сапарымен келіп, өңір тұрғындарымен бірқатар мазмұнды кездесу өткіздік. Этномәдени бірлестіктер, ақсақалдар және аналар кеңестерінің өкілдерімен қоғамдық келісім мен ел бірлігі мәселелерін талқыладық. Іскер әйелдермен кәсіпкерлікті қолдау туралы әңгімелестік. Паралимпиадашылармен де кездесіп, инклюзивті спорт пен қолжетімді орта мәселелерін көтердік. Ал белсенді жастармен цифрландыру, жасанды интеллект, білім және болашақ мамандықтар туралы ашық әңгімелестік. Айтылған ұсыныстар мен көтерілген мәселелер алдағы депутаттық жұмысымызда назарға алынады», – деді депутат.
Құрылтай депутаты Наурыз Сайлаубай Талдықорған қаласындағы «Қайнар АКБ» ЖШС ұжымымен кездесті. Кәсіпорын қызметкерлерінің тұрғын үй мәселесі де көтерілді. Наурыз Сайлаубай кәсіпорынға «Отбасы банкпен» бірлесіп, қызметкерлердің табысы мен еңбек өтілін ескеретін арнайы ипотекалық бағдарлама әзірлеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Ол Хромтаудағы тау-кен кәсіпорнының банкпен бірлесіп, жұмысшыларына баспана алуға қолдау көрсеткен тәжірибесін мысалға келтірді.
Сондай-ақ, Жетісу облысында Кемел Тоқаев атындағы орта мектепте Құрылтай депутаттары Дана Медеуова, Гүлназ Атамқұлова, Евгений Больгерт және Әсел Баденова Үштөбе қаласының тұрғындарымен кездесті.
Павлодар облысы
Құрылтай депутаттары Жарқынбек Амантай мен Илья Теренченко Павлодар облысына жұмыс сапармен барды. Олар Торайғыров Университетінің студенттері және оқытушыларымен, сондай-ақ «Қазақстан алюминийі» АҚ-ның еңбек ұжымымен, Қазақстан электролиз зауыты және EJ сервис кәсіпорны қызметкерлерімен кездесті. Жас мамандарды жұмысқа орналастыру перспективалары, техникалық мамандықтарға сұраныс, құрылыс пен энергетика салаларын дамыту, сондай-ақ еліміздің әлеуметтік саясатындағы алда болатын өзгерістер жайында әңгіме өрбіді. Екібастұз бен Ақсуда да осындай кездесулер өтті.
Жарқынбек Амантай, Монғолияда дүниеге келген. Көп жыл Павлодарда журналистика саласында жұмыс істеген.
Ал Илья Теренченко Павлодарда дүниеге келген және қызмет атқарған.
«Халықпен кездесуде аурухана, мектеп, спорт кешені, мәдениет мекемелері секілді әлеуметтік нысандар құрылысы және жаңғыртуға аса мән берілді. Дәл осындай жобалар адамдардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасап, өскелең ұрпаққа жаңа жол ашады әрі өңірдің дамуына ықпал етеді», – деді Илья Теренченко.
Қостанай облысы
Құрылтай депутаты Екатерина Смышляева туған жері Қостанайда Жастар сарайында жұртшылықпен кездесті. Ол президент жолдауындағы инфрақұрылымды дамыту бастамасы өңір үшін маңызы зор екенін айтты.
«Әлеуметтік нысандардың басым бөлігі 50-60 жыл бұрын салынған және медициналық көмектің, білім беру мен әлеуметтік қызмет көрсетудің қазіргі талаптарына сай келмейді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымының тозуы да бүгінгі таңда өте өзекті мәселе. Бұл желілерді пайдалану мерзімінің ұзақтығы мен оларға түсетін жүктеменің артуына байланысты. Елдімекендердің өзара байланысын қамтамасыз ету де маңызды. Қостанай облысының аумағы кең болғандықтан, жол сапасы халықтың тұрмыс деңгейіне, экономиканың дамуына да тікелей әсер етеді», – деді депутат.
Қызылорда облысы
Құрылтай депутаты Айдарбек Қожаназаров Қызылорда облысында «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ еңбек ұжымымен, бизнес өкілдерімен, жергілікті тұрғындармен кездесті.
«Бүгінде кәсіпкерлерге ең алдымен тұрақты әрі түсінікті жұмыс ережелері қажет. Біздің міндетіміз – әкімшілік қысымды азайту, салықтық реттеуді жетілдіру және бизнестің ұзақ мерзімді қаржыландыруға қолжетімділігін арттыру үшін қажетті заңнамалық негіз қалыптастыру. Қабылданатын шешімдер кәсіпкерлердің, соның ішінде өңірлердегі бизнестің нақты қажеттіліктерін ескеруге тиіс», – деді депутат.
Абай облысы
Депутат Айрат Базеновтің Абай облысында Шәкәрім университетінің студенттерімен және профессор-оқытушылар құрамымен кездесті. Ол Қазақстанда инклюзивті және арнайы білім беруді қажет ететін балалардың саны шамамен 237 мыңға жеткенін айтты. Мемлекет мұндай балалардың кедергісіз білім алуына, қатарластарымен бірге оқуына және жеке қажеттіліктеріне сәйкес барлық қажетті қолдауды алуына жағдай жасауға міндетті деді Айрат Базенов.
Сондай-ақ, Әлихан Бөкейхан университетінің еңбек ұжымымен өткен кездесуде Айрат Базеновке университеттің құрметті профессоры атағы табысталды. Депутат оқу орнында
25 жыл бойы жемісті еңбек еткен.
Жұмыс сапары аясында Айрат Базенов «Шығыс Қазақстан өңірлік электржелілік компаниясы» АҚ ұжымымен де кездесті.
Солтүстік Қазақстан облысы
Құрылтай депутаты Қайрат Айтуғанов туған жері Солтүстік Қазақстан облысында білім беру саласының өкілдерімен, С.М. Киров атындағы зауыт ұжымымен кездесті. Ол Солтүстік Қазақстан аграрлық аймақ екенін, мұнда шетелдік ауыл шаруашылығы техникалары көп қолданылатынын айтты. Ал олардың бөлшектерін өзге мемлекеттерден және басқа елдің валютасымен сатып алуға тура келеді.
«Сондықтан шаруалар бұл бағыттағы өндірісті ел ішінде дамытуды ұсынып отыр. Қосалқы бөлшектерді отандық кәсіпорындар шығаруға тиіс», – деді Қайрат Айтуғанов.
Ол Покровка ауылындағы Жәлел Қизатов атындағы жоғары ауыл шаруашылығы колледжінің оқытушыларымен де кездесті.
Ұлытау облысы
Құрылтай депутаты Дархан Ахмедиев Ұлытау облысында тұрғындарымен кездесті. 2022 жылы құрылған өңірде «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында жаңа білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет нысандарын салу жоспарланып отыр.
«Ұлытау облысының тумасымын әрі осында өсіп, оқыдық. Құрылтай депутаты ретінде өңірге алғаш рет іссапармен келіп отырмын. Кездесуде жақсы дүниелер айтылды, тұрғындардың пікірі ескерілді», – деді депутат.
Жамбыл облысы
Депутат Әбілхайыр Тамабек Жамбыл облысының тұрғындарымен кездесті. Ол осы өңірде дүниеге келген әрі Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болған. Депутат кездесуде өңірдегі су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне арнайы тоқталды.
«Жамбыл облысы жер асты суларын пайдалану көлемі бойынша республикадағы алдыңғы қатарлы өңірлердің бірі. Облыс аумағының үштен бір бөлігінде тұрғындар мен шаруашылық нысандары жер асты суын пайдаланады. Алайда бұл қор шексіз емес. Сондықтан су ресурстарын үнемді пайдалану және сақтау жолдарын қазірден бастап қарастыруымыз қажет», – деді Әбілхайыр Тамабек.
Шымкент қаласы
Құрылтай депутаты Бахадыр Нарымбетов Сайрам тұрғын алабының, Қаратау ауданының тұрғындарымен, перинаталдық орталықтың медицина қызметкерлерімен кездесті.
Жүзге жуық медицина қызметкері қатысқан кездесуде денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту, ана мен бала денсаулығын қорғау, медициналық қызмет сапасы және дәрігерлердің әлеуметтік жағдайы талқыға түсті.
Ол халықпен жүздескенде біржақты ақпарат беріп қана қоймай, елдің мұң-мұқтажын білуге, ұсыныстарды ескеруге және мемлекеттік саясаттың тиімділігін бағалауға болатынын айтты.
Батыс Қазақстан облысы
Депутат Снежанна Имашева туған жері Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды. Ол Қазақ инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінде оқытушылармен және студенттермен, «Ozge Epic» креативті хабында мәдениет қайраткерлерімен, мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт кешенінде спортшылармен және жаттықтырушылармен кездесті.
Ол Оралдағы облыстық тарихи-өлкетану музейі ғимаратының ескіргенін, мәселені «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында шешу қажет екенін айтты.
Түркістан облысы
Құрылтай депутаты Дихан Қамзабекұлы Түркістан облысының жұртшылығымен кездесті. Кездесулер Достық үйінде, Мәдениет үйінде, Ясауи университетінде, Туризм университетінде өтті.
«Түркістан халқы ой-ұсыныстарын жол-жөнекей көлігімізге жеткенше жеңімізден ұстап аманаттаумен болды. Бірі мектепті қалай сапалы етуді, екіншісі мемлекеттік сала мамандарын таңдаудың оңтайлы жолын, үшіншісі пошта қызметкерінің мәртебесін көтеруді, төртіншісі ауылда имамды тұрақтандыру жайы мен өңірдің «Ауыл ақсақалы»,
«Ардақты ана» жүйесіне пысықайларды емес, аузы дуалы, абыройлы ардагерлерді тартуды, бесіншісі жеке мектеп пен балабақшаны қатаң бақылауды, алтыншысы той-томалақ пен құдайы астың мақсатын, шығынын бірыңғай қалыпқа түсіріп, дарақылыққа жол бермеуді, жетіншісі сот шешімінен кейін жемқорлар мен алаяқтар тізімін ресми жариялау қажет екенін жеткізді», – деді Дихан Қамзабекұлы.
Шығыс Қазақстан облысы
Құрылтай депутаттары Ерлан Сайыр, Олжас Нұралдинов және Жұлдыз Данбаева Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды. Глубокое ауданында және Риддер қаласында өткен кездесулерде әлеуметтік және коммуналдық инфрақұрылымды дамытудан бастап, өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті қолдауға дейінгі өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.
Олжас Нұралдинов Риддерде электр орталығын жаңғырту жұмыстарын жеделдетіп, қалалық инфрақұрылымды ретке келтіру қажет екенін айтты.
Медицина саласында көп жыл еңбек еткен Жұлдыз Данбаева Риддерде жаңа аурухана мен емхана ашылғанымен, маман тапшылығы барын жасырмады.
Маңғыстау облысы
Ақтау қаласының тумасы депутат Аббат Өрісбаев Маңғыстауға жұмыс сапарында Жаңаөзен мен Ақтауда медицина қызметкерлерімен, өндіріс орындарының еңбек ұжымдарымен, білім беру саласы және этномәдени бірлестіктер өкілдерімен кездесті.
АЭС салу, Кендірлі әуежайын іске қосу, Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін кеңейту және Маңғыстаудың туристік әлеуетін дамыту бағыттарына назар аударылды.
Тоқетері…
Құрылтай депутаттарының алғашқы жұмыс сапары барысында өңірлерде білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, инфрақұрылым, су ресурстары, кәсіпкерлік және өндіріс салаларына қатысты мәселелер көтерілді. Кездесулердің тақырыптары әр өңірдің ерекшелігі мен тұрғындардың сұранысына қарай өзгеріп отырды.
Халықпен кездесу бір реттік ақпараттық науқанмен шектелмеуі керек. Тұрғындар көтерген мәселелердің шешілу барысы туралы кері байланыс та болуы қажет. Ендігі маңызды мәселе – осы кездесулерде айтылған ұсыныстар мен өтініштердің қаншалықты ескерілетіні. Депутаттар тұрғындардың мәселесін тыңдап қана қоймай, оларды шешу жолдарын қарастырып, заңнамалық бастамаларға ұластыруы керек. Өйткені халықпен кездесудің нәтижесі өткізілген жиындар мен қамтылған адамдар санымен емес, көтерілген мәселелердің нақты шешім табуымен өлшенеді.